Қазақ хандығы құрылар XV ғасырдың ортасында осы Таразда туып-өсіп, өлкенің қоғамдық-саяси, мәдени-рухани өміріне белсене атсалысып, артында әдеби шығармалар қалдырған Шейх Ахмет ибн Құдайдад Тарази еді. Ол туралы мәліметтер алғаш шығыстанушы ғалым Ислам Жеменейдің еңбектерінде кездеседі. Онда оның өмір сүрген кезеңі Моғолстанның өркендеген дәуірімен тұспа-тұс келетіндігі айтылады. Бұдан өзге шейх Ахметтің өмірі жайлы деректер жоқтың қасы. Тек оның біздің заманымызға «Фунун әл-бәлаға» («Шешендік өнері») атты еңбегі ғана жеткен. «Фунун әл- бәлаға» шағатай тілінде жазылған 139 парақтан тұратын әдебиеттанытқыш теориялық еңбек. Онда парсы, араб тіліндегі өлеңдерден мысал келтіріліп отырылады. Орта Азиядағы алғашқы ислами әдістемелік шығармалар қатарына енген туындының әр тілдегі поэтикалық танымнан сыр шертуін тарихшылар сол кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғалармен байланыстырады.
– Түркі әдебиет теориясының негізі бұдан 500-600 жыл бұрын қазақ жерінде, оның ішінде Тараз қаласында қаланғандығынан жұрт бейхабар болатын. Тараз қаласында туып, осында өмір сүрген Шейх Ахмет ибн Құдайдад Таразидің түркі, парсы және араб әдебиеттері теориясының негізін қалаған кітабын әрі түркі тілінде жазылған өлеңдер жинағының шет елдерден табылғандығы Қазақстанның ең байырғы қаласы Тараздың екі мың жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференцияда жария етілді. Шейх Ахмет ибн Құдайдад Тарази XV ғасырдың бірінші жартысында, атақты Әмір Темір ұрпақтары Шахрух пен Ұлықбек билік еткен жылдар аралығында ерекше көзге түскен бірегей ғұлама ғалым. Ол ірі әдебиеттанушы және шайыр ретінде «Фунун-әл бәлаға» атты қолжазба кітабын мұра етіп қалдырған. Бұл еңбекте автор парсы-тәжік классиктерімен қатар, өзімен замандас түркі тілдес шайырлардың да шығармаларынан үзінділер, өлең жолдарын келтірген. Әдебиеттанушы ғалымның осы еңбегі түркі тілінде жазылған, араб, парсы әдебиетінің өлең жолдарымен өрілген. XV ғасырдың бірінші жартысында Мәуреннахрда әдеби өмір қайнап жатқан кезде, түркі тілі мен парсы тілі қатар жаппай өріс алды. Соның салдарынан қазақ топырағынан шыққан шайырлар, ғалымдар мен ойшылдар түркілер мен парсылардың әдебиетіне, мәдениетіне, тіліне бірдей мән беріп, қоғамдық өміріне жете көңіл бөлді, тілдік ерекшеліктерін зерттеп отырды, – дейді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, тарихшы Сауран Қалиев.
«Фунун әл-бәлаға» лингвистикалық сарындағы шығарма қатарына да енеді. Өйткені мұндағы ортағасырдағы «бәлаға» ұғымы «көркем сөз» деген мағына береді. Автор аталған ғылым аясында көптеген мысалдармен көркем сөз өнерін, яғни өлеңнің қыр-сырын ашуға тырысады. Түркі өлеңдерін парсы поэзиясының пішіндерімен салыстыра отырып сарапқа салады. Тарази өз еңбегінде сөз өнері турасында: «Тіл – адамзатқа тән, әрбір адамның көңілі мағыналы сөзді қалайды. Мағыналы сөз көңілге қонымды келеді. Сонда көңіл мен сөз ажырамас болар. Бұл азаматтың қастерлі сезім шеңберінде болмақ, одан тысқары емес», – дейді.
Шығармада кіріспе және бес бөлімнен тұратын жалпы өлең өнері туралы, ұйқас және редифті ұйқас әрі ислами әдебиеттегі аруд өлең өлшемдеріне арнаған мысалдар ғылыми талданып, анықтамалар берілген. Сол арқылы Шейх Ахмет сөз өнерінің адамзат үшін аса құнды байлық екеніне баса назар аударады: «Аллаға шүкір, адамзат болмысында ол керемет нұрымен қатар ақыл шырағын да жандырды. Сөйтіп, қараңғылықтан жарық сәулені көре, қиыншылықтар түйінін шеше білу үшін, яғни көре алатындай, ұға білетіндей де күш берді әрі сөзбен ішкі жан дүниенің тереңде жатқан ұғымдарын көркем түрде парақтар бетінде тарту етіп, түрлі қырларын баян ете білді».
Сондай-ақ, Шейх Ахмет Тарази сөз өнерін қара сөз бен өлең түріне бөліп, алғаш сипаттама берген ғалымның бірі. Бұл туралы автор: «Алланың сөзіне де, пайғамбардың хадистеріне де қара сөз дәнекер болғандықтан, өлең жанрынан абыройы биік екені анық болса да, Дана Хаким (Алла тағаланың сипаттарының бірі) үшін өлең де бір хикмет. Өйткені, әрбір надан оған жол таппас», – дейді.
Парсы мен түркі әдебиетінің теориясын екі тілдегі көптеген өлең жолдарын мысалға келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға тырысқан аса құнды зерттеу жұмысы бүгінде Ұлыбританияның Оксфорд қаласы, Бодлян кітапханасында сақталған.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді