Шаршы алаңға көтерілген қос боксшымыздың бірі – Нұрбек Оралбай (80 кг) аустралиялық Каллум Питерсті әрең ұтса, есесіне, Мырзағали Айтжановтың төл шəкірті Сәкен Бибосынов (51 кг) түркиялық Сəмет Гумушті айқын жеңді. Келесі кезекте Париж рингіне əлем чемпионы, əлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (57 кг) шықты. Отандасымыздың қарсыласы – Еуропа чемпионы испаниялық боксшы Хосе Бротонс Квилес. Әйткенмен, жазғы Олимпия ойындарына тұңғыш рет қатысып отырған Махмұдтың да айы оңынан тумады. Үш раундтың нəтижесін түзген төрешілер жеңісті испаниялық боксшыға берді.
Бұл күні əйелдер құрамасының мүшесі, 75 килограмм салмақ дəрежесінде Олимпия ойындарына алғаш рет қосылған Валентина Хальзова бірінші жекпе-жегінде есе жіберді. Панамалық Атейла Байлонға қарсы айқастың бірінші раундында төрешілер Валентинаның соққысы көбірек дарығанын бағамдағанымен, қалған екі раундта жеңісті қарсыласына бұрды. Валентина екінші раунд басталғанда қарсыласы басымен соғып, мұрнына зақым келгенін айтты. Тіпті, ол екі раунд бойы тынысы тарылып, өкпесі қысқанын жеткізді. Айта кетейік, 2016 жылы Рио жазғы Олимпиадасында 9 орынға тұрақтап, 2021 жылы Токио додасында ширек финалда сүрініп, 5-ші сатыны місе тұтқан панамалық Атейла Байлон тіс қаққан боксшы.
Елдос Сайдалин баптайтын əйелдер құрамасындағы айтулы боксшы Назым Қызайбай (50 кг) алғашқы айналымда италиялық Джорданна Соррентинодан басым түсті. 31 жасында жазғы Олимпияға тұңғыш рет ат байлаған алматылық ару 1/8 айналымда бразилиялық Каролин де Алмейдамен айқасты. Кездесудің алғашқы раундында отандасымыз қарсыласынан 5:0 есебімен алға шығып, кейінгі раундтарда осы қарқынынан қайтпады. Екінші жəне үшінші раундта бірдей 4:1 есебімен ұтты. Осылайша, сенімді жеңіске жеткен боксшымыз енді ширек финалда күш сынауға мүмкіндік алды. Оның мұндағы қарсыласы – колумбиялық Валенсия Виктория Ингрит Лорена.
КИРИЛЛ ЖАРЫС ЖОЛЫНАН ШЫҚСА, ИСЛАМ 18 ОРЫНДЫ МІСЕ ТҰТТЫ
Бұған дейін, үстел теннисінен өтіп жатқан турнирде ұлттық құраманың мүшесі Кирилл Герасименконың табысты өнер көрсеткенін сүйіншілеп жазған едік. Бастапқы бəсекеде чилилік Николас Бургостан басым түскен еліміздің бірінші ракеткасы іле-шала Германия құрама командасының мүшесі Цю Даннан айласын асырған еді ол кезде. Бірақ, мақтаулы спортшымыз 1/8 финалдық сында сүрінді. Ол Мысыр спортшысы Омар Мұхаммади-Ассардан аса алмады. Бірінші, екінші сетте 11:8, 11:6 есебімен айқын ұтқан жерлесіміз үшінші, төртінші сетте қарсыласының шабуылына қауқар таныта алмады. Шешуші бесінші сәтте де мысырлық Омардың мерейі үстем түсіп, жерлесіміз жарыс жолынан шығып қалды. Жалпы, Африка құрлығының чемпионы Омар біздің Кирилл үшін сыралғы қарсылас. Екеуі бұған дейін де бірнеше мəрте тартысқа түсіп, жеңісті алма-кезек иеленіп жүрген еді.
Стенд атудан трап бағдарламасында сынға түскен Мария Дмитриенко 120 ұпай еншілегенімен, жалпы есепте 10 сатыға тұрақтап, финалдық додаға өте алмады. Нысана көздеу тартысында винтовкамен 50 метрден үш позицияда нысана көздеуден жекелей сайысқа қатысқан Ислам Сəтбаев 588 ұпаймен 18 орынды місе тұтты. Тағы бір спортшымыз Константин Малиновский 586 ұпайға иелік етіп, 25 сатыға орнықты. Екатерина Шабалина триатлоннан сайысқа қосылған. Сена өзенін жүзіп өтуде қою шаңның арасынан көрінген жерлесіміз велосипедпен жүйткуде жарысты жалғастыра алмай, орта жолдан аяқтады. Спорттық гимнастикадан ерлер додасында Милад Карими өзіне оңтайлы жаттығуларын орындауда сүрініп, ұпай жоғалтты. Десе де, ол осы алты жаттығуда 76.065 ұпаймен 24 орынға тұрақтады. Енді ол еркін жаттығудан Олимпиада медалі үшін тартысқа түседі.
Садақ атудан жекелей сайыста Дəулеткелді Жаңбырбай іріктеу кезеңінде колумбиялық Хорхе Энрикемен бəсекеге түскен. 7:3 есебімен колумбиялық мергеннің мерейі үстем болды. Дəулеткелді бұған дейін командалық тартысқа да қатысып, Италия садақшыларына есе жіберді. Жекелей сында Ильфат Абдуллин канадалық қарсыласынан аса алмай Олимпиада сапарын аяқтады.
Қорыта айтқанда, жазғы Олимпия ойындарының алғашқы күндері қоржынымызға 1 алтын мен 2 қола медаль түскенде қазақ жанкүйерлері қуаныш пен шаттыққа бөленгені рас. Әлі де өрендерімізден үмітімізді үзбейміз. Бәлкім, Франциядағы дүбірлі додаға беймәлім спортшы ретінде аттанған қыз-жігіттеріміз дүрмек салар...
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді