Кезекті рет оқу-жаттығу жиынына өтушінің бірі – Тахир Уразбах. Бүгінде шымкенттік азамат жеке көлік компаниясының директоры. Ол Макаров тапаншасынан алғашқы үш сынақтан 26 ұпай жинады. Бұл – оның атыс дайындығының жоғары деңгейін көрсетіп, оның атыс кезінде осал еместігін бірден байқатты. Шынында да, запастағы майор Уразбахтиннің әскери қызметте жиырма бір жылдық тәжірибесі бар. Ол – кадр офицері. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген Тахир бақандай жиырма жылын Қазақстан Қарулы Күштері қатарында әскери қызметке арнаған. Десе де, келісімшарт аяқталғаннан кейін ол отбасылық жағдайларына байланысты әскери қызметтен қол үзеді.
– Бұл менің алғашқы полигоным емес. Бұған дейін, сан мәрте далада түнедік. Бір қызығы, дәл осындай оқу-жаттығу жиындарында біздің бойымызда жауынгерлік рух пайда болады. Менің ойымша, әрбір офицер, әсіресе әскери қызметті атқармағандар міндетті түрде атыс дайындығынан өтуі керек. Өйткені, әр адам өз Отанын қорғауы тиіс, – дейді Тахир.
Жалпы, бұл жиынға қатысушылар арасында майор Уразбахтин сияқты кадрлық офицерлер көп болғаны рас. Әскери саладағы қызметін абыроймен аяқтаған олардың барлығы мұндай жиындарға қатысуға қуана-қуана келісімін берген. Өйткені, бұл жігіттердің әрқайсысы әскери өнерді сақтап, уақыты келгенде оны жаңарту қажеттігін жақсы біледі. Мәселен, запастағы капитан Ришжон Кәрімбаев, аға лейтенант Бексұлтан Жандарбеков және лейтенант Абылай Сейлханмен тілдескенде біз осыны анық аңғардық. Сондай-ақ, шақырылғандардың қатарында әлі тәжірибесі толыспаған офицерлер де болды. Әскери кафедраларды сәтті тәмамдаған азаматтар оқу-жаттығу жиындарының зор пайдасы барын жеткізді.
– Біз офицерлік шендерімізге сай болу үшін міндетті түрде әскери даярлықтан өтуіміз керек. Осы себепті, мұндай жиындарға қатысу қажеттілігін дұрыс қабылдадық. Армия жағдайында және әскери форма киіп жүретін де бір ай бізге мол тәжірибе жинақтауға көмектеседі, – деп сендірді трансформатор зауытында оператор болып жұмыс істейтін запастағы аға лейтенант Қайырхан Әбілқасым.
Атап өтейік, отыз күндік жиын барысында запастағы офицерлер атысқа кіріспес бұрын қарудың тактикалық және техникалық сипаттамалары, атыс ережелері туралы білімдерін жаңартқан. Мұнда оларға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының офицерлері, сондай-ақ 5-ші механикаландырылған бригаданың келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметшілер қатарындағы кәсіби нұсқаушылар көмектескен.
– Әскери қызмет тәжірибесінің болуына немесе оның болмауына қарамастан, атыс даярлығы бойынша сабаққа шықпас бұрын қойылатын бірыңғай талаптар бар. Алдымен теория, содан кейін ғана сынақ жүргізіледі. Атыс кезінде қауіпсіздік шаралары айрықша назарға алынады. Жалпы, мұндағы барлық офицерлер – әлеуеті жоғары командирлер екені белгілі. Егер олар күндердің күнінде қатарға тұруға мәжбүр болса, бұл жігіттер жас әскери қызметшілерді даярлаумен айналысатын болады. Сондықтан, запастағы офицерлер атыс дайындығының кезеңдерін сапалы меңгеріп, ату дағдыларын шыңдауы керек, – деді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыру-мобилизация басқармасының бастығы полковник Медет Сағындықов.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді