ӘБУ АБДАЛЛАҺ ӘЛ-БАЛАСАҒҰНИ
Ортағасырлық тарихшы Йақұт әл-Хамауи ар-Руми қала туралы Әбу Саъд ас-Саманидің «Сейхун өзенінің арғы жағындағы Қашқарға жақын түркілердің шекаралық уәлаятындағы қала» деген мәліметін растап, осы шаһардан бір топ зиялылар шыққанын айтып өтеді. Соның бірі «ат-Түрік» деген атпен белгілі болған Әбу Абдалла Мұхаммед ибн Мұса әл-Баласағұниге тоқталады.
Көрнекті дін өкілі Әбу Абдаллаһ Әл-Баласағұни шариғат заңы бойынша маманданып, Құранға түсіндірмелер жазуға, Мұхаммед пайғамбар жайлы әңгімелерді сұрыптауға араласқан. Арабтық қолжазбалардағы деректерге сүйенсек, Баласағұни білімін Бағдатта жалғастырып, қази Әбу Абдаллаһ әл-Ханафиден дәріс алған. Араб тілі мен әдебиетін, тарихы мен философиясын жақсы меңгерген. Араб жұртына «ат-Түрік» деген атпен бегілі болған. Иерусалимнің, Шам шаһарының сот мекемелерінде қызмет атқарған. Ол белгілі бір мәселе бойынша үкім шығарып, билік айтуға ақыл мен аналогияға иек арту жөн деген Әбу Ханифа мазһабын қуаттады. Баласағұни шығармалары туралы мағлұматтар жоқтың қасы. Қай жерде дүние салғаны да беймәлім.
АЙЙУБ ӘЛ-БАЛАСАҒҰНИ
Бұрындары баласағұндық Жүсіп Баласағұниді ғана білсек, сосын Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің «Муъджам әл-булданында» («Елдер жайлы анықтама») тағы бір баласағұндық ғалым, дін қайраткері Аййуб бин Ахмад ибн Аййуб әл-Баласағұни жайлы айтады. Ол шамамен ХІІ ғасырда өмір сүрген. Өз аты Аййуб, әкесінің ныспысы – Ахмад, бабасының есімі Аййуб, яғни ғалымға Аййуб пайғамбардың атын алған бабасының есімі берілген. Осыдан-ақ олардың ата-бабаларының зиялы қауымнан шыққаны көрініп тұр.
Алмалықта туып, моңғол нояндарының бірінің баласын тәрбиелеп, сарай ісіне араласып, тәрбиеші әрі саяхатшы ретінде танылған Жамал Қарши Аййуб жайлы Алмалықтағы патша сарайы өмірін сипаттағанда әңгімелейді. Ол Алмалық әміршілерінің де тарихын сөз етумен қатар, сарайда тұрған түрлі мемлекет және қоғам, руханият, мәдениет, ғылым қайраткерлерін саралайды. Солардың ішінде, автор баласағұндық Аййуб әл-Баласағұниге үлкен баға беріп, өзінің ұстазы екендігін айтады. Баласағұн ғұламасын ол ұстазым, қорғаным, «иман мен діннің ұстыны» деп жазады. Соған қарағанда Аййуб ибн Ахмад әл-Баласағұни өз заманының терең ойлы, аса білімді жан ретінде танылып, Құран мен пайғамбарымыздың хадис шәріптерін, фиқһ ілімін жақсы білген, әрі білгенін жұртқа үйретіп, шын мәнінде ұстаз деген атқа лайық болған парасат иесі болған көрінеді.
ИМАМ МҰХАММЕД БАЛАСАҒҰНИ
Баласағұн туралы бүгінгі күнге көп мәлімет М.Х.Дулати арқылы жеткен. Ол өзіне дейінгі ғалымдардың еңбегінде кездескен құнды деректерді жазып алып, өз заманымен салыстырып отырған. Өз еңбегінде ол Баласағұн жайында: «Моғолстанда басқа да көптеген қалалар болған. Биік ғимараттардың кейбірінің іздері ғана сақталып, онша бүліне қоймаған. Шуда бір үлкен қаланың ізі бар, бірнеше жерде мұнаралары, күмбездері, медреселері сақталған. Ол қаланың атын ешкім білмегендіктен моңғолдар оны мұнара деп атайды. Сол жерде және бір күмбез бен бір тас тақта бар. Сол тас тақтада насх жазу түрімен мына сөздер қашалып жазылған. «Бұл қабір ұлы ғұлама имам Мұхаммед фақиһ Баласағұнидың мазары. Ақиқатты іздеуші, өз бойына ертеден келе жатқан, әрі ақыл мен ақиқатты танып білуді жинақтаған шейх дүниетану заңдылығының негізі мен салаларының білгірі еді. Ол һижраның 711 жылы (1311-1312) қайтыс болған. Мұны жазған Омар Қожа Хаддад» деп жазады.
Шу бойынан кесенесін көрген М.Х.Дулати бұл қай Баласағұни екендігін, Жамал Қарши жазған Аййуб әл-Баласағұни ме, жоқ әлде Йақұт әл-Хамауи ар-Руми еңбегінде айтылған Әбу Абдалла әл-Баласағұни ме белгісіз. Өйткені, Дулати заманынан бүгінгі күнге дейін кесенені былай қойғанда, шаһар орнын да дөп басып анықтау мүмкін болмай тұр.
Екі жүз жылдан кейін Жамал Қарши еңбегіне қосымша жазған Мұхаммед Хайдар Дулати: «Менің әкем Баласағұн хафиздеріне жататын» – дей келе, әр қаладан шыққан ғалымдардың есімдерін атаған. Ол самарқандтық он шақты ғалымды тізбектейді. Бірақ, Баласағұннан шыққан соншама көп ұлылар мен ғалымдарды санап, олардың кейбіреулері туралы әңгіме де келтіреді, осы ғалымдардың барлығы бір қалада, бір заманда өмір сүргеніне қайран қалады. «Қазіргі кезде олар туралы Баласағұнда еш нәрсе мәлім емес. Сондай-ақ, мен шаһардың ескі атауы Қаралық деген жер туралы да ештеңе ести алмадым» деп үстеп қояды. Өкінішке қарай, М.Х.Дулати оқыған Жамал Қаршидің аталмыш еңбегінің үлкен бөлігі күні бүгінге дейін табылмаған. Егер ғайыптан табыла қалса, Баласағұн сияқты қалаларымыздан шыққан талай ғалымдар жайлы мол деректерге кенелер ме едік?!
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлады
- 26 желтоқсан, 2024
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді