Қазақтың қамын қазақтан артық ойлаған

Қазақтың қамын қазақтан артық ойлаған
Ашық дереккөз
Қазақ журналистикасының абызы Шерағаң – Шерхан Мұртаза өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары сайлау додасына түсуге нартәуекел еткен шәкірті туралы: «Арғынбай Бекбосын – тұлға. Ал, тұлға ғана турашыл бола алады. Елдің сенімін осындай аз ғана қазақ ақтайды. Тұлғатануда елі қателеспес деп ойлаймын. Сенемін», – деп жазған еді.

Елі, әрине, қателескен жоқ, Арғынбай Бекбосынды Жуалы, Жамбыл, Байзақ аудандарының сайлаушыларының дені қолдап, 1994 жылдың 7 наурызында Жоғарғы Кеңеске депутат етіп сайлады.

Ел тарихынан белгілі  XIII-ші шақырылымдағы Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің «ғұмыры» өте қысқа болды. 1994 жылдың наурыз айынан 1995 жылдың 6 наурызына дейін ғана өмір сүрді. Осы күні Конституциялық соттың азаматша, мамандығы журналист Татьяна Квятковскаяның талап арызы бойынша қабылдаған шешімімен сайлау барысында «бір сайлаушы – бір дауыс» принципі сақталмады деген себеппен Жоғарғы Кеңес таратылды. Ақын Олжас Сүлейменовтің сол кезде айтқан «Мәскеуде Парламентті танкілермен таратса, бізде жалғыз Танька ғана керек болды» деген сөзі бүкіл елге таралды.

Бұл оқиға ол кез саяси дағдарыс делініп бағаланса, кейіннен он үшінші шақырылым депутаттарының биліктің жетегіне ермегені себеп болғаны да айтылып келеді. Сайлаушылар алдындағы сертіне адал болғандар арасында Әулиеата өңірінен сайланған көрнекті қаламгерлер, қоғам қайраткерлері Шерхан Мұртаза, Арғынбай Бекбосын ағаларымыз бен Павлодар облысынан сайланған, еңбек жолын Сарысу ауданының орталығындағы мектепте ұстаздық етуден бастаған жазушы, аудармашы Герольд Бельгер болған еді.

Үш тұлғаның да соңғы шақырылымдағы Жоғарғы Кеңес қабырғасында өткен күндерде көптеген өмірлік мәселелерге деген көзқарастары ортақ болғандықтары, жас қазақ мемлекетінің іргесін нығайтуға көмектесетін заңдар қабылдауда атсалысқандары жайлы көп жазылды.

Бүгінде арттарына қалдырған құнды рухани мұралары – тағылымы мол кітаптарын, естеліктерін, баспасөзде жарияланған сөздерін оқып, шынайы достық қарым-қатынастарына, бір-бірлерінің шығармашылықтарына, қоғамдық қызметтеріне әділ баға бере білгендеріне дән риза боласыз.

Шерағаң – Шерхан Мұртаза оқырмандарын көптеп тапқан «Бір кем дүние» кітабында:

– «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді. Өкінішті-ақ. Бельгерлер некенсаяқ. Есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер көп. Бұған көнбіс, құлақ кесті құлдар қазақта көп. Сол жаман. Бұл бәрінен де жаман. Бір кем дүние», – деп жазды. Арғынбай Бекбосын ағамыздың да Бельгер туралы жазғаны, айтқандары аз емес. Екеуі Жоғарғы Кеңес депутаттығынан кеткеннен кейін де бір-біріне деген риясыз құрметтерін, ерекше ілтипаттарын, байланыстарын үзбеген. Бұл жай Бельгердің жазушы Зәкір Асабаевтың аудармасымен «Парасат» журналында жарияланған күнделіктерінде де көрініс тапқан. Онда: «Тараздан Арғынбай Бекбосын телефон тастады. «Нивада» орыс тілінде повесі шығыпты. «О, жараған» деп жылы лебіз білдірдім. Мен білетін Арғынбай – алымды жігіт», – деп жазған еді.

Газет оқырмандары жақсы білер деп ойлаймын, Арғынбай Бекбосын бірқатар эсселері мен хикаяттарын орыс тілінде жазды. Мұндағы игі мақсаты – қазақ рухын, халқымыздың асыл қасиеттерін тек қана орыс тіліндегі кітап бетін ашатын өзге ұлттар (әрине, арасында өз ана тілін білмейтін қаракөздеріміз де бар) өкілдеріне жеткізу еді. Бельгер айтқан соғыс кезіндегі ауыл өмірін шыншылдықпен суреттейтін повесі – «Медаль за город Будапешт» Қазақстанда орыс тілінде шығатын әдеби-көркем, қоғамдықсаяси «Нива» журналында 2013 жылдың мамыр айындағы №5 санының беташары етіліп жарияланды. Бұл орыс әдебиетшілері тарапынан жоғары баға алғандығын білдірсе керек. Осы туындысы, сондай-ақ орыс тіліндегі басқа да шығармалары 2014 жылы Алматыдағы «Алаш» баспасынан «Медаль за город Будапешт» деген атпен көркем безендіріліп, кітап болып шықты.

Арада жыл өткенде 2015 жылдың ақпан айында қазақ тілінің шын жанашыры Герольд Бельгер бақилық болды. Арғынбай Бекбосын ұлты неміс, жаны қазақ досының қазасын ауыр қабылдады. Сол азалы күндері «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінің тілшісіне сұхбат берді, жүрегінен шыққан қоштасу сөздерін бүкіл ел тыңдады. Бұл сұхбатының мәтінін әлі күнге өзімде сақтап келемін.

Қазақстанның зиялы ортасы тамаша адам, талантты аудармашы, прозашы, публициcт, әдебиетші, мәдениеттанушыны жоғалтқанын айтудан басталған сұхбатында Арғынбай Бекбосын 1994 жылы Жоғарғы Кеңестің XIII шақырылымына депутат болып сайланған кездерінде танысқандары, көптеген өмірлік маңызды мәселелерде – жас қазақ мемлекетін қалыптастыру, оның заңдық базасын жасауда көзқарастары ортақ болғандықтары жақындастырғанын айтқан. Герольд Бельгердің шығармаларынан қазақ рухы аңқып тұратындығының сыры оның соғыс жылдарында Ресейдегі Еділ өзені бойынан Есілге отбасымен қоныс аударып қазақ ауылында өскені, қазақ мектебін бітіргені, қазақтың тұрмыс-салтымен жақсы танысқанынан деп санайтыны туралы ойын да бөлісе кеткен. Бельгердің үш мәдениет саласында жұмыс істегенін, қазақ, неміс, орыс тілдерінде еркін сөйлеп, жазғанын, ерекше еңбекқор, ой-өрісі орасан кең екенін айта келе Арғынбай Бекбосын оның әріптестеріне, қаламдастарына үнемі қамқорлық танытып, демеп отыратынына да тоқталады. Бельгердің өзі жазған рубайларды жоғары бағалағанын, «әдебиеттің бұл жанрында саған бәсекелесер ешкім жоқ, қаламың қолдан түскенше жаза бер» дегенін де келтіре кетеді.

Арғынбай Бекбосынның айтуынша, өзі орыс тілінде жазған «Течет река Талас» повесін Г.Бельгер бір деммен оқып шығып, алған әсерін телефон арқылы бөліскен.

Сұхбат-естелігінде Арғынбай Бекбосын телефон арқылы жиі хабарласып тұрған кезде Герольд Бельгердің Жамбыл облысының халжағдайын үнемі сұрастырып отыратынын, өйткені бұл өңірмен айрықша байланысы барын, өткен ғасырдың елуінші жылдары Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін келіншегі екеуі Сарысу ауданының Байқадам ауылында біраз уақыт мектепте ұстаздық еткенін, Қарнеш есімді жесірдің үйінде пәтер жалдап тұрғанын да айтқан. Бельгер, әрине, үй иесінен ерекше есімінің қалай қойылған тарихын сұрап білген. Жесір әйелдің айтуынша, ол 1925 жылы дүниеге келгенінде отбасында шілдехана жасалып, оған гармоншы орыс жігіті де шақырылады. Шілдеханаға гармонын арқалап келген одан отбасындағы балалардың үлкендеуі «мынау не нәрсе?» деп сұраумен болған. Оған «бұл гармон» дегенде баланың тілі келмей «карнаш, карнеш» деумен болған. Дүниеге жаңа келген қызға осы ат бұйырған екен. Герольд Бельгерге естіген осы оқиға ой салып, сол күннен бастап қазақ ауылдарын аралап, мыңдаған қазақ есімдерін жинаған, этимологияны, оның жағрапияға, тарихқа, саясатқа байланысын зерттеген.

Қаламы мен талабы жетелеп екі жыл ұстаздық еткен ауылдан Алматыға қызмет ауыстырған Г.Бельгер уақыт өте келе елге кеңінен танымал жазушыға, көркем аударманың хас шеберіне айналды. Оның арқасында орыс тілді оқырмандар Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Әбіш Кекілбаевтың шығармаларымен танысты, 2007 жылы Германияда Абайдың неміс тілінде өлеңдер жинағы жарық көрді.

«Қандай көркем шығарма жазсам да, өмірде қазақсыз жүре алмаймын» деп өзі жазғанындай, жеті жасынан бауырына басқан қазақ еліне деген перзенттік махаббатынан өмір бойы айнымаған, дүниеден өтер алдында күнделігіне жазып қалдырған өтінішімен Кеңсайдағы мұсылман қабіріне жерленген Герольд Бельгерге 2021 жылдың 19 наурызында Алматыдағы Жамбыл мен Шоқан Уәлиханов көшелерінің қиылысындағы саябаққа ескерткіш орнатылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ескерткіштің ашылуына орай құттықтау жолдады. «Халқымыз «Гер-аға» деп құрмет тұтқан Герольд Карлович саналы ғұмырында ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетін өркендетуге, қазақ тілінің қарыштап дамуына айрықша үлес қосты. Бала шақтан дала демократиясын бойына сіңіріп өскен қарымды қаламгер ұлт руханиятындағы өткір де өзекті мәселелерді де әрдайым бүкпесіз айтып, қоғамда талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынып отырды. Ең бастысы, жазушы Герольд Бельгер өзінің өмірі мен өнері арқылы бірлігі жарасқан біртұтас Қазақстан халқын қалыптастыру ісіне қалтқысыз қызмет етті» делінген хатта.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің Бельгерге берген бағасы да өте жоғары. Жазушы, драматург Дулат Исабеков: «Бельгер не үшін қымбат бізге? Өйткені, ол қазақтың қамын қазақтан да артық ойлағаны үшін қымбат. Тек қана қазақты жақсы көремін деп жалған жалаулатып сөйлеген адам емес» десе,

жазушы Смағұл Елубай:

«Ол кісінің өмірі, дәріптеп өткен тіл мәселесі Қазақстан тарихында өнеге болатын үлгі деп айтар едік. Яғни, қазақ тілін жақсы меңгерген Герольд қазақты дос санап өтті», деді. Ақын Ұлықбек Есдәулет: «Келеңсіз дүниелерді бетің бар, жүзің бар демей ашық айтқан адам. Осынысымен жақпаған да кездері болған шығар. Дегенмен, қазаққа қазақтан бетер жаны ашыған адам. Абай мен Гетенің үндестігін бүкіл философиялық аспектілері арқылы қарастырып, зерттеп, неміс халқына танытқан мұндай еңбектері өлшеусіз», дейді.

Ақын-жазушылар, әдебиетшілер ғана емес, қарапайым оқырмандардың да неміс, қазақ, орыс тілдерінде 75 кітап шығарған, 2000-ға жуық мақалалар жазған Герольд Бельгерге деген құрметі зор. Баспасөзден талдықорғандық Өтемұрат деген азаматтың өз баласының атын Герольд деп, ал, осы баладан кейін бір жылдан соң дүниеге келген екінші сәбиінің есімін Бельгер деп қойғаны туралы хабарды оқығанымыз бар.

Облысымызда биыл туғанына 90 жыл толатын Герольд Бельгердің оқырмандары, әрине, аз емес. Олардың сүйікті жазушыларының еңбек жолын ұстаздықпен бастаған өлкеде де лайықты құрметтелетініне сенім мол. Осының айғағындай «Aulieata-Media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты өңірдің көшбасшы басылымдары жазушының ғибраты мол ғұмырын насихаттауға арналған жарияланымдар бере бастады. «Знамя труда» газетіндегі белгілі журналист Көкен Оршабековтің «Халықтарды жақындастырған адам» деген мақаласында жазушы өмірінің Байқадамдық кезеңі жазылған. Әріптесіміз Герольд Бельгердің есімін ардақтауда бір кезде өзі ұстаздық еткен ауыл мектебінің мұражайында арнаулы бұрыш ашумен ғана шектеліп қалмай, оның атын облыс орталығындағы көшелердің біріне, тіпті «Достық» үйіне беру туралы ұсынысын ортаға салыпты. Бұл ұсынысы билік пен өңір жұртшылығы тарапынан елеусіз қалмасына сенгіміз келеді. Өйткені, ел Президентінің Бейбітшілік пен келісім сыйлығының, «Парасат» орденінің, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағының иегері болған, барлық шығармашылық, қоғамдық қызметі ұлттардың достығын нығайтуға арналған тұлға Әулиеата елінің қандай құрметіне де лайық.

 

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның Құрметті журналисі

Ұқсас жаңалықтар