«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тритикалемен табысын тасытқан шаруа

Тритикалемен табысын тасытқан шаруа
Ашық дереккөз
Дәл қазіргі уақыт шаруалар үшін қарбаласқа толы. Ерте көктемде алқапқа сепкен дәнінің астығын орып, малдың қысқы азығын жинап, даланы думанға толтырып жүр. Кезіккен әрбір кедергі үлкен сабақ беретіні рас, былтырғы қуаңшылықта егіннің де, жайылымның да жайы болмағаны біраз істі тұралатып кеткені есте. Сондай жағдайға душар болмас үшін де шаруалар тритикале дақылын егуге көшкен.

Тұрар Рысқұлов ауданының Абай ауылында аталған дақылды алғашқылардың бірі болып еккен «Керең» шаруа қожалығының иесі Шалқар Асанов өнім мол болып, еңбектің ақталғанын айтуда.

Ыстыққа да, суыққа да, тіпті құрғақшылыққа да төзімді тритикале дақылын кәсіпкер Шалқар Талғарұлы қожалығындағы малға азық ретінде қолдану үшін егіпті.

– Алматы облысындағы шаруалардан тритикале дақылын еккеннен қандай өнім алғанын көріп, малға берсе құнарлы жем болатын, суғаруды аса көп қажет етпейтін әрі табиғаттың кез келген құбылысына төзімді екенін естіп, биыл эксперимент ретінде егіп көрдім. Қожалығымыз сүт өндіру бағытында жұмыс істейтіндіктен, 130 симменталь тұқымды сиырымыз бар. Осы малға қысқы азыққа тритикалені дайындап жатырмыз. Жылда мал жемін дайындау үшін 20 гектар жерімізге арпа өсіретінбіз. Биыл тритикалені егіп, әр гектарынан 40 центнерден өнім алдық. Биыл өзі ауа райы да шаруаға қолайлы, жауын-шашын мол болды ғой. 2020 жылы Германиядан симменталь тұқымды етті әрі сүтті таналар әкелгенбіз, бүгінде соны төлдетіп, басын көбейттік. Сүт тауарлы фермамызда табиғи таза тағам өндіріп келеміз. Ал, негізінде тритикаленің ұнынан диеталық нан, печенье, макарон дайындалады екен, – дейді Шалқар Асанов.

Бүгінде бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған бұл қожалық келесі жылы тағы екі жұмыс орнын ашуға ниетті. Істің көзін тауып, табысты арттырып, жұмыс орындарын осылай көбейтуді көздейді.

– Тритикале дақылының өнімділігі біздің дәстүрлі астықтарымыз бидай, арпадан жоғары. Ал, құнарлылығына келсек, бидайдан төмендеу болғанымен, арпадан жоғары. Артықшылығы неде дегенге тоқталсақ, бұл бидай мен қара бидайдың будандасқан түрі болғандықтан, құрамында өздігінен жылдам өсетін жабайы шөп саналатын қара бидай бар. Сондықтан табиғаттың жайсыз құбылыстарына төзімді болып келеді. Ал, бидай оның сапалылығын арттырады. Ауыл шаруашылығындағы жаңалықтарды зерттей келе осындай тиімді түрлерін пайдаланып, өз ісімізге қолдануды үнемі назарға аламыз. Сол арқылы кәсіпкерлігімізді кеңейтсек, оның артында жаңа жұмыс көздерін ашу мақсаты да тұр, – деген Шалқар Талғарұлы кәсіпкерлігі арқылы ауылдастарымен бірге табысқа жетуді көздеген мұратын аңғартты.

Абай ауылдық округінің Еңбекші елдімекеніндегі «Керең» шаруа қожалығы өсіруді бастап кеткен жаңа дақылға қызығушылық танытып отырған басқа да шаруалар бар.

 

Қамар ҚАРАСАЕВА

Т.Рысқұлов ауданы

Ұқсас жаңалықтар