Күні кеше ауыл тұрғыны Ильяс Отар: «Бостандықта күнде электр энергиясы сөніп қалады. Ауыз су келмейді. Су айына тәулігіне бір сағат ғана беріледі. Таза ауыз судың тоқтағанына бір апта болды», – деп мәселемен қайырылған болатын.
Біз оған бейжай қарай алмадық. Мәселенің анығына келсек, Ильяс Отар бөтен жақтың адамы емес, сол Бостандықпен шекаралас Аққұм ауылында туып-өскен азамат. Сондықтан, Бостандық пен Аққұмдағы жер, су, жарық жағдайын жақсы білетіні анық. Демек, көтеріп отырған мәселесі де негізсіз емес. Әуелі Талас ауданы әкімінің орынбасары Медет Үрістеновпен хабарластық.
– Осы шілде айының 15- 16 күндері аудандағы Аққұм, Бостандық, Ойық, С.Шәкіров ауылдық округтерінің аумағында қатты жел тұрып, тұрғындарды біраз әбігерге салды. Желдің екпіні қатты болғандықтан аталған ауылдарда жарық екі күн бойы болған жоқ. Біз аудандық электр торабы мамандарын жедел жіберіп, 16 шілде күні кешке жағдай орнына келді. Қазір Бостандық ауылында жағдай тұрақты. Жарық та, ауыз су да бар. Тәулігіне бір сағат емес, 3-4 сағат тоқтамай беріледі», – деп жауап берді. Ал, Бостандық ауылдық округінің әкімі Мұратхан Рысдәулетов: «Биыл ауылымызда жарықтың жиі сөніп тұрғаны рас. Ауа райы бұзылса, ауыл тұрғындары жарықтан зардап шегеді. Жауапты мекемелер жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз деп те жиі өшіреді. Ауыз су тікелей жарыққа байланысты. Жарық өшкен күні ауыз су да болмайды», – деп қысқаша жауап берді. Бірақ, біз бұл жауапқа қанағаттанбадық. Қайта сауалдар қойып, округ әкімінен нақты жауап ала алмадық. Айтпағымыз, өзі сол округтің әкімі, неге аудандық жарық торабының басшысына қоңырау шалып: «Біздің ауылдың жарығын себепсіз өшірмеңіздер. Ауыз суымыз да жарыққа байланысты. Тұрғындар реніш тудыруда», – деп айтса, кім қолынан қағып жатыр? Жарықтың басшысы жауап бермесе, ауыл жанашыры ретінде аудан әкіміне, мәслихатқа өзінің мәселесін ашық айтуына құқы бар емес пе? Округ әкімінің шаруаны басқа мекемеге сілтеп қоя салып, жайбарақат отыруы санаға сыймайды. Одан бөлек, сол округтен аудандық мәслихатқа депутат болып сайланған азамат қайда? Халық қалаулысының тұрғындар үшін шырылдайтын сәті, міне, осы уақыт емес пе? Бостандық ауылының қариясы Бейбіт Омарханов: «Біздің ауылда мұндай жағдай болып тұратыны рас», – деді. Бір таңданғанымыз, кеше 17 шілденің өзінде Бостандық ауылындағы таза ауыз судың кейбір құбырынан тамшы су ақпаған. Оның видео дәлелін тұрғындар бізге жолдады. Сонда жауаптылардың айтқан сөзі жалған болғаны ма, әлде басқа себептері бар ма екен?!
«Туып-өскен ауылымыз Аққұм мен Бостандыққа шекаралас. Сондықтан, жанымыз ашып айтамыз. Ол жақта таза ауыз су әлі толық ағып тұрған жоқ. Бірақ,соңғы сәтте жарық қалпына келгенін естідім. Тағы бір мәселені де қосып айта кетейін.
Осы С.Шәкіров, Бостандық, Аққұм ауылдық округтерінің тұрғындары үшін су қоймасы салынса дейміз. Ол үшін «Ақмола» деген жерде арнайы қолайлы орын бар. Республикалық су комитетінен бірер жыл бұрын мамандар келіп зерделеу жүргізгенде, аталған ауыл үшін су қоймасын салуға болатынын айтқан. Бірақ, қажетті қаржысы бөлінбей тоқтап тұрған көрінеді. Талас өзенінің суы құмға барып сіңгенше, су қоймасында жиналып тұрса, үш округтің ырысы болар еді. Ол үш округте бес ауыл бар. Бес ауыл тұрғындары осы суды жаз бойы пайдаланып, егінін, жеміс-жидегін өсірер еді. Қарбыз өсірумен аты шыққан Бостандық ауылында судан мәселе болғаны ұят қой, – дейді Ильяс Отар.
Былай қарасаңыз, Ильяс Асангелдіұлының жанайқайы орынды. Бостандық, Аққұм судың басындағы жері шұрайлы ауылдар. Су болса, ну болайын деп тұр. Шіркін, осындай ұсыныстарға тиісті қаражаты бөлініп, қолдау тапса дейміз. Осы мәселені ауылдық округ әкімдері, сол ауылдан сайланған депутаттар жиі көтеріп жүрсе, іс оңынан шешілер ме еді...
Есет ДОСАЛЫ
Талас ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді