«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жүйелі жұмыс нақты нәтиже береді

Жүйелі жұмыс нақты нәтиже береді
Ашық дереккөз
Шу ауданының қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген азаматтар аз емес. Солардың көш басында жүрген Жұмахан Чекаевты көпшілік осы күнге дейін ақпарат саласының өкілі ретінде танып келген. Ауданда алуан бағытта жұмысын дөңгелетіп отырған бірнеше үкіметтік емес ұйым тіркелген. Солардың қатары тағы бір қоғамдық ұйыммен толыққаны құптарлық іс. Соңғы жылдары Жұмахан Төлеуұлы «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігін ашып, жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Тарқатып айтар болсақ, аталған қоғамдық бірлестік 2022 жылдың желтоқсан айында құрылған болатын. Аталған қоғамдық ұйымның құрылуына не себеп болды? Осы жағына келейік. 2022 жылы қараша айында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығын дамыту, сонымен қатар отандық өнім – балық пен құс өсіру бағытына басымдық берілетінін айтқаны белгілі. Президенттің осы мақсаты Жұмахан Чекаевтың қадамына қанат бітіреді. Шу өзенінен балық аулап өскен азамат сол кезге дейін де балық шаруашылығын дамытуды ойластырып жүретін.

Сонымен құрамында 20 мүшесі бар бірлестік екі жылдан бері белсенді жұмыстарымен көзге түсуде. Атап айтқанда, форель балығын өсіру мен ауданда африкандық түйеқұстарды (Страус) өсіруді көздеп отыр. Бұл жұмыстардың алғы шарттары жасалып, аталған түйеқұстың 5 балапаны өсірілуде. Жұмахан Төлеуұлы шетелдік құсты шығынсыз қалай өсіру қажет, олардың қоректенуі, басқа да қажеттіліктері туралы зерделеуде. Түрлі тал егу, тал өсіру, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілік таныту да – бірлестік басшысының ұстанымына айналған іс. Біле білгенге балық аулау да – өнер. Қазіргі кезеңде бұл бағытты спортпен байланыстыра дамыту ісі де өркендеп келеді.

Табиғаттың тамырын тап басып, балықтың қармақты қабатынын немесе қаппайтынын нақты білген балықшылар жылдың үш мезгілінде де құмарын тарқатып жүретіні бар. Міне, осы тұста «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің жұмысы жарқырап көрініп келеді. Аты айтып тұрғандай, бұл балық аулау дегенде ас ішуді ұмытатын жандардың басын қосқан үкіметтік емес ұйым. Жұмахан Чекаев басқаратын бұл ұйым ең әуелі аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Нариман Абаймен, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен келісімшарт жасасқан. Мұнан соң Алматы қаласына арнайы барып Д.Қонаев атындағы Халықаралық қордың Президенті Эльдар Қонаевпен тізе қосып жұмыс істеу жөніндегі меморандумға қол қойып қайтқан. Құрылған сәтінен бастап, бұл бірлестік мүшелері тыным тапқан жоқ. Атаулы қоғамдық бірлестік құрылған жылдан бастап аса көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевты ұлықтау мақсатында Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығының ұйытқы болуымен жастар арасында балық аулау мәдениетін қалыптастыру, әуесқой балықшылар арасында өзара тәжірибе алмасу, жастардың табиғатқа деген жанашырлығын, табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында қыс айларында мұз үстінде балық аулаудан және жаз айларында тұрақты түрде аудандық турнирлер өткізілді. Сонымен қатар, қоғамдық бірлестік «KazAquaAlliance» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Найла Қондыбаевамен, «Эльдарадо» балық шаруашылығының жетекшісі Еркін Ойшиевпен әріптестік байланыста.

«Біз осы қоғамдық бірлестіктің белсенді мүшесіміз. Ұзақ жылдан бері балық аулаймыз. Қоғамдық бірлестікке үлес қосу арқылы табиғаттың тазалығы мен болмысын сақтауға да пайдамыз тиіп жатыр деп ойлаймын», – дейді балықшы Мархабек Райымбеков.

– Жақында әуесқой балықшылар арасындағы жарысты Жуалы ауданы, Ащыбұлақ су қоймасының басында өткіздік. Ол да балықшыларға біраз серпіліс сыйлады. Алдағы уақытта балық өсіру де жоспарымызда бар. Ал, қазір ұйымдастыру жұмыстарында жүрміз. Қоғамдық бірлестік өзінің белгілеген жоспары бойынша жақсы жұмысымен көзге түсуде. Табиғатты аялау – жұмысымыздың ажырамас бөлшегі. Жұмысымызға жас балықшыларды да тартып, оларды кәсібилікке тәрбиелемекшіміз», – дейді Жұмахан Төлеуұлы.

Балық шаруашылығын дамыту қажетті жұмыстың бірі. Оған біз «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігінің нәтижелі жұмысынан көз жеткіздік.

 

Есет ДОСАЛЫ

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар