Елімізде алдағы 12 тамыз – жастар күні ретінде белгіленген. Атаулы мерекеге орай жастардың он күндік іс-шарасы белгіленген. Сол он күндік шараны облыс жастары тазалық жұмыстарынан бастап кетті. Тараз қаласындағы «Қарахан» кесенесінің ауласында өткен «Тарихқа тағзым» атты эко-турнир іс-шарасын облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, өңір жастарының игі бастамасына сәттілік тіледі.
«Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан республикалық акция барлық бағыттар бойынша тазалыққа жол ашты. Қоршаған ортаның ластанбауы – жақсылықтың жолы. Осыған өңір жастары бастамашы болып жатқандығы қуантады. Белсенді жастар жиналып, қасиетті орында тазалық жұмыстарын қолға алды. Алдыңғы толқын кейінгі толқынға үлгі болуымыз қажет. Бұл жиын – ардагерлер мен жастардың ынтымағын арттыратын тағылымы мол шара», – деді ол.
Мұнан соң «Жаңару», «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпы ұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құралай Өскенбекова, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Қадыралиев сөз сөйлеп, белсенді жастарға жылы лебіздерін арнады.
Ізінала жиналған жүз елуге жуық жас белсенділігімен тазалық жұмыстары басталып кетті. Іс-шараға Аmanat партиясы облыстық филиалы «Жастар рухы» жастар қанаты мен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері, Тараз қаласы мен Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері және ерікті жастар үлкен құлшыныспен қатысты. Облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Айбек Қыдыралиев: «Осында келген жастардың бәрі іс-шараның мәнін түсініп, шын мәнінде жұмыс істеуге келіп отыр. Бұл – өте үлкен сауапты іс», – деп ағынан жарылды.
Жалпы аумағы 4 гектарға жуықтайтын көшенің маңын әр аудан жастары тазалады. Жуалы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Нұртілеу Төрен:
«Тараз қаласынан 55-60 шақырым қашықтығы бар Жуалы жерінен 40 белсенді жас келдік. Қасиетті мекенде тазалық жұмыстарына қатысып жатқан жастардың көңіл күйі жоғары, жұмыстары өнімді» дейді.
Қалай дегенде де, жастардың бұл бастамасы құптарлық. Талай жылдан бері қараусыз, шөп басып жатқан аумақты моторлы орақпен орып, қоқыстан тазалап шыққандары – нағыз жанашырлық. Аталған кесененің басына тазалық жұмыстары өте қажет. Себебі, бұл қасиетті орынға шет мемлекеттен, еліміздің өзге облыстары мен қалаларынан келетін қонақтар өте көп. Қонақтарға жайлы қызмет ету үшін қолайлы жағдай керек. Ал қолайлы жағдай тудыру тазалықты сақтау жұмыстарынан басталады. Сондықтан, бұла күштері тау қопарардай екпінді жастар нағыз қажетті жұмыстың төңірегінен табылып отыр.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Асфальтталған көшенің сапасы көңіл көншітпейді
- 3 қазан, 2024
Жүйелі жұмыс жол сапасын жақсартады
- 3 қазан, 2024
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді