«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Буллинг бей-жай қарайтын мәселе емес

Буллинг бей-жай қарайтын мәселе емес
Ашық дереккөз
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде балалардың 17,5 пайызы мезгіл-мезгіл буллингке ұшырайды екен. Cауалнамаға қатысқан жасөспірімдердің 6,8 пайызы айына 2-3 рет айналасындағылардың тарапынан оларға қарсы қоюды және қорқытуды бастан кешіреді, 11-15 жастағы балалардың 14,1 пайызы өз құрдастарына қатысты буллингке қатысқанын мойындаған.

Мұндай деректер министрліктің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы жүргізген оқушылардың өз денсаулығы мен әл-ауқатына қатысты мінез-құлқын бағалау және мониторингілеу бойынша ұлттық зерттеу нәтижесінде анықталған.

Сауалнама барысында анықталғандай, ұлдардың арасындағы буллингке қатысу көрсеткіштері қыздарға қарағанда жоғары. Буллингке ұшырағандарының ең жоғары үлесі 11 жастағы балалардың арасында болады және олар 15 жасқа толған сайын төмендейді. Егер былтырғы жылы 11 жастағы ұлдар мен қыздардың арасында кемінде екі-үш рет буллингке ұшырағандарының үлесі 17,7 пайыз болған болса, ал одан бес жыл бұрын, яғни 2018 жылы 14 пайызды көрсеткен. Бұл балалардың арасында буллингке ұшырағандарының 3,7 пайыз өсуін білдіреді.

Буллинг пен кибербуллингтің қаупі қаншалықты көп болса, одан адамдарды қорғаудың, адамдардың өзін-өзі буллингке құрбан болудан қорғауының, қорғана білуінің де соншалықты маңызы бар.

Әлем мемлекеттеріндегідей, біздің елімізде де балаларды, жалпы адамдарды буллингке қарсы тұру қасиеттерін үйренуге жағдай жасалуда. Буллингпен жаппай күрес жолға қойылуда.

Өмірде кездесетін буллинг пен кибербуллингке жеке тұлғаның қарсы тұру туралы білім алуына қолайлы жағдай туғызатын оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру, буллингке қарсы көзқарас қалыптастыру, адамгершілік қасиеттерін дамыту бағыттарында көптеген жұмыстар атқарылып жатыр.

Кибербуллинг кезінде үнемі онлайн қудалауға ұшыраған адам өзіне жіберілген өзін қорлайтын хабарламалардан, желіде жарияланған беделін түсіретін фотолары мен видеоларынан өзін қорғана білуді үйренуі қажет. Кейде агрессорлар өздерінің құрбандарын қорлау үшін жалған веб-сайтты жасайды да, онда компроматтарды жариялайды, міне, кибербуллингтің осындай үлгілерінен де адам өзін сақтандыра алуы тиіс.

Буллингтің зиянды ықпалы қиын жағдайларға әкеліп тіреуі мүмкін. Сондықтан, көп жағдайда адамның өзіне деген сенімділігі артқан сайын буллинг проблемасы жойылады. Адам жаңа нәрселер жасауға тырысуы керек. Көрсетілген буллингке қарсы шыдамсыздық пен агрессия танытпай, сабырлы ұстап, салқынқандылық танытып, өзін қорғай білу, батыл болуға үйрену – барлық қорлық пен қорқытуларды тоқтатады. Жәбірлеуші әлеуметтік желіде болса, оны бұғаттау керек. Телефондағы байланыс нөмірлерін бұғаттап, оны достар тізімінен өшіріп тастауға болады. Дәті мықты, күшті адамдар иманы әлсіз, буллингтен қорғануға қауқарсыз жандарға оны уайымдаудан арылту, оған өзі жайлы жаман ойлаудан құтылу жолдарын көрсету, буллинг әсерінен балаларда пайда болатын өз-өзіне физикалық зақым келтірудің алдын алу, олардың өзін жалғыз сезіну, уайымға салыну ойларынан арылту арқылы – буллингтен және кибербуллингтен қорғануға көмектессе құба-құп.

Есіңізде болсын, ешкімнің сізді ренжітуге немесе өзіңіз жайлы жаман ойлауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.

 

Үміт БИТЕНОВА,

журналист

Ұқсас жаңалықтар