«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Мүтәліп ЕРЕЖЕПБАЙҰЛЫ

Мүтәліп ЕРЕЖЕПБАЙҰЛЫ
Автор
Мүтәліп ЕРЕЖЕПБАЙҰЛЫ

Мүтәліп Ережепбайұлы 1926 жылы 23 наурызда Талас ауданының Қарой ауылында дүниеге келген. 1944 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Жеңістен соң әйгілі Брест қамалын қалпына келтіруге қатысқан. Туған жеріне 1950 жылы оралған. 1950 жылдан бастап Талас аудандық Кеңес атқару комитетінде нұсқаушы, аудандық «Ленин жолы» (қазіргі «Талас тынысы») газетінде жауапты хатшы болып, редактордың міндетін уақытша атқарған.

1958- 1962 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқыған. Аталған мектепті журналист мамандығын алып, бітірген соң әр жылдарда Талас аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Талас асыл тұқымды мал зауытында партия комитетінің хатшысы, Талас аудандық «Талас тынысы» газетінде бас редактордың орынбасары, редактор болып істеп жүріп, зейнет демалысына шыққан.

Он жылдан астам уақыт аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы және төрағаның орынбасары болып сайланған. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен және ондаған мерекелік медальдармен, грамоталармен марапатталған. Соғыс және еңбек ардагері, запастағы майор, Талас ауданының Құрметті азаматы. «Атақоныс», «Өлеңім – өмірім», «От пен оқтан оралғандар», «Жамбыл жолы» атты кітаптары жарық көрген. Мүтәліп Ережепбайұлы қандай жұмысты да адал, жауапкершілікпен атқарған.

Ақын ретінде отаншыл өлеңдер жазып, жас ұрпақ бойындағы патриоттық сезімді дамытуға ықпал етті. Майдангер ретінде жастармен жиі кездесіп, сұрапыл соғыс жылдарынан сыр шертіп, оларды ержүрек, батыл, отаншыл болуға шақырды. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқорлық жасаудан жалыққан емес. Өмірінің соңғы сәтіне дейін өңірдің белсенді ардагерлерінен байланысын үзбей, қоғамдық істерге белсенді болды. Ұлағатты ұлқыздарын өсіріп, немере-шөбере сүйді. Өңірдің қазыналы ақсақалына айналды. Журналистика саласының да майталман маманы, ақылман ардагері еді. Отаншыл, шыншыл, әділетті қалпынан айныған жоқ.

Ардақты ақсақал, қадірлі қария Мүтәліп Ережепбайұлының қазасына орай отбасына, жары Тынышбала әжемізге, туғантуыс, жақындарына қайғырып, көңіл айтамыз. Ақсақалдың жарқын бейнесі біздің және оны білетін барша азаматтардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталады.

 

Облыс әкімдігі

облыстық мәслихат

облыстық Қоғамдық кеңес

облыстық ардагерлер кеңесі

Ұқсас жаңалықтар