Баскервиль иттері... Таразда қайдан жүр?

Баскервиль иттері... Таразда қайдан жүр?
ашық дереккөз
Баскервиль иттері... Таразда қайдан жүр?

Талғат Астанадағы жоғары оқу орын­дарының бірінші курсын аяқтаған соң, отбасы жағдайына байланысты өткен жылы Тараздағы жергілікті университет­тердің біріне ауысқан. Мұндай боларын білгенде, қайран ата-ана алыстағы ұл­да­рын қастарына алдыртпайтын еді ғой... 

2

Талғат кішкентай кезінде көршінің иті қауып алған соң, ит атаулыдан қатты қорқатын болды. Тіпті, ит жүрген аумақтан алыстан айналып өтетін. Бірақ қанша қашып жүрсе де, бозбаланың ажалы өзі өлердей қорқатын төрт аяқты хайуандардан келеді деп кім ойлаған?..

Сол күні кешкі асын ішіп болған соң, Талғат Астанадан демалысқа келген Мұратбектің үйіне барып қайтатындығын айтты. Ата-аналары жақын жерде тұратын досына кетіп бара жатқан балаларын қаннен-қаперсіз шығарып салды. Дүйсенбі күні жүргізуші куәлігін алмақшы болып жүрген бозбаланың көңіл-күйі көтеріңкі еді. Бірақ сол кеткеннен Талғат түн жарымы ауғанша қайтып оралмады. Әкесі ұлының ұялы телефонына қоңырау шалып еді, «байланыс аясынан тыс жерде» деген жауапты естіді. Әдетте Талғат кешігіп келетін болса біреудің телефонынан болса да хабарласып, ескертетін. Бұл жолы тым-тырыс. Әке жүрегі кеудесіне сыймай атқақтай соқты, дегенмен жамандыққа жорымады. Баласын күткен ата-ана таңғы беске дейін қалғып отырды. Ал таңғы сағат жетіден бастап оның достарына хабарласа бастады. Талғат кездесем деп кеткен Мұратбек «досын күткенімен келмегендігін, кеше кешкі сағат тоғыз жарымда оның ұялы телефонына хабарласқанда сөндіріліп тұрғандығын» айтты. Бұл хабарды естіп қатты қобалжыған әкесі мен анасы қаладағы ауруханалар мен травматологиялық бөлімдердің барлығын аралап шықты. Олар жас жігіттің өздеріне түспегендігін айтты. Тек мәйітханадағылар ғана түн ішінде жиырмалар шамасындағы бозбаланың емес, қырықтар шамасындағы ер кісінің мәйіті жеткізілгендігін мәлімдеді. Осыдан кейін қаладағы полиция учаскелеріне сергелдең басталды. Сенбі күні кешкісін ғана полиция бөлімшесіндегілер Талғаттың әке-шешесіне бастықтарына кіріп шығуды өтінді. Мұны естіп бір жамандықты сезгендей олардың жүрегі шаншып кетті... Мәйітханаға келген Ержан өзінің өрімдей ұлы Талғаттың денесін әрең таныды. Бас терісі түгелдей дерлік сыпырылып, қол-аяғының бұлшық еттері жұлынған дененің кеше ғана ойнап-күліп отырған баласының мәйіті екендігіне иланғысы келмеді. Түнгі бірлер шамасында мәйітханаға жеткізілген дененің «адам жегіш» иттердің тісі мен тырнағынан жұлым-жұлымы шыққаны соншалықты, жас жігітті ондағылар ес тоқтатқан еркек деп қабылдаған. Бұл оқиға екі гектар аумақты алып жатқан бірнеше гаражы, әртүрлі ағаштар өсіп тұрған саябағы бар зәулім үйде орын алған. Алып үйдің жанында тұратын көршілері ол мекеннің қожайыны ұзақ жылдар бойы лауазымды қызмет атқарғанын біледі. Қожайынның да о дүниелік болғанына үш жылдай уақыт өткен. Бүгінде бұл шаңырақта оның кемпірі мен қызы ғана тұрады. Биік ауланың жан-жағынан бейнебақылау қондырғылары сыртқа бағытталып тұр. Кірпіш қоршаудан көптеген иттің абалаған дауыстары мен ырылдары жиі естіліп тұрады.Кейін белгілі болғандай, зәулім үйге жақын маңдағы жатақхананың тұрғыны аула ішінде иттерден қашып, жан ұшыра айқайлаған жігіттің даусын естіп жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған екен. Ол шақырмағанда жауыз иттер жас жігіттің денесінен түк қалдырмай жеп қоюы да мүмкін еді. «Құлын дауысы шығып шырқыраған жігітті саңырау адамнан басқасының бәрі естуі тиіс» дейді ол. Талғаттың да бұл қабаған иттер туралы білмеуі мүмкін емес. Өйткені балалық шағы осы маңда өткен. Биіктігі үш метрге жуық қоршаудан оны өз еркімен түсті деу де қисынсыз. Сондықтан күмән-күдік пен болжам көп. Мүмкін, соққы жеген жігітті бұзақылар қабаған иттердің ортасына әдейі лақтырып кеткен шығар. Әлде тағы біреулер биік шарбақ ішіне күштеп түсірді ме? Әзірге жұмбақ көп. Сол жұмбақтың бірі, Талғат үйден шыққанда өзінен бірнеше жас үлкен Ислам деген көрші жігітті кездестіріп, екеуі жақын маңдағы жатақханаға бағыт алған. Онда Ислам және бірнеше еркектің ортасында отырған. Ары қарай не болғаны белгісіз. Аталған үйдің ауласының сыртынан сол түні жүгіріп жүрген екі адамның сұлбасын байқағандар да бар. Ислам Талғаттың анасына «ол басқа біреудің күртешесін киіп кетіпті» деп, өз күртешесін әкеп берген. Бірақ, оның денесінде ешқандай бөтен күртеше болмаған, ал Ислам әкеліп берген өз күртешесінің дал-дұлы шыққан. Тәрбиелі отбасында өскен Талғат мектепте оқып жүрген кезінен бастап жақсы оқып, түрлі іс-шараларға белсенді қатысқан. Төрт жыл бойы домбыраға қатысып, мектепішілік, қалалық «Шабыт», «Сегіз қырлы серілер», «Атасы мен немерелер» байқауларынан талай мәрте бас жүлдені де олжалаған. Ол туралы достары мен ұстаздарының пікірлері өте жақсы. Барлығы бірауыздан оның бөтен біреудің ауласына өздігінен түспейтіндігіне сенімді. Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан бұл іске қатысты ешқандай мәлімет бере алмайтындығын айтты. Қазірдің өзінде «жазатайым оқиға» деп бағаланып отырған істің жабулы қазан күйінде жабулы қалмайтындығынан үміттіміз. Төрт аяқты хайуандардың да тиісті құжаттарының заңға сәйкестігі тексерілуі тиіс. Бір аулаға бір ит, ары кетсе екі ит ес болуға толық жетеді. Ал арсылдаған оншақты ит не үшін керек болды иесіне? Оның үстіне адам жеуден тайынбайтындардың сортынан екен. Бәрі де ит төбелес бәсекесіне қатыстыру үшін бе? Әлде «адам жегіш» иттерді базарға шығара ма? Мұндай иттер облыс орталығындағы ветеринарлық қызмет көрсету орындарының назарынан неге тыс қалады? Талғаттың анасы аталған үйдің ауласына кіргенде темір торға қамалған тайыншадай он шақты итті көргендігін (оқиға болған күні бес ит аулада бос жүріпті) және иттерді жаттықтыратын ағаштардан жасалған арнайы құрылғыларды көргендігін айтады. Сол үйге жақын маңдағы орта мектептердің бірінде оқитын оқушыны да өткен жылы көшеге шығып кеткен иттердің бірі талап, әйтеуір аман қалған бала қазір тыртықпен жүрген көрінеді. Қалай десек те, адам шошырлық бұл оқиға ағылшын жазушысы Артур Конан Дойлдың туындысындағы адам жегіш Баскервиль атты ит Тараз қаласына тамұқтан топ ете түсіп, лаң салғандай сұмдық әсер етті.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Тараз қаласы

Ұқсас жаңалықтар