Облыс аумағында 2024-2025 жылға 41 білім нысанының құрылысына қаржы қарастырылған екен. Бұл нысандардың 26- сы мектеп болса, оның ішінде 12-сі «Жайлы мектеп». Ал, 15 нысан мектепке жапсарлас құрылыс. Облыс әкімдігінің білім басқармасының мәліметінше, биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі күні 5 нысан пайдалануға берілген. Олар 3 мектеп пен 2 мектепке қосымша ғимарат. Соның нәтижесінде 9 оқушы орнының тапшылығы бар, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі деп жоспарланған. Айта кетейік, бүгінде облыста 4 үш ауысымды мектеп бар. Олар Қордай ауданының Қарасу ауылындағы №7, Меркі ауданындағы №21, №48 мектептер мен Тараз қаласындағы №3 мектеп-лицейі. Ал, Мойынқұм ауданының Мыңарал ауылындағы Қ.Қасымов атындағы, Қарабөгет ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектептер және Шу ауданының Шу қаласындағы Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің бір бөлігі, атап айтқанда спорт залы, акт залы мен асханасы апатты жағдайда. Осы 7 нысанның алтауының мәселесі биыл, біреуі келесі жылы «Жайлы мектептер» мен жаңа мектептердің, сондайақ жапсарлас құрылыстардың есебінен шешімін табады деп көзделіп отыр. Келесі жылы 22 білім нысанының құрылысы пайдалануға берілмекші. Олардың 11-і мектеп, 5-уі «Жайлы мектеп», қалған 11-і мектепке жапсарлас құрылыс нысандары. Ал, биылғы жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп межеленген білім нысандарының құрылысы алдағы бір айда аяқталып үлгереді ме? «Жаңа мектепте оқимыз, жап-жаңа спорт залда жаттығып, жаңарған асханада тамақтанамыз» деп қуанып жүрген оқушылардың үміті ақталады ма? Бізді толғандырған осы сұрақ.
Amanat партиясының облыстық филиалының әлеуметтік нысандардың құрылыс барысын бақылап, орын алған кем-кетікті түзетуді ұсынып отыратын комиссиясы нендей жайтты анықтағандарын да сұрадық.
– Біздің бақылау тобымыз партиялық сайлау алды бағдарламасына кірген нысандардың құрылыс барысын қадағалауда. Соңғы рет Тараз қаласының «Ұлы дала» шағын ауданында салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысы баяу жүріп жатқанын байқап, жауаптыларға ескерткенбіз. Сол секілді «Казарма» иініндегі 180 орындық мектептің 1 қыркүйекте беруге үлгермей қалу қаупі бар. Себебі, мектепке тіршілік көзі ауылдың су жүйесінен тартылған. Бірақ, білім мекемесіне су жүйесінің жеке трансформаторы керек. Жоспарлы мерзімде аяқталмау қаупі Жамбыл ауданының Шайдана ауылындағы 150 орындық мектепте де бар. Мұндағы себеп – құрылысты жүргізіп жатқан жұмысшы санының аздығы. Жұмысшылар мен техника санын көбейтіп, жұмысты жеделдетуге ұсыныс бердік. Осындай жағдай Талас ауданының Ақкөл ауылындағы Ақкөл орта мектебінің жөндеу жұмыстарында да кездесті. Ол жерде де жұмысшылар аз. Біз айтқан ұсынысымызға мердігер компанияның басшылығы қажетіне қарай жұмысшыларды көбейтеміз деп уәде берген болатын.
Ал, Тараз қаласының «Арай» шағын ауданындағы 600 орындық, Қарасу ауылындағы 300 орындық мектептер мен Аспарадағы №2, Андас батырдағы №21 жалпы білім беретін мектептердегі құрылыстар жоспарға сай жүргізіліп жатыр, бұйыртса 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі мүмкін. Amanat партиясының облыстық филиалы әлеуметтік нысандарға әр он күн сайын сайлауалды бағдарламасы аясында қоғамдық бақылау жүргізіп отырады. Қандай да бір кемшін іс байқалса, жауаптыларға ұсыныс жасаймыз. Сол ұсыныстардың іске асырылуы да бақылауға алынады. Мұндағы мақсат – халыққа арналған нысандардың жоспарға сай, уақтылы салынып, пайдалануға межеленген мерзімінде берілуі. Сондай-ақ, ешқандай олқылыққа, сыбайластыққа жол берілмеуіне назар аударылады, – дейді Amanat партиясының облыстық филиалының партиялық бақылау жөніндегі инспекторы Ерғали Омаров.
Ұлттық жобамен салынып жатқан «Жайлы мектептердің» құрылысы өз жоспарынан кешікпейтін сыңайлы. Білім алушыларға барынша жағдай жасалып, заманауи озық үлгіде бой көтерген бұл мектептердің ғимараттары сәнді ғана емес, сейсмикалық жағдайларға төтеп бере алатындай қауіпсіз әрі сапалылығымен де көңілге қонады.
– «Жайлы мектептердің» ғимаратын тұрғызуға қажетті материалдардың сапасы жақсы. Құрылыс нысандарының әрбірінің басында оннан аса үлкенді-кішілі техника жүр. Орындалып жатқан жұмыстың сапасымен қатар қарқынын да бақылап жүрміз, – дейді техникалық бақылаушы Қайрат Шаданов.
Егер Amanat партиясының бақылаушылар ұсынған жағдайлар жауаптылар тарапынан ескеріліп, жоғарыда аталған нысандардағы жұмыс жанданса, алдағы 1 қыркүйекте берілуі тиіс мектептер оқушыларына есігін айқара ашары анық. Болашақтың бақытына негізделген ізгі істі ешбір кедергі кешеуілдетпей, балалар заман талабына сай мектепте сапалы білім алып, ел үшін еңбек етер азамат болып өсуі біздің ғана емес, дүйім жұрттың басты тілегі екені сөзсіз.
Қамар ҚАРАСАЕВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді