Қазіргі мәселе мешіттің табылуында емес, оның ішіндегі имандылық жұмыстарының қандай деңгейде жүргізіліп жатқанында болып тұр. Жақында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде жамағат арасында туған жанжал әлеуметтік желіге тарап кетті. Имамның ескертуін елемеген жамағаттың бірін жуан жұдырықты біреу шалқасынан түсіреді. Осылай орын алған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқылана бастайды. Бұл туралы елімізге есімі белгілі әлеуметтанушы Серік Бейсембаев:
«Мұндай алауыздықтың өршіп кетуіне жол бермеу үшін елдегі діни саясатты өзгерту маңызды. Бұл саясатты экстремизм мен қауіпсіздік тақырыбынан ажыратып, адамдардың діни бостандығы мен әлеуметтік келісім тұрғысынан қайта қарау керек», – деп өз пікірін білдірді. Дәл осындай оқиға еліміздің Жаңаөзен қаласында да болған. Оған Ақтөбе қаласынан көшіп келген азаматтың мешітте үш кісіге имамдық жасап, намаз оқығанынан шыққан. Негізі, мешітке уақтылы бару, мешіттің бас имамына бағыну өте өзекті. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев түрлі ұстанымдағы адамдардың қақтығысы кез келген қоғамда барын, бірақ бұл жағдайда екі түрлі діни көзқарас арасындағы қайшылық институционалды түрде көрініс тауып отырғанын алға тартады.
Аймақтағы ахуал қандай?
Бұл мәселе ешкімді бейжай қалдырмасы белгілі. Мешіттегі жанжал мәселесі бізді де ойландырғаны рас. Басқа-басқа имандылықтың ордасында түсініспеушілік тууы ақылға сыймайтын іс. Әрине, мұны даурықтырудан аулақпыз. Дегенмен, «Құдай сақтансаң, сақтайды» деген бар. Біздің мешіттердегі жағдай қалай екендігін жауапты мамандардан сұрап білдік. Мұндай жанжал біздің облыс мешіттерінде орын алған жоқ. Бұл туралы Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев: «Аймақта жалпы саны 347 мешіт бар. Барлығын имамдармен қамтып отырамыз. Дегенмен, алыс ауылдарға барған имамдардың тұрақтамауына, кейбір имамдардың жасы ұлғаюына байланысты бірер ай имамсыз тұратын мешіттер кездесіп қалады. Облыстағы мешіттер бойынша әдеп кеңесінің төрағасы етіп найб имам Ғалымбек Жәпек деген білімді, жауапты азаматты сайлағанбыз. Ол барлық аудандармен үздіксіз жұмыс істеуде. Өзіміз де аудандарды аралап, бас имамдарымен байланысып, қадағалап тұрамыз. Нәтижесінде түсініспеушіліктер туындаған жоқ», – деді. Ал, Жамбыл ауданының бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Ауданымызда 36 мешіт бар. Біз барлық мешітті имаммен қамтыдық. Дегенмен, олардың білім деңгейлері әртүрлі. Барлығын «Нұр мүбарак» университетін бітіріп келген мамандармен қамти алмаймыз. «Һибатулла Тарази» медресесін бітірген, 6айлық курс оқыған имамдарымыз да бар. Дегенмен, барлық мәселе, мешіттің ішкі тәртіптері бақылауда», – деді.
Ақсақалдардың айтары бар
Болған жайға байланысты есімі өңірге белгілі ақсақалдардың да пікірін білдік. Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәріпбай Дәулетбаев: «Мешіт деген Аллаға құлшылық жасалатын жер. Ол жерде ұрыс, жанжал болмауы керек. Мешітте тәртіп болмаса, қай жерде тәртіп болады? Қазір қаржысы бар демеуші азаматтар мешіт салған сауап деп ойлайды. Әр адам намаз оқыған сайын сауабы бар деп түсінеді. Алайда, аурухана, мектеп, көпір салған азаматтарға да сауап мол деп айтар едім. Мешіт салған күнде де ең бастысы – білім мен тәртіп. Мешіт жамағаттары да өз еліміздің адамдары. Заңға бірдей бағынуымыз керек. Мешітке келген адам имамға ұйып, айтқанын істеу керек. Бұл ретте тәртіп жағын ерекше қолға алған жөн. Дін – елді біріктіретін, қоғамды жақсылыққа үндейтін ізгі құрал.
Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, көптеген мешітте имамдар үгіт-насихат айтады. Әрине, ізгілікке шақыратын сөз орынды. Бірақ, олар жас мамандар, өмірлік тәжірибесі жоқ. Ол имамдар намаздың тәртібі, сауабы жөнінде айта алады. Мешітте жамағатқа басқа да рухани тәрбие, патриоттық сөздер керек деп ойлаймын. Біздің өңірге келген қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, спорт саласының чемпиондары, жазушылар мешітке жиналған жұрттың алдына шығып, мемлекетіміздің дамуы, рухани мәселелер, жастардың жолы туралы айтса, көпшілікке әсері мол болатын еді деп ойлаймын. Сауап тек намаз оқуда ғана емес. Шекараны қорғау, үлкенді сыйлау, мемлекетіңнің дамуы үшін білімді болу – бәрі сауапты іс. Сондықтан елге еңбегін сіңіріп жүрген белгілі тұлғалардың тағылымы мешітте де керек. Жастар қоғамның дамуы үшін не істеді? Не істей алады? Отанды қорғап қайтты ма, әке-шешесін сыйлап жүр ме? Бауырларына мейірімі бар ма? Міне, осы мәселелер мешітте де айтылып тұруы керек деп ойлаймын», – деді.
Біз өз ауылына мешіт салған азаматтарды да сөзге тарттық. Солардың бірі – бір кездері айтыс сахнасынан көрінген Алик Бекмұсаев. Ол: «Сарысу ауданында Жайылма ауылдық округіне қарасты өзіміздің туып-өскен ауылда ағаларыммен бірге осыдан он жылдан астам уақыт бұрын мешіт аштық. Ол мешіт жұмыс істеп тұр. Имамы бар. Ауыл халқының санына сәйкес жамағаты да бар», – дейді.
Талас ауданының Ақтөбе деген шағын елді мекенінде белгілі ғалым, Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков дүниеге келген. Осыдан он жыл бұрын Мырзатай Жолдасбеков сол шағын Ақтөбе ауылына мешіт салдырып бергені де ел есінде.
Шалғайдағы Ш у ауданында да жағдай осы тақылеттес. «Біздің Еңбек ауылында бұрын 40 түтін тұратын. Біразы көшті. Қазір 30 үй қалды. Жақында бір азаматтар біздің ауылымызға мешіт сала бастады. Аллаға құлшылық жасаған жақсы. Мешіт салған да дұрыс. Дегенмен, тұрғындары өте аз елді мекенге зәулім мешіт салудың қажеттілігі бар ма? Мүмкін, бос қалған бір үйді сатып алып, намазхана жасауға болатын шығар. Міндетті түрде бірнеше миллион теңге шығын кететін мешіт салу қажет пе? Оған кеткен шығынды мектептің, аурухананың қажетіне, тұрмысы төмен отбасыларға жұмсаса дер едім. Мүмкін, бір жас отбасына үй салып берсе, біздің ауылдан адам көшпейтін бе еді деп ойлаймын. Мешіт салу жұмысына қарсы емеспін. Бірақ, қандай да бір құрылыс салынатын кезде де адамның мүмкіндігі зерделенсе деген өтінішім бар, – деді ардагер ұстаз Несіпхан Қоңырбай.
Байзақ ауданындағы Абай ауылына кезінде аудандық «Ауыл жаңалығы» газетінде бас редактордың орынбасары болған Асылхан Рахмановтың перзенті Қайрат Рахманов мешіт салып бергенін естіп қуанып қалдық. Журналист әріптестеріміздің ұрпағынан да имандылық ошағын салатын азамат шыққанына жүрегіміз жылыды. Осы мешіттің құрылысына сол ауылдың белсенді азаматы Ұлан Сегізбаевтың да үлесі барын айта кеткен жөн болар.
Дәл осы Байзақ ауданы, Жалғыз төбе ауылдық округінде екі мешіт бар екен. Атап айтқанда, Жетітөбеден Амалжол Ақылов деген азамат зәулім мешіт салса, Аққия ауылында да бір мешіт болған. Қазір ұлты балқар Рабжан Гайнутдинов деген кісі Аққиядан жаңа мешіт салып, жақында ашылуы болған. Мұндағы бұрынғы мешіт имамға тұрғын үй ретінде беріледі екен. Ал, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қасқырбай Нарбатыр: «Мешіт салынғанына қарсылығым жоқ. Бірақ, мешіттің ішіндегі құлшылық пен тәртіп болуы тиіс. Мешіт салып жатқан бір жігіттер «Алланың үйін салып жатырмыз» дейді. Мен: «Алла сенің үй салғаныңа мұқтаж емес. Аллаға құлшылық жасайтын орын салып жатырмын десеңші» деп күйіп-пісемін. Сөзді дұрыстап, жүйесімен айтқан орынды болар», – дейді.
ТҮЙІН:
Біз дін тақырыбында өзекті болған мәселе бойынша бірнеше кісілердің пікірін көпшілік назарына ұсындық. Ешкім мешіт санының көбейгеніне қарсы емес. Бірақ, сол мешіттің ішкі тағылымы мен тәртібіне мән беру өте өзекті. Сондықтан салынып жатқан мешіттерге білімді имам тағайындау, мешіттегі тағылым мен тәрбие, тәртіпке назар аудару күн тәртібінен түспеуі тиіс.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- Бүгін, 03:15
Кешенді шаралар — табиғат тазалығының кепілі
- 24 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді