«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Халық пен нарық: мектепке дайындықтың машақаты көп

Халық пен нарық: мектепке дайындықтың машақаты көп
Ашық дереккөз
Оқу жылының басталуына да санаулы күндер қалды. Жаз бойы оқушыларын демалысқа жіберген мектептер іші-сыртын жаңартып, жөндеуден өткізіп, Білім күнінде балаларын күтіп алуға дайындалып жатқаны секілді ата-аналар да қазір қауырт әзірлік үстінде. Қыркүйек айы жақындағанда, сауда орындарында аяқ алып жүруге мұрша болмай, әбден абыр-сабыр басталатыны жылда айнымай қайталанып келе жатқан үрдіс. Осындай қарбаласқа түсіп қалмау үшін қолына аз да болса қаржы түскен ата-аналар ертерек баласын мектепке дайындауға асығады. Ал, сіз балаңызды мектепке дайындап үлгердіңіз бе?..

Саудадағы баға нарқы да уақыт өткен сайын көтерілмесе, түскен емес. Әсіресе, жаңа оқу жылы жақындағанда мектеп құралдары мен оқушының формалары, сөмкелері бұрынғысынан қымбаттай түседі. Себебі, алушының артатыны белгілі. Баласы үшін қарызданса да ата-ана табатыны тағы анық. Осыны білген саудагерлер де ұтымды уақытты пайдаланып қалуға ұмтылады. Биыл мектеп формалары, оқу құралдары мен оқушының сөмкелері қанша теңгемен бағаланып жатқанын саралап, Тараз қаласындағы бірнеше сауда орындарын аралап көрдік.

Оқушы қыздардың ақ түсті кеудешесі сапасына қарай 2500 теңгеден басталады, орташасы 5000 теңге. Ал ұлдардың ақ көйлегі де 2500 теңгеден басталады, орташасы 9000 теңге. Көк, қара түсті пиджагтардың сапалы, түркиялық түрлері 17 мың мен 25 мың теңгенің аралығында сатылып жатыр. Ұлдардың шалбары 10-17 мың теңге болса, қыздардың шалбары 13 мың мен 18 мың теңгенің аралығында, ал белдемшесі сапасына қарай қырғызстандық – 6-7 мың теңге, түркиялық – 13-17 мың теңгеден. Жилеттің өзі 10 мың мен 13 мың теңге аралығында сатылуда. Спорттық костюм де сапасына байланысты 15 мыңнан басталып, 20 мың теңгеге дейін барады. Ұлдардың да, қыздардың да туфлиі 10 мыңнан басталып, тіпті таза былғарыдан тігілгендерінің бағасы 40-50 теңгеге дейін жетеді. Әрине, жасөспірім бала жылдам өсетіндіктен, аса қымбат аяқкиім алудың тиімсіздігін ескерген ата-аналар 10-15 мың теңге аралығындағы бәтеңкелерді сатып алып жүр. Крассовкидің бағасы да 10 мың теңгеден басталып, сапасына қарай жоғарылай береді. Бастауыш сынып оқушыларына арналған сөмкелер 6 мың теңгеден басталса, жоғары сыныптағыларға лайықтыларының ең арзаны 8 мың теңге. Оқу құралдарына келсек, жай дәптердің ең арзаны «Ауыл береке» базарында 23 теңге, көп данасын алатындарға 15 теңгеден беретіндер табылып қалады. Қалың дәптер сапасы мен парақ санына қарай 150 теңгеден 350 теңгеге дейін барады. Біз барғанда 2-ші және 3-ші сыныпта оқитын ұлы мен қызына оқу құралдарын алып жатқан тұрғын барлық кеңсе тауарлары үшін 18 мың теңге төлегенін көрдік. Бұл сомаға 40 жай дәптер, екі баласына бір-бірден сызғыш, ұштағыш, өшіргіш, жай қалам мен түрлі түсті қалам және 5 данадан қаламсап, пластилин тақтасымен, акварель бояуы су құятын ыдысымен, замазка, сурет салуға арналған дәптер, түрлі-түсті қағаз, кітап және дәптер қаптары мен күнделік сатып алды.

Көп ішінде әлі балаларын мектепке дайындай алмай жүрген көпбалалы ана бізге мұңын шақты.

– Шүкір, бес балам бар. Үшеуі мектепке, екеуі балабақшаға барады. Балабақшаның өзіне ата-ана апаруы тиіс кеңсе тауарларының тізімін жазып берген, әлі алуға шамам жетпей жатыр. Ол тізімде 2 қорап пластилин, 6 түсті акварель бояулары, көшірме қағазының түрлі түстісінен бір бумасы және ақ түстісінен 100 данасы, ламинатқа арналған парақтан 10 дана, баланы дамытатын тақта ойыншығы, ұштағыш, скотч, желім, магнит, файл парағының 10 данасы, ақ футболка, қара шорти, чешки және жабылатын папка бар. Екі баланың әрқайсысына осылардың бәрін түгендеп апаруым керек. Бұның бағасының өзі біразға барайын деп тұр. Отағасымыз о дүниелік болған. Қазір балалардың жалғыз асыраушысы өзіммін. Отбасылық жағдайына байланысты мемлекеттен көмек алатындарға баласын мектепке дайындауға берілетін 43 мың теңге жәрдемақыға құжат тапсырып едім, жалақым жеткілікті болып шығыпты. Қолыма алатын жалақым 200 мыңға да жетпейді. Қазіргі нарықтың қымбатшылығы бәріне белгілі, енді балаларымды мектепке дайындай алмай отырмын. 1 қыркүйекке дейін әр жалақымнан там-тұмдап алып қалып жинағандарыммен әр балама тек ақ көйлек, қызыма белдемше, ұлыма шалбарын ғана, оқу құралдарынан да тек ең негізгілерін әперермін деп отырмын. Ал, спорттық костюм мен аяқкиімді екеуара біреуден алып, алмасып киеді, басқа амалым жоқ, – дейді тұрғын Әлима Байхалыққызы.

Осы тұста атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларындағы оқушыларға Жалпыға бірдей білім беру қорынан берілетін жәрдемақы туралы да айта кетейік. Жақында ғана Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте мәлімдеме жасаған Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова биыл Жалпыға бірдей білім беру қоры еліміздің 500 мыңнан астам баласын қамтығанын айтқан болатын. Бұл жәрдемақы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы мектеп оқушылары мен жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына және жетім балалар мен төтенше жағдайға тап болған отбасылардың балаларына беріледі.

– Оқу-ағарту министрлігі ата-аналардың есепшоттарына қаражат аудару арқылы көмек көрсету тетігін жетілдіру шараларын қабылдады. Бұл ата-аналар мен балаларға киім-кешек пен мектепке керек-жарақтарды өз қалауымен таңдауға мүмкіндік береді. Осы арқылы сапасыз тауарларды алуға жол берілмейді. Қазіргі таңда әрбір білім алушыға киім, оқу құралдарын сатып алуға арналған ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен емес мөлшерде − 43407 теңге қаражат белгіленген. Соңғы үш жылда материалдық көмек көлемі 2,5 есеге, яғни 17 мыңнан 43,5 мың теңгеге дейін өсті. Қазір аймақтарда оқу құралдары мен қажетті тауарларды сатып алу үшін қаражат аударылып жатыр. Осы уақытқа дейін 77,8 мыңнан астам баланың ата-анасының есепшоттарына 3,4 миллиард теңгеден астам қаражат аударылды, – деді Насымжан Жамбекқызы.

Алайда, біз зерделеген сауда орындарындағы баға нарқына қарағанда бір оқушыны мектепке дайындауға 43 мың теңге жетпейді. Осы қаржының жеткенінше орташа бағамен бастауыш сыныптың ұл баласына жұмсауды есептеп көрейік. Ақ көйлек – 4000 теңге, пиджак пен шалбар – 18000 теңге, сөмкесі – 7000 теңге, бәтеңкесі 8000 теңге, оқу құралдарын 6000 теңгеге алғанда 43 мың теңге болады екен. Ал, спорттық костюм мен крассовкиін алмаса, дене шынықтыру сабағына қалай қатысады? Жилет, галстук, шұлық секілді майда-шүйделері тағы бар. Күз артынан қыс келеді. Қыстық сырт киімдердің бағасы да өз науқанында өзгеріп сала береді. Міне сондықтан, көпбалалы ата-аналар көбіне кейбір киім-кешектерді, тіпті сөмкені де балаларына екеуара біреуден алуға мәжбүр.

Көмекке мұқтаж отбасыларына арналған акцияларды да айта кетейік. Мысалы, «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өткізіледі. Бұл туралы облыс әкімдігінің білім басқармасынан сұрадық.

– Аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу үшін әлеуметтік көмек көрсету мақсатындағы акция облыста өткізіліп жатыр. Акцияны өткізу бойынша өңірлік іс-шаралар жоспары әзірленіп, облыстық, аудандық, қалалық ұйымдастыру комитеттері құрылды. Акцияны өткізуге ат салысуға аудандар мен Тараз қаласының әкімдеріне, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына хаттар жолданды. Акция аясында өткен жылдың 1 тамыз бен 30 қыркүйегі аралығында жекелеген санаттағы 4127 балаға 131 миллион 294 мың теңгеге демеушілер есебінен көмек көрсетілген болатын. Білім басқармасында 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін ата-аналардың өтініштерін қарастыру мақсатында «жедел желі» (43-88-32, 43-88-25) телефондары жұмыс істейді. Осындай «жедел желі» телефондары барлық білім бөлімдерінде де қызмет етеді. Акцияға қатысуға ниет білдірген барлық азаматтар білім бөлімдеріне хабарласып, көмекке мұқтаж балалардың тізімін ала алады, – дейді басқарма басшысының орынбасары Ләззат Кзылкулова.

Amanat партиясының облыстық филиалы да «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясындағы «Баланы мектепке даярлайық!» атты жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясын 12 тамызда бастайды. Биыл бұл партия мүшелері 3 мыңнан аса баланы мектепке дайындауды жоспарлап отыр. Өткен жылы облысымыздың 3370 баласын 126 миллион теңгеге мектепке дайындаған. Тек осындай қайырымдылық акцияларының қайырын шын мұқтаждар көрсе игі. Қайткен күнде де ешбір бала өз жасына лайық білім мен тәрбие алудан қалыс қалмауы керек.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Ұқсас жаңалықтар