Жікіл қалашығының тарихи орыны бүгінгі Тараз маңындағы Жалпақтөбе елді мекені саналады. Бұл туралы мәліметтер ортағасырлық ғалымдардың еңбегінде Шігіл қаласы ретінде де кездеседі. Араб географы Əл-Мақдиси: «Шігіл – Тараздан дауыс жетер жердегі шағын қала», – деп сипаттаса, Махмұт Қашқари: «Жікіл – түркілердің үш аймағының бірі, Талас қаласының жанындағы бір қалашықта тұратындар да Жікіл деп аталады», – деп көрсетеді. Осы шаһардың тарихи орнын археолог ғалымдар Героним Пацевич, Таиса Сенигова, Карл Байпақовтар өз еңбектерінде Тараздан оңтүстік-шығыста үш шақырым жерде орналасқан Жалпақтөбе мекені деп көрсетеді. Жалпы жұртқа Жалпақтөбе атымен танылған елді мекеннің атауы қайдан шыққаны да әлі күнге дейін зерттеусіз қалып келеді. Дегенмен, тарихшылар ортағасырлық Жікіл шаһарын түркітектес Жікіл тайпасымен байланыстырады.
– Жікіл тайпасы Ыстықкөл мен Тараздың маңын мекен еткен. Қазіргі қазақ тайпасының ішінде де әлі күнге дейін өшпей келе жатқан Шығыл деген ру-тайпа бар. Бұл осы тайпаның мекендеген жеріне қала соқтыруынан аталған да болар. Қашқари да өз еңбектерінде осыны меңзейтіні байқалады. Ал, Қазыбек Тауасарұлы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты 1776 жылы жазған қазақ шежіресі кітабында: «Үйсін Елсау бидің үлкен ұлы Нулының баласы Азық деген атамыздың ұрпағынан тарайтын «Шығыл» деген тайпа сол замандағы ең ірі рулардың бірі болған еді», – деп жазады. Бұған қарап қазақтың әрбір тайпасының өзіндік қалажұрты мен қалалық мәдениеті болғанын мақтаныш пен айтуға болады, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Асылжан Дулати.
Қай кезеңде болмасын ел мен елдің арасында рухани сабақтастықтың сақталатыны белгілі. Тарихтан Тараздың Қарахан дәуірінде Ислам дінінің орталығы болғанын білеміз. Мұндағы рухани жетістіктер өз кезегінде орталық шаһар маңындағы қалашықтарға да әсер етпей қоймады. Олай дейтініміз Жікілдің де күмбезді мешіттері мен дуалмен қоршалған қамалы болған. Тіпті мұнда ортағасырлық ғалымдардың бірі – Әбу Мұхаммед әл-Жикили дүниеге келген. Бұл жайында Орта Азия тарихы жөніндегі құнды деректер қалдырған араб тілді грек ғалымы Йақұт әл-Хамауи Жікіл қалашығы жөнінде айта келіп: «Самарқанды Боғра хан Һарунның баласы қарахандық Қадыр хан Юсуф билеген кезде Әбу Мұхаммед әл- Жикили осы шаһардың хатибы (имамы) еді», – дейді. Қарахан мемлекетінде боғрахандар деп билеушілерді атаған. Ал, Қадыр хан Юсуф алғашқы боғрахан Қараханның шөбересі болған. Ол билік еткен дәуірде мемлекеттің негізін қаңлы, қарлұқ, жікіл мен яғма сынды тайпалар құраған.
Қазіргі таңда ауданы 1 гектарға жуық қалашықтың шахристаны мен цитаделі ғана сақталған. Мұнда 1960-63 жылдары археолог Таиса Сенигова басқарған археологиялық экспедициясы зерттеу жұмыстары барысында қабырғаларының тұғыры жұмыр қойтастардан қаланып, жоғарғы жағы кесектерден салынған көптеген үйлердің орындары табылған. Сонымен қатар, сары балшықпен сыланған едендерінен ошақтың және айналасы кесекпен өрілген астық сақтайтын шұңқырлардың орындары қазылған. Мұнда зерттеу кезінде табылған қыш ыдыстар мен дән үгіткіштер, Түргеш қағанаты кезіндегі теңгелер, темірден жасалған жебенің ұштары секілді жәдігерлердің жасы Тараздың VIII-IX ғасырларға жататын археологиялық ескерткіштерімен теңестірілген.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді