Еңбексүйгіштік пен ел бірлігінің тұтқасы

Еңбексүйгіштік пен ел бірлігінің тұтқасы
Ашық дереккөз
Түрлі деңгейдегі ардагерлер кеңесінің белсенді жұмыстары қоғамның рухани дамуына, жастар тәрбиесіне оң әсерін беріп келеді. Әулиеата жеріне жұмыс сапарымен келген мемлекет және қоғам қайраткері,тарих ғылымдарының докторы, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев «ҚазТрансгаз – Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық өндірістік филиалының мәжіліс залында салаардагерлерімен кездесті.

Шараны облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев ашып, қайраткердің ғылым мен білім саласына, еліміздің Парламент Сенатына сіңірген еңбегіне тоқталды. Мұнан соң Өмірзақ Озғанбаев сөз алып, Әулиеата жері қазақ хандығы құрылуымен, Ислам діні алғаш орнаған аймақ болуымен ерекшеленетінін жеткізді.

– Біз, алдыңғы толқын – жастар тәрбиесіне жауапты адамдармыз. Қазақ жасы келген кісілерді төрт санатқа бөліп, бағалаған. Атап айтқанда, шал, қария, ақсақал, абыз. Осында жиналып отырған сіздерді ақсақал деңгейіндегі кісілер деп санаймын. Мен жақында Мемлекет басшысының қабылауында болдым. Сол кездесуде осы Әулиеата жері де әңгіме арқауы болды. Өздеріңіз білетіндей, Меркі ауданында Сұрат деген ауыл бар. Осы Сұрат ауылының ынтымақты тірлігі, тұрғындарының бірлігі жайлы «Егемен Қазақстан» газетіне үлкен мақала жазып едім. Ел Президентіне сол мақаламды ұсынып, «Осындай белсенді ауылдар әр облыста бар. Солардың берекелі тірлігі жайлы бір кітап жазып, ел аумағына үлгі ретінде ұсынсақ» деген ойымды айттым. Мемлекет басшысы бұл ойымды құптады. Бүгін Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтың қабылдауында болдық. Өңір басшысы ардагерлерге ерекше қолдау көрсетіп жатқаны қуантты. «ҚазТрансгаз – Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық өндірістік филиалы «Ардагерлер» атты кітап шығарып, газ саласында жемісті еңбек еткен көптеген алдыңғы толқынды қамтыған екен. Сол үшін филиал басшылығына алғысымды айтқым келеді. Облыстың ардагерлер ұйымында нәтижелі, жарқын жұмыстар көп. Еңбектеріңіз жана берсін», – деді ол.

Мұнан соң бірқатар еңбек ардагерлері алдыңғы толқынның міндеті, қоғамның өзекті мәселелері туралы пікірлерін білдірді.

Жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен «ҚазТрансгаз – Аймақ» акционерлік қоғамы облыстық өндірістік филиалының директоры Бақтияр Көпбосынов қорытындылап, әсерлі әңгімесі үшін Өмірзақ Озғанбайұлына алғыстарын жеткізді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар