«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің Есет енді бас редактор

Біздің Есет енді бас редактор
Автор
Әріптесіміз, белгілі журналист, айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, «Aq jol» газетінің аға тілшісі Есет Досалы Мойынқұм ауданының «Мойынқұм таңы» газетінің Бас редакторы болып тағайындалды. Ол жүз жылдан аса тарихы бар облыстың бас газетінде 11 жылға жуық еңбек етіп, ыстығы мен суығына шыңдалып өсті. Тілші, аға тілші қызметін абыроймен атқарып, өзі басқарған мәдениет саласының жақсы жаңалығын елге кеңінен танытты. Сонымен қатар көпті толғандырған мәселелерді көтеріп, оның шешімін табуына себепші болған кездері де көп. Ақындық жолында талай шәкірт баптап, тәрбиеледі.

Есет Жаңабайұлы 1977 Талас ауданының Ойық ауылында туған. 2007 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын филология мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 2004 жылы Талас ауданындағы Бөлтірік Әлменұлы атындағы орта мектебінде әдебиет үйірмесінің жетекшісі болып бастаған.

2005 жылы облыстық «Ар-Ай» жастар газетіне тілші болып қабылданды. 2006- 2015 жылдар аралығында газеттің Руханият бөлімінің меңгерушісі, тілші болып еңбек етті. 2015 жылдан бүгінге дейін облыстық «Aq jol» газетінде тілші, мәдениет бөлімінің меңгерушісі, аға тілші қызметтерін абыроймен атқарды.

Еңбегі ескерусіз қалмады. Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен, басқа да грамоталармен марапатталды. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын Есет Жаңабайұлының қаламынан туған «Шөбере», «Шындық» және «Өлең деп өмір сүремін» атты әңгімелер мен жыр жинақтары оқырманға жақсы таныс.

Есет Досалы кеше «Салық тәртібі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директорының бұйрығымен және Мойынқұм ауданы әкімінің келісімімен аудандық «Мойынқұм таңы» газетінің Бас редакторы болып тағайындалды.

Әріптесіміз Есет Жаңабайұлын жаңа қызметімен құттықтап, еңбегіне табыс тілейміз!

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар