Әділ іс– міндет, адал еңбек–парыз

Әділ іс– міндет, адал еңбек–парыз
Ашық дереккөз
Кәсіподақ ұйымы қай кезеңде де маңызы мен салмағын жойған емес. Бұл ұйымның мақсаты – қызметкерлер мен еңбек адамының құқығын қорғау, кейбір мекеме басшыларының әділетсіздігі мен заңға қайшы іс-әрекеттеріне жол бермеу. Бұл бағытта Шу ауданында да елеулі жұмыстар жүргізіліп отыр. Ауданда кәсіподақ мүшелерінің көпшілігі – мұғалімдер мен білім мекемелерінің қызметкерлері. Сондықтан білім саласындағы жарқын жұмыстар мен өзекті мәселелерге назар аудармақпын.

Мұғалімнің мерейін өсіріп, мәртебесін көтеруге бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылданғанына биыл бес жыл болды. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі» деген ақын Мағжан Жұмабаевтың аталы сөзін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайта тірілтіп, 2019 жылғы 30 желтоқсан күні «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойды. Адам баласының ұстаз алдындағы құрметін ештеңемен өлшеуге болмайды десек те, «Заң мұғалім мәртебесін көтере алды ма, түйткілі көп білім саласының түйіні тарқатылды ма?» деген сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Заң күшіне енген күннен бастап саладағы барлық түйткілдің түйіні тарқатылып кетеді деп ойлағандар да болды. Алайда, мұғалімнің мәртебесін көтеру кешенді жұмысты қажет ететіні анық. Мұндайға ең алдымен педагогтің өзі, өмір сүріп отырған ортасы, қоғам мен мемлекет дайын болуы тиіс. Ең негізгісі – қоғамдық көзқарас қалыптасуы керек. Өйтпеген жағдайда заң бар болғаны заңды күші бар құқықтық құжат болып қала береді.

Мәселен, білім мен ғылымы қарыштап дамыған Финляндия мен Жапонияда мұндай заң жоқ деседі. «Сэнсэйдің көлеңкесін басуға болмайды» деген бір ауыз сөзбен жапондар мұғалім мен мұғалімдік мамандықты төбесіне көтеріп, құрметтейді. Қоғамдық көзқарас қалыптасуы керек дегенім де сондықтан. Бұл сөзді мұғалімдердің құқығын қорғайтын, еңбек заңдылықтарының сақталуына бақылау жасайтын бірден-бір қоғамдық ұйым – кәсіптік одақтың өкілі ретінде ғана емес, алды студент атанса, кейінгілері мектеп партасында отырған оқушының ата-анасы ретінде көріп, білетін болған соң айтып отырмын. Макаренконың жолын қуған, ата-аналар баласын іздеп жүріп беретін, ұстаз болып жаратылған мықты, талантты мұғалімдерді білемін. Мұндай мамандарға мәртебені ресми заңдастырып берудің қажеті жоқ.

Яғни, педагог кәсіби, біліктілігі жоғары, өзіне сенімді, мамандығын, балаларды жан-тәнімен сүйетін болса, оның беделді болуына еш кедергі кесе көлденең тұра алмайды деген ойды жеткізгім келеді. Сонымен жаңа қабылданған заң педагогтерге қандай мүмкіндіктер берді? «Педагог мәртебесі туралы» Заң 2021 жылдың қыркүйегінен бастап орта білім мекемелеріндегі педагогтердың нормативтік оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа төмендетті. Мұғалімнің демалысын ұзартып, еңбекақысын көбейтті.

Сонымен қатар заң халықаралық олимпиада, түрлі байқау және спорт жарыстарының жеңімпазын даярлаған педагогті марапаттау, ауылдық жерде тұратын мамандарға жер телімін алуда басымдық беру, жоғары оқу орнынан басқа білім беру мекемелеріндегі ұстаздарды әскерге шақыруды кейінге қалдыру, мұғалімдерді қызметіне қатысы жоқ шараларды атқаруға міндеттегені үшін айыппұл салуды қарастырған. Педагогтердің мәртебесін айқындап берген заңда «Педагог» ұғымының мәні кеңейтілді, кәсіби ізденісі мен біліктілігін арттыруға бағытталған тетіктер мен әлеуметтік қолдаулар нақтыланды. Заңның негізгі басымдықтары ретінде әлеуметтік қолдауларды айтсақ болады. Яғни, барлық педагогтердің сапалық құрамын арттыру үшін өткен 4 жыл ішінде жалақыны екі есе арттыру көзделген және ол жүзеге асты.

Мәдениет және спорт саласындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының және әскери оқу орындарының педагогтеріне магистр дәрежесі үшін 10 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы қарастырылды. Білім беру ұйымына алғаш рет келген жас мұғалімге тәлімгер бекітілгенін де ерекше атап өтуге болады.

Сонымен қатар, педагогтерге сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін қосымша екі есе мөлшерде ақы қарастырылған. Заңда мұғалімнің құқықтық қорғалуы және оларды кәсіби қызметінен тыс жұмыстарға тартпау тетігі де ұсынылды. Яғни, заң педагогті барлық параметрлер бойынша қолдауға бағытталған. Бірақ кез келген заң бірден мінсіз болып қабылданбайды және бірден толыққанды жүзеге аспайды.

Осы орайда, облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті салалық кәсіподағының өкілдері заң қабылданып, одан кейінгі тиісті нормативтік база әзірленгенде жұмысшы топтардың қатарында болып, белсенді жұмыс атқарды. Осы орайда біз, кәсіподақ ұйымының өкілі, еңбек адамының жанашыры ретінде педагогтердің көкейінде жүрген кейбір өткір мәселелердің назардан тыс қалып қойғанын ашық айтумен болдық. Мәселен мұғалімге 25-30 жылда зейнетке шығу мүмкіндігін беру, емделу жәрдемақысының 1 емес 2 еселенген жалақы көлемінде болуы, ауыл ұстазына отын үшін берілетін үстемақы мөлшерінің төмендігі сынды мәселелер үлкен мінберлерде жиі-жиі көтерілді. Аталған мәселелер де кезең кезеңімен, рет-ретімен шешіледі деген үміт әлі де бар. Азаматтық қоғамның белсенді институты ретінде жергілікті кәсіподақ ұйымы да өткен 5 жылда «Жаңа Қазақстан – Жаңа кәсіподақ» тұжырымдамасы аясында бірқатар бастамаларды жүзеге асырды.

Біздің аудандық ұйымда жұмыс істеуге икемді құрылым, сапалы кадр, ақпараттық және қаржылық ресурстар қалыптасқан. Кәсіподақ комитеті өзінің негізгі жарғылық міндеттері – сала еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделерін қолдап, қорғаумен қатар, қосымша әлеуметтік-мәдени, материалдық мүмкіндіктер, тегін заң кеңесін көрсету мен қолдау, лайықты еңбек пен тұрмыстық жағдай жасауға ықпал ету жұмыстарын жоспарлы түрде жүргізіп келеді. 2024 жылғы 1 қаңтардағы cтатистикалық есеп бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны – 89. Ал ондағы мүшелер саны 5453 адамды құрайды.

Барлық деңгейдегі кәсіподақ органдарының ерекше басымдық беруі тиіс жұмыс бағыты – кәсіподақ мүшелерін құқықтық қорғау. Тегін әрі білікті құқықтық қызмет көрсету арқылы кәсіподақтың қорғау және өкілеттік ету қызметін жүзеге асыру, сала қызметкерлерінің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру, олардың алдын-алу ғана емес, сондай-ақ кәсіподақ мүшелігіне ынталандырудың өте тиімді факторы болып табылады.

Есепті мерзімде аудандық комитетке кәсіподақ мүшелерінен 4 жазбаша өтініш түсіп, жеке қабылдауда 349 адам болды.

Олардың басым көпшілігі әлеуметтік әріптестік негізінде жұмыс берушілерге тиісті ұсыныстар беру, келіссөздер жүргізу арқылы, қолданыстағы заңдылықтар мен ұжымдық шарттардағы талаптарды басшылыққа ала отырып оң шешімі табылды.

Осы мерзімде кәсіподақтық инспекция қызметкерлерімен сотқа 2 материал дайындалып, 1 кәсіподақ мүшесіне сотта тегін өкілеттік қамтамасыз етілді және 1 материал сотқа жолдануда.

Кәсіподақ заңгерлері тікелей қатысқан азаматтық істердің басым көпшілігінде, сот органдарының шешімдері сала өкілі – кәсіподақ мүшесінің және Кәсіподақтың пайдасына шешілуде.

Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделеріне қатысты арыз-өтініштер мен шағымдарды қабылдау тиісті деңгейде жүзеге асырылуда және қосымша электрондық пошта мен әлеуметтік желідегі Facebook және WhatsАpp парақшалары арқылы жүргізілуде.

Ал, 2024 жылдың басынан бері еңбек заңдылығының орындалуын бақылау мақсатында құқықтық қызметтің заңгерлерімен барлығы 35 тексеру жүргізілді. Тексерулердің нәтижесінде еңбек заңдылығы талаптарын бұзудың 79 жағдайы анықталды. Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша ұйым басшыларына жазбаша ұсыныстар жіберілді. Аталған ұсыныстардың орындалуы, тексеру объектісінен растайтын құжаттармен жауап алу бақылауға алынды.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта 281462 теңге көлеміндегі ақшалай қаражат қайтарылып, төленді.

Әлбетте, аудандық комитет сала еңбеккерлерінің тынығуына, демалысы мен бос уақытын қызықты да мазмұнды өткізуіне, рухани дамуына, кәсіби шеберлігінің ұшталуына баса назар аударады.

2024 жылы білім бөлімімен бірлесе, аудан мұғалімдерінің дәстүрлі Тамыз кеңесін, «Еңбек күні», «Кәсіподақтар күні», «Мұғалім күні», «Республика күні», «Тәуелсіздік күні» сынды мерекелерді атап өтумен байланысты іс-шаралар ұйымдастырылады. Кәсіподақтың аудандық ұйымы әлеуметтік әріптестік, құқықтық қорғау аясындағы жарғылық міндеттермен қатар сала өкілдерінің құқықтық сауатын арттыру, ақпараттық-имидждік жұмысты жетілдіру, еңбек қауіпсіздігі шараларын күшейту, жастармен жұмыс, сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, демалдыру мен рухани қолдау шараларын жоспарлы түрде жүргізеді.

Сауықтыру шараларымен биыл 800 сала қызметкерлері – кәсіподақ мүшелері және олардың отбасы өкілдері қамтылды.

Сондай-ақ,Түркістан тарихи-танымдық саяхатына, Алакөл, Ыстық көл жағалауларына сала өкілдері сауықтандырумен қамтылып отыр.

Бұдан бөлек, аудандық комитет ұзақ емделуді қажет ететін кәсіподақ мүшелеріне өз өтініштері мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының шешіміне сәйкес қайырымдылық көмек те көрсетіп тұрады.

Аудандық білім бөлімімен бірлесе отырып жаңа оқу жылының басталуы мен ұстаздардың кәсіби мерекесінде оқу жылында табысты еңбек етіп, нәтижелі жұмыс көрсете білген үздік білім мекемелері мен білікті ұстаздарды ынталандыру дәстүрі бар. 2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін аудандық Тамыз кеңесінде және Мұғалімдер күні мерекесінде «Үздік мектеп» аталымдары бойынша жеңімпаз атанған білім беру ұйымдары мен бірқатар озат ұстаздар марапатталады.

Ойымды қорытындылай келе айтарым, бүгінгі мұғалім жылдам дамып келе жатқан қоғам мүддесіне сай қызмет етуі тиіс. Кәсіби біліктілігін жетілдіріп, ұстазға тән қасиеттің барлығы бойынан табылып тұрса, ешкім ол мұғалімге мін таға алмайды. Сондықтан мұғалімдерге өз мүмкіндіктерін кеңінен көрсете білетін кедергісіз ортаны ел болып, қоғам болып ұсына білуіміз керек.

Осы ретте, білім беру жүйесіндегі еңбек қатынастарына, педагогикалық ұжымдардағы моральдық-психологиялық ахуалға тікелей әсер етуші бірнеше түйткілге назар аударсам деймін. Ең алдымен ҚР Еңбек кодексіне жалақы мөлшерін жыл сайынғы инфляция мөлшеріне индексациялау туралы норманы қайтару керек.

Сондай-ақ, кез келген жалақының негізгі құрамдас бөлігі болып саналатын бюджеттік салада қосымша, үстеме, көтерме ақылары есептелетін, 2015 жылдан бері мүлдем өзгермеген 17 697 теңгені құрайтын базалық лауазымды айлық мөлшерін ұлғайтудың маңызы зор.

Сонымен бірге педагогтерді конкурстық негізде жұмысқа қабылдауды жетілдіре түсу керек. Себебі, қолданыстағы ереже білім саласына келетін жас мамандарға қолайлы болмай тұр. Бағалау критерийлері нақтылауды, қосымша регламенттеуді қажет етуде. Ал, мекеме директорларына берілетін санат 3 жылға ғана жарамды, ал педагог үшін 5 жыл. «Неге теңестірмеске?» деген заңды сауал түсуде. Біз оны қолдаймыз.

Осы аталған түйткілдердің барлығы министрлік деңгейіндегі нормативтік актілер, яғни бұйрықтар, қаулылар, ережелер мен нұсқаулықтарды қайта қарауды талап етеді. Біз де өз тарапымыздан биыл қабылданған «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының 2024-2029 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында аталған мәселелердің оң шешілуіне ықпал ететін боламыз. Себебі, мұғалімге жасалған қамқорлық сый да емес, әлеуметтік жәрдем де емес, ол – өркениетті қоғамның даму салты, қоғамымыздың келешегі үшін мұғалімнің алдына қойылған талап пен жауапкершілікті еселеп арттыратын қозғаушы фактор.

 

Аида БЕКМУРЗИНА,

аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы

Шу ауданы

Ұқсас жаңалықтар