«Серпін-2050» бағдарламасы ел аумағында 2014 жылдан бері жүзеге асып келеді. Негізінен индустриялды өңірлерді жас мамандармен қамтуға бағытталған бағдарлама онжылдықта орасан жұмыс атқарып үлгерген. Сондықтан болар, биыл бағдарламаға бөлінген гранттар саны артып, 3903- ке жеткен. Оның ішінде педагогика саласына – 2500, инженерия, өңдеу және құрылыс саласына – 700-ге жуық грант бөлінсе, IT – 300, ауыл шаруашылығы және биоресурстар бағытында – 70-ке жуық квота бар. Соның нәтижесінде еліміздің солтүстігі, шығысы мен батысындағы сегіз өңірдегі 19 жоғары оқу орнында білім алуына мүмкіндік берілді. Жастар өңірлердегі кадрлық сұранысқа байланысты педагогикалық ғылымдар, инженерліктехникалық, ақпараттық технологиялар, ауылшаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсе алады. Одан әрмен оқуын тәмамдаған соң сол өңірлерде екі жылдық еңбекпен өтеу кезеңі бойынша жұмыс атқарады. Ал, оқу орындары мен өңірлерді таңдау қашанда жастардың өз еншісінде. Өйткені, мемлекеттік гранттар өңірлерге емес, оқу ордаларына бөлінеді. Осы бағытта М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің оқу базасында жыл сайын бағдарлама аясында қамтылатын университеттердің өкілдері түсіндірме жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Бұл қатарда М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті де бар. Аталған университет қос дипломдық білім жүйесі мен заманауи бағыттағы оқу базасымен жастардың сұранысын арттыра білген.
– «Серпін» бағдарламасына қатысатын талапкерлерден құжат қабылдау жұмыстары өткен аптада аяқталды. Еліміздің солтүстік, шығыс және батыс өңірлерінен келген 15-тен астам ЖОО өкілдері талапкерлерге білім бағдарламасы және оқу орындарының мүмкіндіктері туралы толық ақпарат беру жұмыстарын іске асырды. Біздің университетте бүгінгі күні 143 студент оқып жатыр. Оның ішінде, төртінші курста 72 студент, үшінші курста 71 студент бар. 2022 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасының атауы «ҚР Үкіметі айқындаған өңірлерге қоныс аударушы ауыл жастары» деп өзгертілген. Соған байланысты осы квота бойынша бірінші, екінші курстарда 80 студент білім алуда. Университеттің мүмкіндіктері де жетерлік. Соның бірі – қос дипломдық жүйе. Осы жоба аясында Аризона университетімен бірлескен бағдарлама ұсынылады. Осы квота бойынша 500 грант бөлінген. Бағдарлама арқылы студенттер екі диплом алып шығады. Педагогикалық мамандықтарға 75 балдан жоғары, техникалық, ауылшаруашылық мамандықтарына 50 баллдан жоғары болса, грантқа түсуге мүмкіндік бар. Жалпы, оңтүстік өңірдің жастарының қызығушылығы жоғары, – дейді М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің өкілі Мәншүк Сәбитқызы.
Бағдарламаның бір ерекшелігі, биыл алғаш рет колледж түлектері үшін 400- ден астам грант қарастырылған. Бұған дейінгі бес жылдықты байқап қарасақ, 2018 жылы бағдарлама бойынша 191 адам дипломды болған. Ал, 2019 жылы – 122 түлек болса, 2021 жылы – 46 адам, ал 2022 жылы – 44 адам оқуын тәмамдаған. Тек 2020 жылы ғана «Серпін» бойынша сұраныс болмаған. Бүгінде бұл бағытта бес облыс – Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Алматы мен Жетісу өңірлерінің ауыл түлектері қатыса алады. Оларға шәкіртақы мен жатақханадан бөлек, университет пен жұмыс орындарынан түрлі әлеуметтік көмектер қарастырылады. Мәселен, шығыстағы өндіріс ошақтарын кадрлық тұрғыда қамтамасыз етіп отырған Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті тарапынан жұмыс орындарымен тығыз байланыс орнатылған.
– Біз жылда құжат қабылдау кезеңінде Жамбыл облысына арнайы келіп, жастарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Қазіргі таңда шығыста екі университетке – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті мен біздің оқу ордамызға аталған бағдарлама аясында гранттар бөлінген. Университет жұмыс беруші тараппен де тығыз байланыс орнатқан. Мәселен, өңірдегі «Казцинк» компаниясы соңғы жылдары жас мамандарға көп сұраныс танытып отыр. Білім алушылар соңғы курстарда өндірістік практикаға барып, жұмыс берушілерден ұсыныс түскен жағдайда арнайы стипендия иесі атана алады. Сол арқылы болашақ жұмыс орнын айқындап, мансаптық жолын қалыптастырады. Компания бүгінгі таңда барлық техникалық маман иелерін қамту мүмкіндігіне ие. Өйткені, мұнда демографиялық өсімнің құлдырауы бар екендігі жасырын емес. Ал, өндіріс орнындағы алғашқы жалақы 350 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек, біліктілігін арттыру мен ағылшын тілін меңгеру бойынша да арнайы қаражат төленеді. Осылайша, бағдарлама аясында түлектеріміз жоғары жалақы мен жайлы жұмыс орнына ие болып жатқаны қуантады, – дейді аталған оқу ордасының кәсіби бағдар беруші маманы Әсел Дауылбаева.
Қазіргі таңда бағдарлама аясында оқуға қабылдайтын оқу орындары қатарында Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономика университеті, Рудный индустриялық университеті, Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, Шәкәрім университеті, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетi, Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті мен Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті бар. Айта кету қажет, алғашқы жылдары Әулиеата өңірінен әлеуметтік жоба аясында 1384 білімгерден құжат қабылданған. Оның 1169-і жоғарғы оқу орындарына, 215-і колледждерге педагогика, техника, технология, ауыл шаруашылығы, медицина мамандықтары бойынша білім алып, жұмыстарын жалғастырған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді