Шеткі үйде төбесі қамыспен жабылған Сатайбек көкемнің үйі, көшенің шығыс басында Арыстанбек бақсының жертөлесі болатын. Жолдың екінші қапталында бәкі, пышақ жасаудың шебері Әлтай көкемнің еңселі үйі көзге түсетін. Көбісі саз балшықпен жабылған қазақы тамдар болушы еді. Бұл жақтың шеті менің нағашым Ырыс жәкемнің үйімен аяқталатын. Сатайбек көкем киіз үй жасайтын. Сәмбі талдан тезге салып уық, кереге шығаратын. Жалғыз біздің ауылдың емес, сырттан кісілер келіп жәкеме тапсырыс беретін. Ал, Әлтай жәкемнің сабы ақбөкеннің мүйізімен нақышталып қапталған бәкі, пышақты талайлардың қызығып, мал беріп, тіпті тай беріп қалап алғанын талай мәрте естідік. Кішкентай ғана ауылымыздан кімдер шықпады дейсіз?
Бір қойдың етін бір өзі жейтін, домбыраның құлағында ойнайтын, қобызды сарнататын, темірден түйін түйіп, небір бұйымдар жасайтын қас шеберлер біздің ауылымызда болатын. Есіміз кіре бастағанда қарашай деген халықпен көрші тұрдық. Олардың тілі біздің тілге өте жақын болғандықтан тонның ішкі бауындай араласатынбыз. Әлгі қарашайлар Мәден қожамен көрші тұрды. 60-шы жылдары Кавказдағы атамекеніне қопарыла көшіп, Махмұт көкем ғана көшпей қалды. Көкемнің үйіндегі Қарақыз апамыздың бала қарайтын тәуіпшілдігі болатын. Ондай қасиет Тойшы атамның үйіндегі Мөрәй апамның да қанында барын білеміз. Ұзын Қойшығара, қысқа Қойшығара жәкелеріміз бағбаншы-тын.
Құмның шетіндегі ауыл дегенімен, біздің ауылдан спорт шеберлері де шыққанын мақтанышпен айтатынбыз. Соның бірі – бәкене бойлы, тығыншықтай Өміртай ағамыз. Жұрт оны – Өміш деп айтатын. Сол ағамыз қолымызға бокс қолғабын кигізіп, екі-екіден ортаға шығарып, «төбелестіріп» қоятын. Олардың көршісі Ережеп сегіз қанат ақ үй тігіп, үйінің маңайына сазға бие байлап, қымыз дайындайтын.
Ауылдың сыртынан Талас өзені ағып өтетін. Көктем-жаз көлге айналып, құстың неше атасы жыртылып-айырылатын. Айналамызға совхоз қауын-қарбыз, асқабақ, қызанақ, қырыққабат егіп тастайтын. Шіркіндердің дәмдері тіл үйіретін. Әудем жерде шаруашылықтың бау-бақшасы болатын. Онда Алматының апортынан бастап, Ташкенттің тіл үйірер жүзіміне дейін өсетін. Енді соның бәрін айтып отырсам құдды ертегі сияқты, кім маған сенер? Олай дейтінім, менің аяулы ауылымда 4-5- ақ үй қалып, алтын мекенім құлазып қалыпты. Көзге жас келеді. Ішіңнен тынасың. Жаңағы айтқан Ережеп көкемнің үйімен қоныстас Ділдә жәкемнің үйі болатын. Жәкем де ұзын бойлы, кең иықты, қара торының әдемісі, мұрт қоятын.
Ділдә жәкем ауылдағы дүйім жұртқа белгілі қолы алтын ұста еді. Темірден түйін түйіп, қарағай мен қайыңнан бастап, қарағашқа дейін иіп, кереге мен шаңырағын шебер өріп, оған уығын ұштастырып, талай ұрпақтың киелі қарашаңырағына айналған қаншама киіз үйді де өз қолымен жасап шықты. Егін мен ен даланың сәні – жайқалған дәніне дәнекер болған құрал-саймандарда, ағаш арбаларда және ән мен күйдің қазынасы – қаншама қара домбырада қолтаңбасы қалды. Ұсталығымен қатар, бау-бақшаның бабын тапқан білгір еді. Үйінің айналасына теректің неше түрін егіп, жайқалтып тастайтын. Алысқа бармай-ақ ауласына қауын-қарбызын егіп, қарық болып отыратын. Ол үйдегі Қызымкүл жеңгейіміз көп балалы ана. Қашан да дастарханы кең. Манағы мен айтқан Өміртайдың әпкесі Ошақтының қоңырының – жамантымақ аталығынан. Ділдә жәкем маған нағашы болып келетін. «Жиен» деп еркелететін. Еркелететіні, ол үйдегі Бақтияр деген баласымен құрдаспын. Екеуіміздің жұбымыз жазылмайтын. Ол әкесі сияқты ақкөңіл, аңқылдақ бала болып өсті. Біз 5-6 сыныпта оқып жүрген кезімізде ауылға Ділдә жәкемнің Күләш есімді қызы келді. Естуімізше, Меркі ауылында оқыған. Одан қаладағы немере ағайыны Өкім Жайлауовтың үйінде жатып оқыса керек. Өкім аға ол кезде Қазақстанға белгілі ақынның бірі. Сол кісіден бата алды ма, жоқ әлде қанында бар ма, Күләш жастайынан өлеңге құмар болып өсіпті. Атағы жас ақын ретінде облысқа танылған. Үшарал орта мектебінде оқимыз. Күләштар бізден жоғары сыныпта оқыды. Қазақ тілі және әдебиетінен ғұлама ұстазымыз Керімби Амантаев дәріс береді. Мектепте әдебиет үйірмесі жұмыс істейді. Міне, сонда Күләш әпкеміз бізге өлеңнің қыр-сырын үйретіп, құмарлығымызды оятты.
Күләштің ақындығы анасынан, әсіресе әжесінен дарыған болуы керек. Әжесін көзіміз көрді. Жіңішкелеу келген, ақсарының әдемісі еді жарықтық. Оның үстіне Ділдә көкем де кітапты көп оқитын. Оқығанда да іздеп жүріп оқитын. Бақтияр екеуімізге: «Екеуің кісі болам десеңдер, кітап оқыңдар» деуші еді. Ара-тұра оқыған кітаптарымызды талдайтынбыз. Сонда Ділдә жәкемнің сұңғылалығына таң қалатынмын. Әрі ол кісі Күләштің ақындығына шын жүрегімен қуанып отыратын. «Осы қызымнан бірдеңе шығады» дейтін. Сөйткен Күләші үмітін ақтады. 9-сыныптан кейін Жамбыл қаласындағы медициналық училищеге түсіп, ауылға оралған соң мейірбике болып орналасқанымен, ақыры өнер жолын таңдады. Ол бөлек әңгіме.
ЕСІМІҢДІ ЕРТЕҢГЕ ЖЕТКІЗЕМІН
(Анам Бекзадаға)
Келеді алып ақ таңға арман-ағыс,
Тіршілікте көп әлі жалғанар іс.
Сағындым тек анам бар күндерімді,
Алаңсыз шақтарымды қалған алыс.
Май шырақтай үміт те сөнді ме шын.
Ұмытылып барады сол бір есім.
Тым болмаса түсімде көрінші, ана,
Қос жанарым тоймай бір мөлдіресін.
Жылдан жылғы жаз-дағы жайдарырақ,
Жарқырайды шақырып айна бұлақ,
Бар дүние елжіреп тұрғанменен,
Мейіріміңдей өзіңнің қайда бірақ.
Сағындырып бар мейірім, бар ыстығың,
Көктем келді кеудемде тоғысты мұң.
Қабіріңе бір уыс топырақ та,
Сала алмадым, кеш, ана, борыштымын.
Оралмассың деп ойлау қиын маған,
Дастархан да күтеді жиылмаған.
Із қалдырам сен үшін жылдарға бұл,
Сыбағасы өзіңе бұйырмаған.
Күнді еске алып мейірімнен тарықпаған,
Жақсылыққа бір сәтте жарып қалам,
Есіміңді енді мен жырыма орап,
Болашаққа қастерлеп алып барам.
Күләш АХМЕТОВА,
ақын, Мемлекеттік
сыйлықтың лауреаты
Ділдә жәкеміз ауылда әртүрлі жұмыстар атқарып жүрді. Шаруашылықтың малын бақты. Әсіресе, ауылдағы мүйізді іріқараға падашы болғаны есімде қалыпты. Таң алакеугімнен ауыл халқы үйлеріндегі мүйізді ірі-қараларын айдап шығып, жәкемнің алдына салып беретінбіз. Ол кісі қызметін адал атқарды. Он жылдай падашы болғанда бір пенденің малын жоғалтпады. Әрі қанағатшыл еді. Тұрмысы төмен отбасылардың малын баққаны үшін ақы алмайтын. Сол үшін де оны ауыл болып жақсы көрді.
Жәкемнің үні ерекше еді. Таңертеңнен зор дауысымен «Уа ағайындар, малдарыңды қосыңдар» деп айқайлайтын. Қазіргі жұрт біле бермейді ғой, ол кісіні ауылдағылар «біздің Левитан» деп атайтын.
Нағашым әділ адам болды. Ауыл болған соң ағайындар арасында кикілжің болмай тұрмайды. Сондай кезде көпшілігі сол кісінің билігіне жүгінетін. Бірде мынандай оқиға болды. Бір үйде отырған екі адам ерегісіп, біріне-бірі қол сілтегенде біреуінің көзін екіншісі соқыр ете жаздады. Дау-дамай ушықты. Ауылдан учаскелік милиция өкілі Тасын Мақанов жәкеміз келіп, екеуін ауданға әкететін болыпты деп естідік. Міне, сол кезде Ділдә жәкем араша түсіп, екеуін татуластырып, үлкен ерлік жасады. Мұндай бітімгершілігі көп еді жәкемнің.
Кейіннен бәріміз мектепті тауысып, оқу қуалап, оны бітірген соң ауданға, қалаға ауысып кеттік. Келген сайын жәкемнің үйіне соғатынмын. Сәлемдессем, мәз болып қуанып: «жиен, қалайсың?» деп арқамнан қағып, маңдайымнан сүйетін. Күләшті өз анасындай мейірімге бөлеп өсірген Қызымкүл жеңгеміз айран-сүтін ала жүгіретін. Күләші Алматыға Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, оны бітірген соң қызылордалық Қайырбек Асанов деген ақын жігітпен бас құрап, өмірлерін сол қалада жалғастырды. Әр барған сайын Ділдә жәкем мені жақын тартып: «Күләш екеуің қос қанатымсың» деп отыратын. Онысы менің де шығармашылығымды жоғары бағалағаны ғой.
Соңғы барғанымда жәкем шаруашылықтың кәрі қойын бағады екен. Үйінде болдық, көп әңгіме айтты. Есімде қалғаны – менің әкем Әбсадық жайлы айтқан жылы сөздері. Өткен ғасырдың 30-жылдарындағы ашаршылықта менің атам Дауылбай, әжем Кәделі жалғыз ұлдары Әбсадықты алып, қырғыз еліне ауған. Сұрапыл ашаршылықта Ділдә жәкем де анасы екеуі сол жақты паналапты. Сол жұртта менің әкеммен танысса керек. Сондықтан болар, екеуі тірліктерінде сыйласып өтті.
Тағы бір жәкемнің кісілігі жайлы оқиғаны айтайын. Өткен ғасырдың 60-жылдарының басында жәкемнің үйіне бір қырғыз баласы келіп, паналады. Елдің айтуына қарағанда, ауылда өскен әлгі бала әке-шешесін іздеп, Қырғызстандағы Талас облысына шықпай ма. Не керек, мінген автобусы оны Қазақстанға, Жамбыл облысындағы Талас ауданына, оның ішінде «Талас» совхозына алып келеді. Ділдә жәкем бір шаруамен совхоз орталығында жүрсе керек. «Ойбай, бір қырғыздың баласы адасып Үшаралға келіпті» дегенді естіп, әлгі баланы тауып алып, үйіне әкеліпті. Атын Бақтиярға ұқсатып, Бақыт деп қойып, жәкем сол баланы асырап алды. Өз балаларынан кем көрген жоқ. Есейген соң үйлендіріп, өз алдына отау қылып шығарды. Білуімше Бақыт Тараз қаласының маңайындағы бір ауылда тұрады, үйлі-баранды. Өзін «Ділдәнің баласымын» немесе Ахметовпын дейтін көрінеді. Ахмет Ділдәнің әкесі. Мына алмағайып заманда, біреудің баласын біреу асырап алады ма? Жәкемнің бұл кісілігін «адамгершіліктің шыңы» демей көріңіз! Иә, жәкемнің бұл дүниеден өткеніне де бірнеше жылдың жүзі өтті. Жақында ғана Қызымкүл жеңгемді көріп қалдым. Сексеннен жасы асқан кейуана: «Бақтиярымның досы» деп көзіне жас алып қалды. Бүткіл балалық шағым, нағашым есіме түсіп, мен де толқып кеттім.
АҚ БОСАҒАДАН АТТАРДА
(Әкем Ділдәға)
Қызығын тұңғыш перзенттің,
Боларсың, әке, тілеген.
Есейіп, бәлкім, ержеттім,
Аттанып барам, міне, мен.
Ақ бата бердің, дірілдей,
Жасымнан бауыр басқан үн.
Бұл күні қалмай бірің де
Келдіңдер, ауылдастарым.
Келдіңдер бәрің гүл алып,
Кетерде сыйлап жарқын жыр.
Мендегі наз бен бұлалық
Ескерткіш болып қалсын бір,
Ұзатып тұрып, қашаннан
Қазақтан қалған салтқа орай,
Жанарларына жас алған,
Қадірмен, қайран, қарттар-ай.
Амалым басқа аздықтан,
Қарадым тоймай, беріле.
Атымның өзін әз тұтқан,
Аяулы жеңгелеріме.
Бұл күн мен келер күн қандай,
Ойламау оны және ауыр,
Кетті-ау деп мені тұрғандай,
Булыға жылап самауыр.
Тапқанмен бақыт өрісін,
Жанымда бітеу жара бар.
Ойынын қойып мен үшін
Мұңайып тұрды балалар.
Жақындар қимас пішінде,
Қоштасып қолым соза алам.
Қамығам бірақ ішінде,
Болмағандықтан өз анам.
Қамықпа деп бір кәрі әже,
Батасын маған жаудырды.
«Тапсаң да атақ, дәреже
Ұмытпа», – деді, аулыңды».
Медет қой, әже, үміт те,
Демеймін маған енші бер.
Жанымда тұрған жігітке,
Сүйсінсе болды көршілер...
Жылылық таптым көздерден,
Құйылған дерсің тек күннен.
Қимайтындарыңды сезгенде,
Бақытты болып кеттім мен.
Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Асықтыруда күндер шын.
Сұраған досқа, бауырға
Үлбіреген дүниеден,
Үйлесім іздеп жүр дерсің.
Қайтарсың, қалқам, ауылға,
Қуанып досың үлгерсін.
Сұраған туыс, бауырға
Ұлыдан қалған сөздердің,
Ұйқасын іздеп жүр дерсің.
Екеуіміз туған үйге әлі,
Әкеме батыр тұлғалы,
Арманшыл әкең туралы,
Бәрін де бәрін айтарсың.
Шаршасам, өзім кінәлі,
Кірістіремін кімді өзге?
Ізгілік болып ұраны –
Ұшырған туған ауылға
Жырларым жетер бір кезде.
Қиын-қыстау кезеңде әкеміздей арқамыздан қағып, бар ақылың айтып, жақсылығын бұлдамаған жақсы жәкемнің жаны жәннатта болғай деп жаратқаннан тілейміз де!
Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,
аудандық Билер
кеңесінің төрағасы
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді