Ауыл өнерпаздары халықтың көңілін серпілтіп, жұмысқа ынталандыра түсу үшін мәдени іс-шараларды түрліше ұйымдастырып отыруды ойластырған.
– Облысымыздың 85 жылдығына орай ел ішінде түрлі форматта мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, барынша халықтың рухани байлығын арттыру бағытында қызмет етуге көңіл бөлеміз. Бұл жолы ауылымыздағы «Нартай» шаруа қожалығының егін алқабындағы жұмысшыларға концерттік бағдарламамен бардық. Қожалық басшысы Берік Қарағойшиев құрметпен қуана қарсы алды. Әншілеріміз Е.Сегізбаев, Г.Қорабаева, Г.Пірімқұлова, Г.Лақовамен бірге өзім де ән айттым. Этно фольклорлық тобымыз М.Өзбековтың «Келші Құланға» әнімен бастап, халық әні «Дүние-ай», «Ой бұраң бел», «Дедімай-ау», «Белеске» және А.Садықбектің «Қырманға кел, қалқатай» әнімен концертімізді жалғадық. Егінші шаруалар көңілдерінің көтеріліп, концерттің тамаша болғанын айтып, алғыстарын жаудырды, – дейді осы істің басы-қасында жүрген Абай ауылдық клубының мәдени іс-шара ұйымдастырушысы Күлімкөз Пірімқұлова.
Дала еңбеккерлеріне арналған концертті Естайдың термесімен бастаған Гүлназия Пірімқұлова – Халық әртісі атанған Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті.
– Біздің балалығымыз да, жастық шағымыз да кеңес үкіметінің кезінде өтті. Сол кездері осындай жаз мезгілінде еңбекке жарамды адамның бәрі алқапқа кететін. Біз сол алқапты аралап жүріп, шаруалардың қонысына барып, концерт қоятынбыз. Ол, тіпті тұрақты үрдіске айналып, жұмысшылар өнерпаздардың келуін асыға күтетін. Кейін күзгі жиын-терін уақытында да әр кеңшарда жұмысшыларға арналған сабантой кең көлемде ұйымдастырылатын. Міне, біз шаруалар қайда болса, сонда барып, өнер көрсетіп, күнұзаққа бел жазбай еңбек ететін жандарды серпілтіп, халықтың әуенімен, шығармаларымен жігерлендіруге барымызды сала қызмет ететінбіз. Кейін кеңшар тарап, шаруашылық та жекеменшіктерге өткен соң, әлгі үрдіс те үзілген болатын. Міне, енді Абай ауылында ескіні еске салып, қосынға арнайы барып, дихандарға өнер көрсеттік. Расында бұл жақсы дүние, басқа ауылдарда да жалғасын тапса, қуанар едік, – дейді дәстүрлі әнші, ауданның Құрметті ардагері Гүлназия Құлмаханқызы.
Егін алқабына өнерпаздармен бірге Абай ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Берік Әмреев те барып, шаруалардың жағдайымен танысты. Астығы жайқалған алқапты әсем әуенге бөлеген өнерпаздарға ризалық білдірген шаруалар алғыстарын жаудырды.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Т.Рысқұлов ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді