Жұрт той тараған соң айтатындай, өзіміз дейтіндер үшін де нарық заңы оңаша қалып шай ішетін той-думанның соңы да емес көрінеді. Уақыттан алатын еншімізді қалай сезініп, қалай қабылдап алдық, қане, бір сәт көз алдымызға елестетіп көрелік енді...
Қазіргі мың құбылған, жоққа жүйрік жетпеген заманда бос сенделіп, ерігіп жүрген ешкім жоқ болар, сірә. Еңбек етемін дегендер, қала тіршілігінде, ауылдық жерде екі қолын төрт қыла алмай шаршап жүрген шығар. Өмір сүру мына зымыраған жүйрік уақытта тіптен оңай емес, күнбағыс қамында қытымыр, қарбалас шақ күннен күнге қиындап барады. Жаппай қымбатшылық жағадан алып, қос өкпеден қыспаққа алғаны алған. Енді «ана зат арзандайды екен, мынадай тауарлардың бағасы түседі» деп алдарқатудың жөні бар ма?
Жаңа дәуір, нарық заңы өте қатал, бәсекелестік орта ешкімді мүсіркемейді, атақ-даңқыңа да пысқырмайды деуші еді, ол айна-қатесіз шындыққа айналды. Тезбе-тез жиналып, бір кәсіп ашып, не жұмыс істеу, өз несібесінен құралақан қалмау-тірлік жасаудың тура жолы. Ешкім қасыңа кеп жайдан-жай аузыңа су тамызбайтынын ойлаудың өзі қауіпті.
«Ананың көзі жақсы, мынаның өзі жақсы», деп елеп, есіркейтін, қоғам арқа сүйейтін бірлі-жарым, қайраткерлігі айқын, жомарттыққа дәулеті бар қайырымды кісілердің қатары жасыратын несі бар, қала мен ауылдарда азайып барады. Бұл да жаңа заманның ырқындағы жөн-жосық, оны да өз талабымен түсінгеніміз абзал. Ендігі біреуге жәрдем беруге міндетті секілді Атымтай жомарттық келмеске кетпес, дегенмен қарайласудың азайып, сирексуіне еш таңданудың қажеті жоқ. Оны біржақты кісәпірлік деп сөкпейік, бірақ қоғам мейірімін нұрландырып тұратын қамқорлық қасиеттерге көлеңке түсіріп, тат бастыратын тоғышарлық, іштарлық кесапаттарға дер кезінде тойтарыс беретін тәрбие кемшін.
Оу, несін айтасыз, ана бір жылдары Алматы қаласының әкімі зиялы қауымның танымал өкілдерін, сан ондаған көрнекті тұлғаларды атақты санаторийге жолдама беріп, демалысына демеушілік жасапты. Ал Алматы облысының әкімшілігі жыл сайын айтулы мерекелерде өңірдің дамуына ерекше үлес қосып, абыройлы қызметімен әйгілі аға-апалардың басын қосып, тарту-таралғысымен қошемет, құрмет көрсетуді дәстүрге айналдырған еді деп айтылатын разылық әңгімелерді ендігі естисіз бе?
Бұл өткен шақта ғана айтылатын әңгіме ме еді?!
Жанашырлық пен мейірімнің бір көрінісін дастархан мәзірімен, аста-төк ішіп-жеммен өлшеуді емес, адал пейілдің, жақсылық тілейтін ниеттің қадір-қасиетімен жарастырғаннан артық не болмақ, өзі?!
Қай кезде де қоғамдық түсіністік шынайы қарым-қатынастар арқылы қалыптасады. Олай болса, берекеге ат байлайтын ата дәстүр мен кісілікке кепіл болатын ашықтық салты сұйылып барады.
Ал, күнбе-күн көпшілік сезінетіндей қоғамдық оң өзгеріс барлық жерде бірдей емес, кейде пәлендей байқалмайды. Ескі сарын, ауылдарда баяғы әдет, адамдардың мінездері мимырт тірлікке байланған, жүріс-тұрысы былқ-сылқ... «Өкімет өлтірмейді, өкімет жарылқайды», деген түсініктен қол үзіп кете қоймады. Екінің бірінің айтатыны:
– Енді, не істейміз, үйде тынығып жатырмыз...
– Әрбір ертеңге қалдырған істің өкіндірері бар емес пе?
– Ертең дейсіз бе? Қайдағы... Тойға баратын шығармыз ертең.
– Ерсілі-қарсылы тойдан шаршау болмай ма?
– Қой-ей, ұйқымыз қанып, тойға барғанның несі жаман?! Содан ажыратпасын... Басқа істейтін ешнәрсе жоқ.
– Еһе, білесіз бе, Шымкент салтанат сарайында 1 мың адам шақырылған той болса, Таразда мейрамхана залына аса құрметті той иесі және бай кісілер өте қымбат джиппен кіреді...
– Не дейді?..
– Кеудесіне нан піскендер мен байлыққа белшесінен батқандар тым есіріп кетті. Ұят, обал-сауап дегенді ұмытты.
– Ашынғандықтан адал ойын дұрыс айта алмаған дейсіз бе? Тойларды несиеге де жасайтын жағдай нені білдіреді? Айта-айта жауыр болған тақырып. Тойынғандық болмас, бірақ ақылдының ісі емес-ау. Түркия мен Қытай елдеріндегідей ұқыптылық пен жинақылық қажет пе екен? Кішігірім дастархан кеңпейілдікті танытпайды ма? Ең жақын достарың мен туысқан бауырларыңның құттықтауын қабылдауға екі сағаттық кеш және шай ішу жетпей ме?
– Бүгінгі ағайынның заманына қарай мінез-құлқы осындай шашылып, ашылып, даңғазалық болып тұрғаны өтірік емес.
– Бәріміз де біртүрлі бейжай қалыптан аса алмай, іштей абыржып, үйді ыбырсытпай, өзімізбен өзіміз әбігерленіп жүргендейміз.
Ел-жұрт, Отан, уақыт, өмір, заман сияқты тіршіліктің шеңберінде, үйлесер-үйлеспестің шексіздігінде қарапайым адамдардың үміті мен сенімі бәрінен де артық сезім, тұрлаулы қасиет екені даусыз.
Сол өзінен басқа өзгеге мойын бұрып қарауды ұмытқан, өзі өмір сүріп отырған қоғам жайында бір ауыз жылы сөзі жоқ тас жүрек адамдардан көпшіліктің көңілі қалса, әрине, ел ішінде, ауыл-ауылдарда дәстүрлі қауымдасу қасиеттері де әлсіздене бастайды.
Ұлттық ояну мен ұлттық ортақ мақсатқа ұмтылудың қадірін қалай бағалауды ұқтыратын ой-сана кемшін күйінде. Қу дүние жинау, баю, алдау-арбау, өтірік айту және ел дәулетін тонау секілді пендешілік пен ұрлық-қарлықты құлқынқұмарлықтың пердесі ретінде алға шығарған уақыттың «жемісін» тұтынып отырмыз.
Енді елдің ығырын шығарғаны көп ескі жүйемен ат құйрығын кесісіп, тыныш, айрандай ұйыған елдің бүгіні мен ертеңіне алаңдап, тың сеніммен, бір-бірімізге адал жанашырлықпен, ашық ойларымызбен ілгері жылжу, саяси реформалық қадамдарды қуаттау арқылы жаңа сапалы белеске көтерілу – басты мұратымыз болды емес пе? Ұятымыз да оянды емес пе?
Әділетті Қазақстан құру жолында күрделі мәселелердің күрмеуі заң үстемдігін түбегейлі орнатумен жүргізілуде. Бұл қат-қабат қаталдыққа да тәуелді қарекеттер тоқтаусыз болуы керек. Шексіз билікке жақындығын пайдаланып, арсыздыққа құрылып, бетімен кетушілік, сыбайлас жемқорлық, үркітіп, қорқытып жасаған алаяқтық және ессіз құлқынқұмарлық әрекеттерімен қоғамды аяусыз «қорлағандардың» бірсыпырасы сотталып, жазасын алды. Олардың арасында кімдер жоқ дейсіз ғой! Миығынан күліп жүретін жас мырзалар мен өз түсінігіндегі ханымдар... Түрмеге бірінен соң бірі тоғытылып жатыр. Таңғалатын ештемесі қалмады, кілең дөкей, түрлі деңгейдегі ала-құла бастық, арам кәсіптің иелері, уызына жарымаған ашқарақ арампиғыл, атынан ат үркетін әйгілі адамдар. Әлі де сол адами қанағат түгілі, шексіз тойымсыздығы жан шошытарлық шіркіндерге қатысты қылмыстық істерді қарау жалғасуда, үдеріс барысында сотты болған олардың сыбайластық әрекеттерінің бір ұшы ғана жіпке оралған секілді. Зор магнит секілді заңсыз дүниелер мен сыртқа кеткен арам ақшаларды сорып алатын тегеурінді күшті аңсағанымыз тоқсаныншы жылдары бір басқа, әбден абыржығаннан, амал таусылып, жігер жасығаннан айтылса, бүгінде бұл міндет әділеттілікті орнату үшін ел сенімі мен мемлекеттің саясаты заң үстемдігімен қолға алынып, алғашқы нәтижелеріне қол жеткізуде. Бұл өте жауапты, өте сирек кездесетін әрекеттерге, ерекше тарихи және саяси мәні айрықша меселеге зор үмітпен қарап, оның дұрыстығына бек сенімділік туғызған – бірден-бір халық сұранысы.
Сол себепті ел мүддесіндегі күреске ерлікпен әділеттілікті негіздеген қоғамдық саясат та адалдық тұрғысында бағалануы тиіс. Бұл саяси дамуда жоқ жерден жоғын іздеген емес, көз алдауымен, арам пиғылмен жоғалған халық байлығын заң күшімен, қоғам талабымен, әлеуметтік әділеттілікпен кері қайтарудың халықаралық тәжірибедегі бірден-бір мысалы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бағытта ұстанған саяси ерік-жігері мен турашыл тұғыры тарихта өзінің әділетті бағасын алатын болады. Еш уақытта жігі ажырамаған жасампаздықтың қадірін жете білу мен көз жеткізудің артықшылығын енді осы жағдайда сараптап, сезіну өзгеше болары сөзсіз. Ұзақ жылдар бойы әсіремақтаншақтық пен жан беретіндей жағымпаздықтың салдары қандай екенін де сезінетін, бәріміз ұялатын сәттер аз емес.
Өзін өзгеден биік санайтын тәкаппар адамдарды тәрбиелеп шығарған қоғамды ешкім де ұнатпайды. Екіншіден, кешеге дейін парақорлық пен жемқорлықтың гүлденуіне бір кісідей ықпалдасып, жол ашып, ішіне қулығын жасырып, тайраңдап жүрген «танымал» егде кісілер аяқ астынан халықшыл болып, шылғи өтірікті ұялмай-қызармай айтып, сұхбат беруі де өткінші өкініш, олар өзі қалаған қоғамда заңды белден басып, шалқып өмір сүргендерін қалай жасырады? Қарттықтың жағалауына жақындаған адамдар жас ұрпақты екіұдай көңілге түсірмей, ұры-қары заманның зияндылығын ашып айтып, енді келешектің өрелі жастарын парасаттыққа баулып, олардың «Бұл заман – біздікі!» деп айтылар жаңа заманға тілеулестігінің өзінен жауапкершілік күтуге хақымыз бар.
Қоғамдық түсіністіктің өзіне де әділеттілік қажет. Ұлтқа қызмет етуде адалдық таныту тойларда ылғи фонограммамен ән шырқау жағдайындағы көз алдау, ойнақы сезімге еліктеу емес, нағыз кісілік арылудың мәні зор. «Өз бағаңды біл де, қалғанын қайтарып бер», демекші. Бұл жағынан қазір қоғам едәуір жеңілдеп, құндылықтар мен рухани ізгіліктерді көздің қарашығындай сақтау және ешкімге зиянынан басқа абырой әпермейтін қарекеттерден бойын аулақ ұстаудың уақыты сағат тіліндей ілгері жүріп тұр. Біздің қоғамның бүгінгі көңіл-күйі мен әлеуметтік ахуалы әлі де болса биліктен ірі өзгерістер мен батылдықты күтіп жүргенін жасыруға болмайды.
Ашығын айтсақ, жер-жерде жемқорлық пен парақорлықтың әлі де етек алып, жайылып жатқанына жұрт қайран қалуда әрі қатты наразы. Бір сәт, бір күнде жемқорлықтың тамырына балта шабылып, жойылмайтыны белгілі жайт. Дегенмен, естіген құлақта жазық жоқ, ашық ақпарат кездерінде жиі жазылып жүргеніндей, мәселен, қалалардағы мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасуы үшін астыртын пара сұрайды дейді. «Бұл қалай, сонда? Мектеп – мемлекеттің білім ошағы болса, онда сондай тәртіп болмай ма?» деп және аң-таң адамдар. Бай кісілер ақша пұлын берер, ал, оған әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы келіңкіремейтін өрімдей жас педагогтар не істейді, ә?! Сенімі жоғалмай ма? Тауы шағылмай ма? Құдды бір «кедейге кепесінің төбесіне шығып тұруы да үлкен мақтаныш» дейтін ескі таптық бөліністі оралтайын деп жүргендер кім?
Жалпы қоғам әдеттегідей бас пайдасын ойламай, жас шамасына қарамастан қара қылды қақ жарып әділ төрелігін айтуға қабілетті қайраткерлер мен адал, жандүниесі таза, шынайы мемлекетшіл ірі тұлғаларға зәрулік бар екенін сездіруде.
Дәл осы қалыпта біздің билікте «Еститін Үкімет» қағидасы өте өзекті әрі керекті мәселе. Діттеген темірқазық тәртіп және діңгек іргетасы мықты болуын қаладық. Дұрыс шешімнің қайтарымы да дұрыс болды. Алайда, адам санасын, құлқын, пейілін түзетуде шөп басын сындырмаған жағдай әлі де бар.
Қылмыс пен тәртіп-бұзушылыққа төзгісіз ахуалда да кінәрат бар болғаны – тәуір істің оңға баспай, обалына қалғандығына қарай «Қоғамдық бақылау туралы» заң аясында жүйелі жұмыс неге жүргізілмейді? Бұл көптен күткен заң биыл сәуір айында күшіне енгелі бері қандай игі тірлікке заңдық күш бергеніне байланысты қандай да бір мысал келтіре аламыз ба? Елімізде әртүрлі деңгейдегі Қоғамдағы кеңестердің пәрменді жұмыстарынан да күтеріміз көп еді, саяси ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктердің де белсенді қызметі есеп беру статистикасы емес, қоғамдық серпіліс пен ықпалдасуға байланысты жанашыр іс-қимыл әрекеттері болуы керек-ақ. Кейде бос сөйлеп, арзан сөзді қарша борататындардың қарасы көбейіп кетті.
Біз көп сөз сөйлейтін кезден өттік, көп іс атқаратын заманға жеткеніміз рас болса, ел көзінен тасада қалып, жұртшылықтан жасыра алмайтын өткір әлеуметтік, мемлекеттік талапшылдықты тереңдетуге қатысты мәселелерді дер кезінде реттеп алуымыз керек деп ойлаймыз. Ел бірлігі мен қоғамдық түсіністікке салқынын тигізетін мәселелерде ұсақ-түйек болмайды.
Жаңа уақыт, жаңа дәуірдің алға жетелейтін талаптары мен қоғамдық ой-санадағы сілкіністі өзгерістеріне сай болып, оларды тұрақты қолдау әр адамның, әсіресе, әртүрлі деңгейдегі ел басқарушылардың бойында, алып кәсіпорындар мен компаниялардың жұмысында, барлық әлеуметтік салада ашықтық, терең әділеттілік және қатаң тәртіптілік қасиеттердің орнығуымен аса маңызды. Сонда ғана біз құқықтық тәртіп пен құрметке негізделген әрі мәдени құндылықтарымызды қастер тұтатын қоғамды бірге құра аламыз.
Зымыраған уақыт замандарды зерделеп, елеп, екшеп, әлі-ақ зейініңді аша түседі. Жаңару мен жаңғыртудың әрбір ойласқан, оң қадамы бәрімізге ортақ жауапкершіліктерді де жүктейді. Біздіңше, қай істе болмасын ұлттық намыс пен ар-ожданы бәрінен биік тұрып, бір-бірімізге жанашыр жүрекпен қарау мейлінше қажеттілік. Кез келген адамның өмірде қандай соқпаққа түсеріне өскен орта мен уақыттың әсері зор. Қазіргі кезеңде де ұлттық және рухани сананы жаңа уақыт және заман талаптарымен жетілдіру баршаға ортақ ұлттық парыз екенін еске салғанды жөн санаймыз.
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді