Бес жыл артқа шегінсек, 2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет басшылығына келген тұста барлық жергілікті әкімдерге әлеуметтік желіде жеке парақша ашуды міндеттеген болатын. Қарапайым халық желіні жиі пайдаланатын болғандықтан ел ішіндегі проблемалар көбіне сонда талқыланып жатады. Міне, осы тұста жергілікті билік ел ішіндегі ахуалды бақылауға алып, бұқараның көкейіндегі көп мәселеге еркін бойлай алатыны белгілі болған еді. Мемлекет басшысы өз сөзінде әлеуметтік желідегі жұмыстың маңыздылығына тоқталған болатын.
«Халықпен және бизнеспен тиімді коммуникация жүйесін орнату керек. Әр орталық және жергілікті атқарушы органда азаматтармен тікелей және кері байланыс орнату үшін тұрақты алаңдар жұмыс істеуі тиіс. Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн режимде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады. Қазір адамдар үшін дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдары емес, әлеуметтік желі негізгі ақпарат көзіне айналған. Салдарынан адамдар жалған мәліметке жиі тап болып, шынайы ақпарат жетіспей қалады. Сол себептен «тыңдай алатын мемлекет» тұжырымдасына көшу, яғни халықпен тікелей онлайн байланыс орнату қажет», – деді Президент.
Президенттің осы пәрменінен соң желіде шенеуніктердің ресми парақшалары көбейді. Бүгінде қай-қайсысы да хал-қадері жеткенше өз жұмыстарын күн сайын желіге жариялап, бұқарамен үнемі байланыста жүруді күн сайынғы дағдыға айналдырған. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында елдегі ахуал мен әлеуметтік көңіл-күйдің ауаны анық байқалады. Билік жүргізудің мұндай тетігі дамыған мемлекеттердің тәжірибесінде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Азаматтық қоғамның нығаюы халықтың өз мәселесін желіге сауатты жеткізуіне де байланысты. Бұл ретте біздің өңірде атқарылып жатқан іс аз емес. Мәселен, облыс әкімдігінің ұсынған ақпаратына сүйенсек, әлеуметтік желілерде биылғы қаңтар-маусым айларында өңірдегі жергілікті атқарушы органдарға қатысты сыни бағыттағы 2590 мәселе анықталып, тиісті жұмыстар жүргізілген. Жеке тоқталсақ, Тараз қаласына қатысты түскен сауалдардың басым көпшілігі тұрғын үй, жол, жарықтандыру, қоқыс мәселесіне байланысты. Ал, аудан әкімдіктеріне жайылымдық жер, жол, интернет, су тапшылығы бойынша тұрғындар тарапынан сауалдар жиі түседі. Сауалдардың 348 - і облыс әкімдігінің басқармаларына , 2242-і Тараз қаласы мен аудан әкімдіктеріне қатысты. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің басқармаларына, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларына күнделікті мониторинг жүргізіледі. Мониторинг барысында облыс бойынша мемлекеттік ақпараттық саясаттың іске асырылуы, Президенттік реформаларды халық арасында түсіндіру жұмыстары, мемлекеттік қызметтер, қала, аудан жаңалықтары, түрлі бағыттағы спорттық және мәдени іс-шаралар, атаулы күндер, облыс және қала әкімдерінің есебі, тікелей эфирлер және тағы да басқа тақырыптар бойынша күнделікті жарияланған ақпараттар индикаторға сәйкес бөлінеді. Сонымен қатар, қала мен аудан әкімдерінің «instagram» және «facebook» желісіндегі парақшаларында зерделеу жұмыстары жүргізіледі.
Әкімдердің желідегі белсенділігі, уақтылы кері байланысқа шығуы, жеке парақшаларында жарияланатын ақпараттардың сапасы, жазылушылардың жалпы саны, жазылған пікірлер сынды параметрлер негізге алынады. Жыл басынан, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында 17 773 пост жарияланса, облыс әкімдігінің басқармаларының парақшаларында 7953 пост жарияланған.
Мұндай жүйелі жұмыстарды жүргізуде ресми органдарда қызмет ететін баспасөз хатшыларының рөлі өте зор. Олар барлық жазбаларды зерделейді, жүйелейді, басшылыққа жеткізіп, мәселенің жай-жапсарын анықтайды. Нәтижесінде сауал тастап отырған тарапқа міндетті түрде кері байланыс беріп, кемшіліктердің салдарын жоюға күш салады. Нақтылай айтқанда, бұқара мен билік және жергілікті билік пен БАҚ арасындағы алтын көпірге айналады. Өңірде осы міндетті мүлтіксіз атқарып жүрген облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жанғазы Ахметов халыққа кері байланыс беру – әкімдік жұмысының негізі тармақтарының бірі екенін айтады.
– Бізде Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Алайда, әлеуметтік желінің әлеуеті артқан сайын кері байланыс күрделі мәселеге айналып келеді. Себебі, халық көп, әр тұрғынның қолында бір-бір смартфон. Олар қалаған уақытта, қалаған мәселесін жаза алады. Олардың әр сауалына жауап беру арқылы ауқымды жұмыс жүргіземіз. Кейде тұрғындар көптің көкейіндегі мәселеге дөп түсіп жазба жариялайды. Мұндай жағдайларды бірден назарға алып, жауап береміз. Бұл жауап облыс әкімінің баспасөз қызметі тарапынан ғана ұйымдастырылмайды. Өйткені, қандай да бір саланың жұмысын тікелей жүргізіп отырған басқарма басшылары, аудан әкімдігі бар. Олардың кері байланыс беруін де қадағалап отырамыз. Бізде арнайы алгоритм әзірленген. Осы бойынша тұрғынға бір сағат көлемінде кері байланыс беріп, реакция жасаймыз. Ол «сұрағыңыз қабылданды, міндетті түрде жауап беріледі» деген мазмұнда болады. Одан кейін сұрақтың күрделілігіне қарай бір тәуліктің ішінде жауап беріледі. Кейде бірнеше тәулікке дейін созылуы мүмкін. Біз барлық басқармалардың, басқарма басшыларының, аудан әкімдерінің парақшасын тұрақты түрде бақылап, мониторинг жүргізіп отырамыз. Парақшаларындағы белсенділік, кері байланыс көрсеткішіне мониторинг жасап, ішкі талқылау жүргізіп, ай сайын облыс басшысына ақпарат ұсынып отырамыз. Облыс басшысымен өтетін жиналыстарда бұл мәселе кемінде он-он бес минут талқыланып, олардың жұмыстарына баға беріліп отырады. Негізінен кез келген салада, аудандарда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Сол жұмыстарды бұқараға көрсете білу керек. Бұл – басты талап. Кейбір басқармаларда нәтижелі жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ, онысы көзге көрінбейді. Журналистер сұрау сұрағанда ғана жауап береді. Сол үшін біз оларға жұмыстарын ашық көрсетуді, журналистермен тығыз жұмыс істеп, республикалық, облыстық басылымдарға өз ұсыныстарымен материал беріп отыруды міндеттейміз. Қазір бұл бастамамыздың қорытындысын нақты айта алмасақ та, кейбір басқармалар жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Сондай-ақ, посттарға жазылған пікірлерді де үнемі бақылауда ұстаймыз. Оларға жауап беруін талап етеміз. Облыс әкімдігінің ресми парақшаларына да, жекеге келген хаттарға да дер кезінде реакция білдіріп, саласына қарай бөліп, тиісті мамандардан ақпарат алып, жауап беруін міндеттейміз. Одан бөлек әрбір әкімнің ресми парақшасы болуын және оны тұрақты жүргізуін де жіті қадағалаймыз, – дейді Жанғазы Сембайұлы.
Ой айту мен мәселе көтерудің заманауи алаңын тиімді пайдалануда халық белсенділігі бәсеңдеп тұрған жоқ. Қайта пікірде айтылғандай, желі қолданушыларының саны артқан сайын, болмашыға байбалам салатындар да, түйткілді сауатты түрде жеткізетіндер де баршылық. Бұл өз кезегінде белгілі деңгейде қиындықтар тудырады. Десек те уақтылы мониторинг жүргізудің арқасында бұқараның желіде жария еткен базыналары жауапсыз қалмайды. Осындай жүйелі жұмыстың арқасында қай салада қанша мәселе көтерілгенін, қай ауданның әкімдігіне қанша жазба жарияланғаны жайлы толық ақпаратқа ие болып отырмыз. Мәселен, жыл басынан бері Тараз қаласы әкімдігінің «Facebook» желісіндегі парақшасына 1140, ал «Instagram» парақшасына 1226 пост жарияланған. Көршілес жатқан Байзақ ауданы әкімдігінің «Facebook» желісіне 1571 , «Instagram» парақшасына 1321 пост жарияланған. Жуалы ауданы «Facebook» желісіне 1023, Instagram-ға 859 пост, Талас Facebook-қа 723, Instagram-ға 695, Сарысу Facebook-қа 1566, Instagram-ға 1112, Қордай Facebook-қа 857, Instagram-ға 795, Мойынқұм Facebook-қа 752, Instagram-ға 708, Меркі Facebook-қа 626, Instagram-ға 728, Т.Рысқұлов ауданы Facebook-қа 377, Instagram-ға 557, Шу ауданы Facebook-қа 117, Instagram-ға 84 жазба қалдырған. Бұл көрсеткішке қарап әрбір аудан әкімдігінің желідегі белсенділігін оңай бағамдауға болады.
Шыны керек, бүгінде кері байланыс дегенде, көптің көзіне әуелі әлеуметтік желі елестейді. Алайда, бұл бағыттың тетіктері тек желімен ғана емес, жергілікті әкімдіктерге келіп түсетін өтініштер мен шағымдарға жауап берумен, халықпен жыл сайын тұрақты өтетін кездесулермен де байланысты. Одан бөлек, қазіргі таңда өңірде «Жамбыл облысының Бірыңғай 109 қызметі» тұрақты әрі белсенді жұмыс істеп тұр. Облыстың тіршілікті қамтамасыз ету және қауіпсіздік мәселелері жөніндегі Бірыңғай байланыс орталығының жұмысына бүгінгі таңда облыс әкімдігінің барлық құрылымдық бөлімшелері, соның ішінде коммуналдық және мердігер ұйымдар, сондай-ақ мүдделі аумақтық мемлекеттік органдар біріктірілген. «Jambyl 109» қызметіне биыл қаңтар айының 1-інен шілде айының 18-і аралығында облыс тұрғындарынан 34 018 өтініш түскен (Call-байланыс орталығы – 30708, Instagram – 1137, WhatsApp – 2089, Telegram чат-боты – 41, Facebook – 34, «AIKEY» Мобильді қосымшасы – 9). Өтініштер тиісті мекемелерге жолданған. Оның ішінде 18 186 жағдай, 448 арыз, 73 ұсыныс және 15 263 кеңес, 48 алғыс бар. Түскен өтініштердің 29 938-і қанағаттандырылып, 691-і жұмыс барысында, 2 959 өтініш мерзімінен кешіктіріліп жабылған. Ал, 403 өтініштің мерзімі ұзартылса, 26-на мүлдем жауап берілмеген. Аталған қызметтің негізгі бағыты жөнінде бізге оның басшысы Бақкелді Далабаев жауап берді.
– «Jambyl 109» қызметінің мәні мен мақсаты – «109» қысқа нөміріне қоңырау шалу арқылы облыс тұрғындары мен қонақтарының тұрмыстық сипаттағы жергілікті коммуналдық қызметтер мәселелері бойынша түрлі байланыс құралдары арқылы өтініштерін қабылдау, өңдеу, облыстық мемлекеттік мекемелермен бірлесе отырып өтініштердің орындалуын жүзеге асыру. «Jambyl 109» қызметі әр өтініш бойынша орындалған жұмыстарды саралап барып, өтініш берушіге жауап береді. Тұрғындармен кері байланыс орнатудың қиыншылығы жоқ. Қайта беріліп жатқан жауаптармен жұмыс істеу қиындығы жоғары. Өтініштердің басым көпшілігі бюджет қаражатына қатысты болғандықтан, орындалуы мен қарау мерзімдері бойынша жауапты мекемелерден келген жауапқа тұрғындар қанағаттанбай қалатын сәттер жиі кездеседі. Қала мен аудандар бойынша жүргізілетін жоспарлы жұмыстар алдағы үш жылға құрылады. Олар: көше жарығын орнату, асфальт төсеу, балалар алаңын орнату және тағы да басқа мәселелер. Жедел әрекетке жарық, жылу мен су мәселесі, қаланың дамуы бойынша түскен өтініштер жатады, – дейді диспетчерлік қызмет басшысы Бақкелді Далабаев.
Сонымен қатар, облыс әкімдігіне түсетін өтініштер де дер кезінде қаралып, халықтың өтініші мен шағымдары оңтайлы түрде қанағаттандырылуда. Мәселен, облыс әкімдігі, облыстың жергілікті атқарушы органдарында ағымдағы жылдың алты айында 38 071 өтініш тіркеліп, оның ішінде облыс әкімі аппаратына 2 964 өтініш түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,5 пайызға кеміген. Статистикалық көрсеткіштерге сәйкес 38 071 өтініштің 25 812-сі арыз, 2 520-сы шағым, 6 846-сы сұраулар, 1 800-і хабарлама, 1 035-і ұсыныс, 58-і үн қосу. Өтініштердің жалпы санынан бөліп қарағанда 2024 жылдың алты айында басым көпшілігі Тараз қаласына – 10 058, Шу ауданына – 3 782, Қордай ауданына – 1783, Т.Рысқұлов ауданына – 1 213 түскен. Сондай-ақ, облыс тұрғындары атынан Президент Әкімшілігіне 211, Үкімет Аппаратына 134 өтініш түсіп, оларға белгіленген мерзімінде тиісті жауаптары берілген. Талдау көрсеткендей, түскен өтініштердің 30,5 пайызы жер, 14,5 пайызы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, 12,7 пайызы білім саласы, 8,1 пайызы жұмыспен қамту, әлеуметтік көмек көрсету, 2,8 пайызы тұрғын үй мәселесі, 2,6 пайызы ауыл шаруашылық салаларына қатысты. Жыл басынан бергі алты айда облыс бойынша барлығы 2 590 қабылдау өткізіліп, 5 560 азамат қабылданған. Аудандар мен қалалардың әкімдері, облыс басқармаларының басшылары 2 530 қабылдау өткізіліп, 4 988 азамат қабылданды. Қабылдауда болған 1 154 азаматтың мәселелері қанағаттандырылса, 4 386-на түсіндірме берілген.
Әрине, сандарды сөйлеткенде бұл көрсеткіштер құрғақ ақпарат болғанымен, атқарылған жұмыстың ауқымын айғақтайды. Осыдан бірнеше жыл бұрынғыдай емес, өңірде кері байланыс бағыты біршама жүйеге қойылған. Жіті жүргізілген мониторинг пен ұдайы қадағалаудың арқасында осындай ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже барын көріп көңіл марқаяды. Жоғарыда атап өткеніміздей, дер кезінде берілген кері байланыс – көптеген кемшіліктердің шешімі болып отыр.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді