«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Оңай олжа опық жегізеді

Оңай олжа опық жегізеді
Ашық дереккөз
Қазіргі уақытта ғаламтор желісін пайдалана отырып, түрлі алаяқтыққа баратындардың қатары сиремей тұр. Тіпті, алаяқтық әрекетке оқталатын арам ниеттілердің қулығына құрық бойламайды. Жалпы, интернет-алаяқтыққа заманауи технологияның көмегімен орын алатын іс-әрекеттердің барлығын жатқызуға болады. Негізінен, интернет арқылы қылмыс жасаушы ақпараттық жүйенің көмегімен бөтеннің мүлкін жымқырып, алдап-арбап, сондай-ақ сенімін теріс пайдалану жолымен біреудің мүлкін құқықсыз иемденуде. Осылайша, бүгінде құқық қорғау органдарының қызметкерлері үшін интернет алаяқтарымен күрес жүргізу басты миссияға айналған. Мемлекет алаяқтармен қанша күресіп, олардың жолына тосқауыл қойса да, қылмыс саны азаяр емес. Мәселен, күнделікті ақпарат құралдарын ақтарып отырсаңыз, жаға ұстатар талай жайттан хабардар боларыңыз анық.

Иә, бүгінгі таңда құзырлы органдар кең өріс алған киберқылмыстың жолын кесу мақсатында аянып жатқан жоқ. Оның үстіне, қылмыстың осы түрін ашу полицейлер үшін күн тәртібінен түспейтін жұмыс бағыттарының бірі. Осы себепті де, Мемлекет басшысы біраз уақыт бұрын өткен Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде құқық қорғау органдары мемлекеттік басқару жүйесінде айрықша рөл атқаратын құрылым екенін атап өтіп, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыспен күресу аса маңызды міндет екенін жеткізді. Бұл ретте ішкі істер органдарының жұмысын жетілдіруге баса мән беріліп, полиция қызметінің сервистік моделі енгізіліп жатқанын да тілге тиек етті. Президент жиын барысында қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – алаяқтық әрекеттерге де арнайы тоқталғаны ел есінде.

Естеріңізде болса, он жылға жуық уақыт бұрын Парламент Мәжілісі мен Сенат депутаттары Қылмыстық Кодекстің жаңа нұсқасын бекіткен еді. Онда ақпараттық технологиялардың қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар енгізілген жаңа тарау бар. Ал, өткен жылдан бастап Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа, оның ішінде, 2023-2025 жылдарға арналған телефон және интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомстволық бағдарламасы іске асырылуда. Киберқылмыстың алдын алу мақсатында әр тоқсан сайын «Абайлаңыз, алаяқтар!», «Antifraud» және тағы басқа жедел-профилактикалық іс-шаралар өткізіледі. Талдау нәтижелері көрсеткендей, осы жылдың алғашқы жартыжылдығында өңір аумағында алаяқтықтың 381 дерегі тіркелсе, оның ішінде 191 факт интернет желілерін пайдалану арқылы жүзеге асқан. Бұл – қылмыстар заңсыз онлайн-қарыздарды ресімдеуге, банк шоттарынан ақша қаражатын ұрлауға және капиталды ұлғайту жөніндегі жобаларға қатысуға байланысты орын алған. Жалпы, суық қарусыз жасалынатын мұндай қауіпті қылмыстардың жолын кесуге қазіргі таңда қазақстандық полицияның білімі де, білігі де жетеді. Бастысы, тәртіп сақшылары заманауи жаңа технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген.

– Ғаламтордың тілін жетік меңгерген интернет алаяқтары ең алдымен әрбір адам жөнінде ақпарат жинайтыны айдан анық. Уақыт өте құқықтық жағынан сауатсыз тұрғындарға телефон соғып, құйтырқы әрекеттерімен оларды өз қақпанына түсіреді. Оның үстіне, ақпараттық технологиялардың қолдану аясы кеңеюімен алаяқтықтың жаңа түрлері, оның ішінде, интернет алаяқтарының саны жыл өткен сайын арта түсуде. Бір сөзбен айтқанда, ақпараттық технологияның ғарыштық жылдамдықпен дамуы тұсында киберқылмыстың да «көштен» қалмай, қайта өршелене өсе түскенін байқап келеміз. Мұқият мән берсеңіздер, бір елдің өзге елден шекарасы сондайлық шалғайда жатқанына қарамастан, екі жақтың банк шоттарына миллиондаған ақша аудару сүт пісірім уақытқа жетпей-ақ жүзеге асады. Бәрі де қуатты компьютерлік байланыстың арқасы. Киберқылмыскерлердің ұйқысын бұзатын да осындай ақпараттық технологиядағы аса бақуат байланыстар. Сондықтан, қазақстандық полиция қызметкерлері өз міндеттерін адал атқаруға бейімделген әрі дағдыланған. Есепті кезеңде облыста интернет-алаяқтықтың 191 дерегі тіркелді. Бұл жалпы, алаяқтықтың 50,1 пайызын құрайды. Ал, мұнда Тараз қаласы көш бастап тұр. Жыл басынан бері облыс орталығында интернет-алаяқтықтың 110 дерегі орын алды. Аудандар бөлінісінде Байзақ, Шу және Қордай аудандары алдыңғы шепте. Бұдан бөлек, нақ осы сипаттағы қылмыстар Т.Рысқұлов, Жуалы, Мойынқұм, Талас, Жамбыл мен Меркі аудандарында анықталды, – дейді өңірлік полиция департаментіне бағынысты криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов.

Айта кетейік, дүниежүзіндегі ең бірінші компьютерлік қылмыскер – америкалық Кевин Митник. Былтыр ғана бақиға аттанған ол осыдан 20 жыл бұрын әлем бойынша іздеуде жүрген он қылмыскердің «ең азулысы» атанып үлгерді. Міне, дәл осы кезден бастап қоғамымызға компьютерлік қылмыскер немесе «хакинг» ұғымы орнықты десек, артық айтқандық емес. Ал, тәуелсіз елімізде Ішкі істер министрлігі республикада жасалынған өте күрделі, ең ауыр компьютерлік қылмысты 2013 жылдың желтоқсан айында ашты. Құзырлы министрліктің арнайы басқармасының жедел қызметкерлері заңды тұлғалардың шотына банкке қашықтықтан қызмет жасайтын желімен «Троялық ат» деген арнайы бағдарлама арқылы ақша ұрлаған қылмыстық топтың жолын кесті. «Банк-клиент» жүйесі арқылы әртүрлі банктердегі ұйым-мекемелердің шотына компьютерлік «вирус» жіберіп, ақша ұрлай бастаған қылмыскерлердің әрекеті олар ұсталған мерзімнен әлдеқайда бұрын тіркеуге алынып, қадағалана басталған. Арада көп уақыт өтпей белгілі бір ұлттық компанияның шотынан дәл осындай жолмен екінші деңгейдегі банктен 147 миллион теңге қолды болу қаупі төнеді. Осы тұста қылмыскерлердің қолына кісен салынып, нәтижесінде Қазақстандағы 30 аса ірі компанияның шотынан ұрланған соманың көлемі 400 миллион теңгеден асқаны дәлелденген еді.

Статистикаға сүйенсек, елімізде соңғы жылдары интернет-алаяқтық фактісі 10 есе өскен. Бұған азаматтардың әлеуметтік желілердегі онлайн сауда мен танымал сайттар арқылы тауар алу көрсеткіші айтарлықтай жоғарылауы басты себеп болып отыр. Оның үстіне, арам ниеттілер банк карталары мен онлайн-қарыз алу жолы арқылы ақша жымқырады. Бұдан бөлек, алаяқтар көбінесе, өз құрбандарына инвестиция салу, бәс тігу, ойын және лотереяны жарнамалайды. Сондықтан, уақыт өткен сайын алаяқтардың ақша жымқыру әдісі күрделеніп барады. Десе де, көп жағдайда алаяқтардың арам ойын іске асыруына азаматтардың өздері де кінәлі екені ащы шындық. Өйткені, олар интернеттегі жарнамаға сеніп, оңай олжаға кенелемін деп, опық жеп қалады. Осы ретте құзырлы органдар онлайн сауда жасайтын кезде күмәнді транзакциялардан бас тартуды қатаң ескертеді. Мамандар банк картасының деректерін, шот нөмірін және қауіпсіздік кодын бөтен адамға бермей, банктердің күмәнді сілтемелерін ашпауды ұсынады. Ал, егер банк картаңыздан ақшаны заңсыз алып қойса, дереу банкке немесе полицияға хабарласуыңыз қажет.

ҚАСКӨЙЛЕРДІҢ ҚҰРЫҒЫНА ТҮСПЕС ҮШІН...

Әлемнің кез келген жерінде отырып-ақ интернет арқылы өз қылмыстарын жасай беретін алаяқтардың құрығына түспес үшін не істеу керек? Жасыратыны жоқ, кейбір адамдар әртүрлі сайттарға кіріп көремін деп, қажетсіз сілтемелерді басып, қаскөйлердің арам ойларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Сондықтан, интернет алаяқтарына жем болмау үшін олардың түрлері мен әдістерін біліп, сақ жүргеннің артықтығы жоқ. Ерекше тоқталарлық жайт, бұған дейін құқық қорғау органдарының қызметкерлері түрлі деңгейдегі мекемеге барғанда азаматтарға ұры-қары мен әлімжеттіктің құрбаны болмас үшін бағыт-бағдар беретін. Ал, қазір бұл тізімге интернет алаяқтарының құрығына түспеу жөніндегі тиісті кеңесті қосуға болады. Мамандардың пікіріне құлақ түрсек, интернет қылмыскерлердің құрбаны болмау үшін келесі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау керек:

– өзіңіздің төлқұжат және өзге де дербес деректеріңізбен бөліспеңіз, банк карталарының нөмірлерін, пин-кодты, сондай-ақ ұялы телефоныңызға келіп түскен SMS құпия сөздерді, тіпті, егер сізге өзін банк қызметкерлері ретінде таныстырса да ешкімге хабарламаңыз;

– жарнамадағы ақпаратты мұқият және толық оқып шығыңыз, әсіресе кішігірім шрифтпен жазылғанды оқыңыз;

– тиімді ұсыныстарға сын көзбен қараңыз;

– тауарды сатып алу (сату) кезінде алдын ала төлем жасауға келіспеңіз;

– белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз;

– тартымды немесе күмәнді шарттармен мәміле жасауға асықпаңыз;

– байланыссыз төлемдер кезінде карта бойынша шығыс лимитін орнатыңыз және мүмкін транзакциялардың мөлшерін шектеңіз;

– өз құжаттарыңызға (жеке куәлік, банк картасы) қолжетімділікті шектеңіз, құжаттардың фотосуреттерін ешкімге жібермеңіз, себебі келешекте зиянкес микрокредиттік қаржы ұйымдарынан микро қарызды ресімдеуі әбден мүмкін.

АЛАЯҚТАРДЫҢ АЙЛАСЫ

1. Интернет алаяқтарының кең тараған алдап-арбау жолдарының бірі – «ОЛХ» жеке хабарландыру сервисі арқылы тауар сату. Олар тауарды сату мен сатып алу арқылы пайда табады. Шын мәнісінде, мұнда сіз іздеген тауар жоқ болуы да мүмкін. Осы сәтте арамниеттілер өздерінің басқа қалада екенін айтып, ақшаны картаға аударуын сұрайды. Сосын «сілтеме жіберемін, сондағы мәліметтерді толтырсаңыз, ақша аударамын» дейді. Толтырған соң алаяқтар дереу картаңыздағы ақшаны шешіп ала қояды. Сондықтан олх.kz арқылы тауар сатсаңыз, сізбен сатып алушы хабарласып, курьерлік жеткізу қызметі арқылы тапсырысты рәсімдеу сілтемесі арқылы өтуді сұраса, сенбеңіздер. Бұл алаяқтардың ісі. Олх.kz сайтында жеткізу қызметі жоқ!

2. Биржа арқылы ақша табу. Жалған сайттар кейбір биржаның атын жамылып, алаяқтық жолмен жұмыс істейді. Олардың қайсысы жалған, қайсысы шын екенін халық айыра алмай, үлкен қаражаттарынан айырылып жатады. Сондықтан сайттарды ең алдымен тексерген жөн.

3. Сіздің электронды поштаңызға немесе ұялы телефоныңызға «сіз ұтыс ұттыңыз» деген хабарлама келуі мүмкін. Кейін сол ұтысты шешу үшін салық төлеуіңіз қажет болады. Кей адамдар қомақты қаражатқа ие болдым деп, қолдарындағы бар ақшасын аударып жатады. Айтарымыз, мұндай ақпаратқа сенбеңіз!

4. Іnstagram желісі арқылы тауар сату. Ол күнделікті тұрмыста қолданылатын заттар, косметика, киім-кешек болуы мүмкін. Алаяқтар мүлдем жоқ тауарды жеткізіп береміз деп халықты алдайды. Сол үшін тауарға тапсырыс бермес бұрын интернет дүкені туралы мәліметті толық тексеріп алыңыз!

5. Сізге банк қызметкері болып қоңырау шалады. Ол сіздің шотыңыздағы ақшаны қауіпсіз шотқа аудару керектігін айтып сендіреді. Немесе сіздің атыңыздан онлайн несие рәсімдеу қаупі бар деп ақшаны сақтап қалу үшін жасырын код жібереді. Кей адамдар ақшасынан айырылып қалмас үшін өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адамға сеніп, өзі туралы, картасындағы құпия мәліметтердің барлығын жібереді. Сөйтіп, ол адам гипноз сияқты өз қолымен мәліметтерін қалай жібергенін де білмей қалады. Ал, негізінде банк қызметкері хабарласып, сіздің жеке мәліметтеріңізді талап етпейді.

Сондай-ақ, пәтер, көлік алу үшін құжат рәсімдеп берем деушілер, интернет арқылы қайыр сұраушылар да бар. Заң бойынша қолданыстағы Қылмыстық Кодексте алаяқтарға қолданар жазаның түрлері мен мерзімдері бар. Олар 4 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Егер бұл алаяқтық қылмыстың жеңіл түрі болса, 4 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер ауыр түрі болса немесе қылмыс бірнеше рет қайталанған жағдайда, алаяқ 5 жылдан 10 жылға дейін түзеу мекемелерінде жазасын өтемек.

КИБЕР БОПСАЛАУДЫҢ КЕҢ ТҮРЛЕРІ

1. Фишинг – алаяқтардың өздерін сенімді ұйымдар немесе жеке тұлғалар ретінде жасырып, құпия сөздер, банктік ақпарат және несие картасының нөмірлері сияқты жеке ақпаратты алуға әрекеттенетін әдіс. Бұл – жалған электрондық пошталар, веб-сайттар немесе әлеуметтік желілер арқылы болуы мүмкін.

2. Карта деректерін пайдаланатын алаяқтық түрі. Бұл жағдайда алаяқтар адамдардың карта деректеріне қол жеткізіп, оны транзакциялар немесе сатып алулар жасау үшін пайдаланады. Бұл – сканерлеу, жалған веб-сайттар немесе зиянды бағдарламалар арқылы болуы мүмкін.

3. Кибер бопсалау – бұл төлем төленбес бұрын компьютерлік жүйелерге кіруге тыйым салу немесе құпия деректерді шифрлау арқылы адамдарды немесе ұйымдарды бопсалау процесі. Бұл – «ransomware» сияқты зиянды бағдарламалар арқылы болуы мүмкін.

Қорыта айтқанда, дұрыс сақтық және ақпараттандыру шаралары арқылы сіз өзіңізді және қаржылық мүдделеріңізді қорғай аласыз. Жеке ақпаратты беру кезінде сақтық, сенімді антивирустық бағдарламалық құралды пайдалану желідегі алаяқтықты болдырмаудың негізгі факторлары. Жалпы, бұл мәселемен күресуде біліміңізді арттырып отыру, білмегеніңізді сұрау әрі оңай олжаға кенелемін деген қажетсіз ойдан арылу маңызды рөл атқарары сөзсіз.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар