«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жастарды жат ағымнан сақтау міндет

Жастарды жат ағымнан сақтау міндет
Ашық дереккөз
Адам дүниеге келген кезде ата-анасының таңдаған дінінің аясында өмір сүре бастайды. Уақыт өте келе қай дінде болатын- болмайтындығын таңдауға құқылы. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Яғни, белгілі бір дінді таңдап, сол діннің шарттарымен ғана жүрмейді. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді, демек соған сай әртүрлі дәстүрлі дін өкілдері де бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп жатыр.

Қазіргі таңда еліміздегі дін саласындағы өзекті мәселелердің бірі деструктивті идеологиялардың таралуы болып табылады. Алдымен «деструктив» ұғымына талдау жасай кетсек, терминдік мағынасы бойынша бұл сөз латын тілінен «destructio», яғни бүлдіргіштік, залал тигізуге ұмтылыс, нәтижесіздік деген мағыналарды береді. Дін ғалымдарының зерттеуі бойынша, бұл ағымның негізгі бағыты адамдарға діни ақиқатты жеткізу емес, керісінше ақиқаттан алыстатып, жөнсіз түсінікке сендіріп, әлеуметтен оқшауландырып, кереғар көзқарасқа үгіттеу. Деструктивті ағымның жетегінде кететіндердің басым көпшілігі – жастар. Себебі, 18-25 жас аралығында жастардың өзін тану, өзіндік көзқарастарын қалыптастыру, «мендік» ұғымымен танысу сәттері жүріп жатады.

Мұндай ұйымдар тұлғаның табиғи үйлесімді, рухани, психикалық және физикалык жағдайына қауіпті болып келеді, сонымен катар қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын жалпы қоғамға қауіпті саналады. Деструктивті ағымдарда жасырын психологиялық зорлық қолданылады. Мұның көрінісін жеке адамның немесе адамдар тобының басқа адамдардың санасына, өміріне адамдардың келісімінсіз мақсатты түрде заңсыз әсер етуді орнатуынан байқауға болады. Олардың түпкілікті мақсаты – адамдарды бағындыру арқылы заңсыз байлық пен билікке қол жеткізу.

Деструктивті ағымдар қоғам арасына іріткі салады, белгілі бір дінге деген сенімдерге күмән ұялатады, ғылым-білімнің дамуына қарсы және әлеуметтік желілерде жағымсыз үгіт- насихат таратады, құндылықтарды жоққа шығарады. Мұнан бөлек мемлекет бақылауынан тысқары, барынша астыртын жұмыс істеуге тырысады, Ата заңымызға қарсы әрекеттер жасайды, ел арасында негативті көзқарастар қалыптастырады.

ХХІ ғасыр қоғамының негізгі сипаттарының бірі – идеологиялық әралуандылық пен пікір плюрализмі. Осының арасында діни наным-сенімдер мен көзқарастар аса маңызды рөл ойнайды. Бұлардың барлығы қоғамға игілік әкеледі деп айту қиын, өкінішке қарай ішінде теріс пиғылды жат ағымдар да жеткілікті. Жат ағымдардың сыртқы мақсаты адамдарға жақсылық әкелу болып көрінгенімен, шын мәнінде көптеген жұртшылық осы теріс идеялардың себебінен зардап шегуде.

 

Алмат ШАДИЕВ,

облыс әкімдігі Дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы.

 

 

Ұқсас жаңалықтар