ПАЛУАНДАРЫМЫЗ БІЛГЕНІНЕН ЖАҢЫЛДЫ МА?
Жалпы, Әбиба екі жылдан бері 12 рейтингтік жарыста жеңіс тұғырына көтерілді. Нәзікжанды аруымыз биылдың өзінде өзі бақ сынаған алты халықаралық додалардың бесеуінде атой салды. Әзірге бірде-бір дзюдошы дәл мұндай тұрақтылығымен мақтана алмайды. Осы себепті, қазақ жанкүйерлері Əбиба Парижде де атой салады деп үміттенді. Рас, Əбужақынова жарысты жақсы бастады. Алғашында израильдік Шира Ришониді тактикалық тұрғыдан ұтқан ол кейіннен тайпейлік Лин Чен-Хаоны 17 секундта алып ұрды. Ал, ширек финалда испаниялық Лаура Мартинес Абелендамен тең дəрежеде айқасып жатып, абайсызда оның «қақпанына» түсіп қалды. Осылайша, Еуропа чемпионатының қола жүлдегері біздің қыздан айласын асырды. Бірақ, Әбибаның әлі де болса өзін көрсетер мүмкіндігі бар еді. Тұрымтайдай қыз бұған дейінгі дүбірлі дүрмектерде өжет мінез бен қайтпас қайсарлық танытқан. Сонымен, отандасымыз жұбаныш белдесуінде парагвайлық Гарбриэла Нарваеспен кездесті. Белдесу басталысымен-ақ қарсыласын «осаэкоми» əдісі бойынша татамиде 20 секунд тырп еткізбей ұстаған қандасымызға қола медальға таласуға жол ашылды. Оның бұл жолғы қарсыласы 18 жастағы Швецияның жас жұлдызы – Тара Бабулфат. Өкінішке қарай, татамиде тым сылбыр қимылдаған Əбужақынова тізгінді Тараға беріп қойды. Скандинавия түбегінен келген сұлу бұл мүмкіндікті қалт жібермей, біздің қызды қапыда қалдырды. Сөйтіп, жеңіс тұғырына көтерілуге тиіс Əбиба бесінші орында қалып қойды. Ал, аса жеңіл салмақтың бас жүлдесін жапониялық Нацуми Цунода жеңіп алды.
ҚЫРҒЫЗБАЕВ – ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕР
Өткен ғасырдың 50-60 жылдары Ғұсман Қосанов есімді мықты спортшы болды. Даңқты желаяқ қысқа қашықтыққа жүгіруде алдында жан салмай, талай рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Нәтижесінде семейлік жігіттің маңдайына қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада жүлдегері атану бақыты бұйырды. Ал, арада 60 жыл өткенде қазақ даласынан тағы бір Ғұсман шықты. Ол – Ғұсман Қырғызбаев. Бірақ, Түркістан облысының тумасы жеңіл атлетиканы емес, дзюдоны таңдады. Өз несібесін осы спорт түрінен тапқысы келген палуан 2019 және 2022 жылдары Əл-Фуджайра мен Астанада Азия біріншілігінің қола жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, 2021 жылы Будапештте əлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Париж Олимпиадасында 66 килограмм салмақта күрескен Ғұсман кіл мықтылармен айқасты. Тұсаукесер кездесуде қандасымыз Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, үздіктер тізімінде 9 нөмірлі испаниялық Давид Гарсия Торнені тізе бүктірді. Іле-шала Рио Олимпиадасының күміс, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, əлем чемпионы, əлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы, оңтүстік кореялық Ан Баулды екі жеңінен ұстап, алып ұрды. Қырғызбаев үшін ширек финалдық сайыс аса ауырға соқты. «Гран-Пале-Эфемер» кешеніне жиналған көрермендер Əлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Валид Хиярды керемет қолдады. Жергілікті дзюдошыға бүйрегі бұрған төреші бəсеке бел ортадан асқан тұста қазақ палуанына екінші шидо көрсетті. Ғұсманға енді тағы бір ескерту берілсе, жарыс жолынан шығып қалу қаупі төнді. Содан намысқа тырысқан отандасымыз айқастың аяқталуына 7 секунд қалғанда əдіс жасамақ болған Хиярды үстінен басып қалып, жеңісті жұлып əкетті.
Оңтүстіктің өрені жартылай финалда бразилиялық Виллиан Лиманы да жеңе алатын еді. Алайда бұл межеде Ғұсманның күресі жүрмеді. Ол Лиманың ырқына оңай көніп, оның жетегінде кетті. Осылайша, кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған 24 жастағы Виллиан қандасымызды қапыда қалдырды. Бұдан кейін, үшінші орын үшін Қырғызбаев Сербияның саңлағы Страхания Бунчичпен күресті. Ермек Нəсиевтің шәкірті белдесудің оңтайлы тұсында Бунчичтің осал тұсын тауып, сырттан шалып құлатты. Сөйтіп, Ғұсман Қырғызбаев Олимпия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бір айта кетерлігі, Ғұсманға да Олимпиада белесі 32 жасында бағынды.
ДАНИЯР НЕГЕ ДАРАЛАНА АЛМАДЫ?
Апта басында 73 килограмда өнер көрсеткен жалғыз дзюдошымыз Данияр Шамшаевқа зор сенім артылды. Өйткені, 22 жастағы спортшымыз екі жыл бұрын Астанада өткен Азия чемпионатында небәрі 2 минут 29 секундта бас жүлдені иемденген еді. Нақтылай түссек, ол шақта Даниярға үндістандық Суреш Сингх Нингхоужам мен тəжік стандық Бехруз Қожазожданы 42 секунд, өзбекстандық Мұратжон Юлдашевты 31 секунд, қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті жеңу үшін бар-жоғы 34 секунд қажет болды. Содан болар, бүкіл ел бұл жолы да оны тұғыр биігінен көргісі келді.
Париж Олимпиадасының тұсаукесер кездесуінде Данияр Мұратжон Юлдашевпен күш сынасты. Айта кетейік, Өзбек елінің ақ үмітін біздің жігіт Астанадағы жарыста жарты минутта жайпап салған. Әйткенмен, француздардың топырағында ел сенімі ақталмады. Мұратжонға қарсы бəсекеде үш «шидо» алған Шамшаев жарыстан шеттетілді. 73 килограмда дүниежүзілік рейтингте бірінші орын иегері, қазақ жерінде кіндік қаны тамған әзірбайжандық Хидаят Гейдаровтың асығы алшысынан түсті. Жарыс барысында Тохар Бутбул (Израиль), Артур Маргелидон (Канада), Акил Гякова (Косово) жəне Жоан-Бенжамен Габаны (Франция) жолынан ығыстырған палуан «мəңгі тозбас» атаққа қол жеткізді. 27 шілдеде 27 жасқа толған Гейдаров өзінің туған күніне керемет сый жасап, Олимпиада чемпионы атанды. Молдованың туы астында өнер көрсеткен тағы бір əзербайжандық дзюдошы Əділ Османов пен жапониялық Сойши Хашимото қола медальды мойнында жарқыратты. Əйелдер 56 килограмм салмақтың жүлделерін сарапқа салды. Бұл тартыс Канаданың намысын қорғап жүрген жапон қызы Криста Дегучидің жеңісімен аяқталды. Əлемдік рейтингте көш бастап тұрған əккі палуан финалда Оңтүстік Кореяның өкілі Ха Мимиден жеңісті жұлып алды. Жапониялық Харука Фунакубо мен франциялық Сара-Леони Сизик үшінші орынға табан тіреді.
ҚАМШЫБЕК ҚАМШЫ САЛДЫРМАС ДЕП ЕДІК...
Парижге толық құраммен барған бокстан еліміздің ерлер құрамасы ә дегеннен жеңілістің ащы дәмін татқаны өкінішті-ақ. 71 килограмдағы Асланбек Шымбергенов шыңнан құлағанда еріксіз көз жасымыз төгілді. Олимпиаданың ашылу салтанатында қазақтың көк байрағын ұстап шыққан жерлесіміз қатардағы көп боксшының бірі емес. Ол – ұлттық команданың капитаны. Әлем жəне Азия чемпионы, Азия ойындарының екі дүркін жүлдегері. Спорттық мансабындағы ең ірі додада ойда-жоқта Иорданияның өкілі Зейяд Ишаишке есе жібергенде дел-сал күй кешкеніміз жасырын емес.
Ал, аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев рингке көтерілгенде бордай үгітілген үміт ақталар деп ойладық. Токио Олимпиадасында қола, əлем чемпионатында екі, Азия ойындарында бір жəне құрлық біріншілігінде төрт күміс алған қазақтың нар тұлғалы боксшысы қамшы салдырмас деп едік. Отандасымыз əлем чемпионатының қола жүлдегері, Еуропа чемпионы, испаниялық Айюб Гадфа Дриссимен айқасқанда жан-тәнімізбен жанкүйер болдық. Сенім артқан саңлағымыз сан соқтырарын кім білген?! Қызылордалық жігіт Пиреней түбегінен келген еңгезердей боксшының осал тұсын таба алмады. Жасыратын несі бар, бұл сында Қамшыбек тəуекелге бармай, жасқана қимылдап, қолын ара-тұра ғана сілтегені болмаса, әбжіл әдістер көрсете алмады. Нәтижесінде ол елге құр қол қайтуға мәжбүр болды. Кездесудің қорытындысында бес төрешінің үшеуі Дриссиді мықты деп таныды.
Бір қуанарлығы, былғары қолғап шеберлері Мұхамедсабыр Базарбайұлы, Айбек Оралбай мен Назым Қызайбай жарысты жеңіспен бастады. 63,5 килограмм дәрежесінде сынға түскен Мұхамедсабыр испаниялық Ойер Ибареччені еш қиналмай ұтты. Сейсенбі күні өзінің екінші кездесуін өткізген ұлттық құраманың ең жас спортшысы 1/8 финалда Азия ойындарының финалисі, Азия чемпионатының қола жүлдегері тайпейлік Лай Чжуэньмен қолғап түйістірді. Аса шиеленісті бəсекеде Мұхамедсабыр 3:2 есебімен жеңіс тойын тойлады. Осылайша, ол ширек финалдық жекпе-жекке жолдама алды. Ал, әке үмітін ақтауды көздейтін егіз боксшының бірі – Айбек Оралбай нигериялық Олетен Олаорені бірінші раундта бір есеңгіретіп алды. Одан кейін де қарсыласын жақсылап тұрып төмпештеген ол күмəнсіз жеңіске қол жеткізді. Енді ширек финалда күш сынасатын отандасымыз келесі қарсыласын күтуде.
Он алты жасында спорт шебері атанған Назым Қызайбай Олимпте атой салуды көздеген спортшы. 50 килограмм салмақта жұдырықтасқан оның алғашқы қарсыласы Джордана Соррентино болды. Біздің қыз бірінші жекпе-жегінде италиялықты 4:1 есебімен жеңіп, Олимпиада ойындарының келесі айналымына өнер көрсету құқығына ие болды. Нәзікжанды Назым енді шаршы алаңға қайта шығады. Атап өтейік, 28 шілдеде өткен кеште Руслан Абдоллаевтың да айдарынан жел есті. Өзбекстанның намысын қорғаған қазақ жігітінің мексикалық Мигель Анхель Мартинестен мерейі үстем болды.
ТЕННИСШІЛЕР ТЕГІС ҰТЫЛДЫ
Жарақатын желеу еткен Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева айтулы жарысқа қатысудан бас тартқанда, сарапшылар теннисшілеріміздің түгел ұтылатынын айтып дабыл қаққан еді. Майталман мамандардың айтқаны айдай келді. Парижге топырлап барған теннисшілеріміз тегістей ұтылды. Тіпті, біздің ойыншыларымыз алғашқы айналымнан әрі аса алған жоқ. Есесіне, үстел теннисінен өтіп жатқан турнирде Кирилл Герасименко табысты өнер көрсетіп келеді. Бастапқы бəсекеде чилилік Николас Бургостан басым түскен еліміздің бірінші ракеткасы іле-шала Германия құрама командасының мүшесі Цю Даннан айласын асырды. Енді ол 1/8 финалда мысырлық Омар Ассармен шеберлік сынасады. Ал, бадминтоншы Дмитрий Панарин канадалық Брайн Янннан жəне семсерлесуші Əйгерім Сарыбай франциялық Манон Брюнеден ұтылып, жарыстың екінші бөлігіне шыға алмады. Оның алдында ғана тəжірибелі нояндар – Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Эльмир Əлімжанов сүрінген еді.
МЕРГЕНДЕР МҮЛТ КЕТТІ
Ұмытпасаңыздар, 1996 жылы Атлантада алауы тұтанған Олимпия ойындарында отандық нысана көздеушілеріміз үш жүлде алған еді. Сол шақта 50 метрлік қашықтықтан жатып атуда күміс медальды иеленген Сергей Беляев екі рет жеңіс тұғырына көтерілді. Беляев бұдан кейін үш қалыпта атуда да дəл сол нəтижені қайталады. Ал, 25 метрлік қашықтықтан тапанша атуда Владимир Вохмянин қола медальды мойнында жарқыратты. Міне, Атлантадан кейін нысана көздеушілеріміз бірде-бір ғаламдық додада топ жара алмады. Тек арада 28 жыл өткенде құралайды көзге атқан мергендеріміз осы сəтсіздіктің сеңін бұзып, өз көрермендерін қуантты. Парижде Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальды салған – дəл сол спорт түрінің өкілдері. Құрамында Александра Ле мен Ислам Сəтпаев сынды мергендері бар Қазақстан командасы пневматикалық мылтықпен 10 метрлік қашықтықтан атудан «кіші» финалда Германияны 17:5 есебімен ойсырата ұтып, қола медальды еншіледі. Ал, осы жарыстың бас жүлдесін қытайлық Хуан Юйтин мен Шэн Лихао олжаласа, Оңтүстік Кореяның оғландары Кым Джихен мен Пак Ха Джун күміспен күптелді.
– Шынымды айтсам, қазір қуанышымда шек жоқ. Осы жаттығу бойынша шəкірттерімнің медаль алатынын алдын ала сезген едім. Өйткені, Александра мен Исламның аяқалысын көріп жүрмін. Екеуі де əлемдік деңгейде жүлдеге таласа алатын спортшылар екенін əлдеқашан дəлелдеген. Олар Азия чемпионаты мен Əлем кубогі кезеңдік сайыстарында дəл осы бағдарлама бойынша үнемі финалға шығып жүрген. Тек соңғы сəтте сəттілік жолдас болмай жүрді. Ал, бұл жолы көздеген мақсатымызға қол жеткізіп, көңіліміз бір марқайып қалды, – деді сол сәтте Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ольга Довгун.
Бірақ, бас бапкердің де, бүкіл елдің де қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Айталық, нысана көздеуден Никита Чирюкина мен Ирина Юнусметова іріктеу сынында 11-орында қалып қойды. Сондай-ақ, 10 метрлік қашықтықтан пневматикалық мылтық атуда Александра Ле алтыншы сатыға жайғасты. Құрамында Ильфат Абдуллин, Александр Еременко жəне Дəулеткелді Жаңбырбай сынды мергендері бар садақ атушылар 1/8 финалда Италия спортшыларына 4:5 есебімен жол берді.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ:
Қазақстандық спортшылар күні кеше триатлон, нысана көздеу, стенд ату, бокс, үстел теннисі, спорттық гимнастика, волейбол және жүзу сынды спорт түрлерінен бақ сынасты. Осы күні Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен спортшылардың қатарында жоғарыда сөз еткен саңлақтар да бар. Бұл жөнінде газетіміздің алдағы нөмірінде тарқатып айтатын боламыз. Бастысы, біздің ұландар дүбірлі додадағы санаулы жүлдеден кейінгі үзілісті бұдан әрі сәтті жалғай алса игі. Өйткені, қазақ елі бүкіл әлем жұртшылығы көз тігіп отырған Париж Олимпиадасынан тек жеңісті сәттерді күтеді.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді