Екі әкімді әбігерге салған ауыз су мәселесі қашан шешіледі?
- author «Ақ жол»
- 15 шілде, 2025
- 277

Мәселен Тараз қаласының іргесіндегі Бектөбе және Қызылшарық ауылының тұрғындары жиырма жылдан бері құдықтан су ішіп келеді. Былтыр ауылға «орталықтандырылған ауыз су құбыры кіреді» дегенді естіп, баладай қуанған жұрттың қуанышы бүгінде су сепкендей басылған. Жұмысы баяу жүрген бұл шаруа дер кезінде бітпей, міне, пайдалануға берілуі тиіс уақыттан бері төрт ай өтті. Ауыл тұрғындары ауыз су құбыры әлі пайдалануға берілмесе де, әкімдердің жиналысында «бұл мәселе толық шешілген» деп есеп беріліп кеткенін айтады. Мұны естіген жұрт ауыз су мәселесі сол күйі шешілмей қала ма деп алаңдап отыр.
– Шындығына келгенде мұның бәрі бос сөз. Бектөбе, Қызылшарық ауылдарының тұрғындары құдық арқылы су ішіп отыр. Ал құдықтардың жайы белгілі – тозығы жеткен, аузы ашық күйінде қалуда. Балаларымыз ойнап жүріп, түсіп кете ме деп алаңдаймыз. Елді мекенді қаланың құрамына алып, бірақ су жүйесін әлі пайдалануға бермеген әкімдік мамандары бұл жағдайға мердігерді кінәлап отыр. Айтуларынша, жобаның кем кетігін түзеу әлі жалғасып жатыр. Ол олқылықтар түзетілмейінше, жұмыс қабылданбайды екен, – дейді бектөбелік тұрғын Затулла Райымбердиев.
Естеріңізге сала кетейік, жалпы құны – 1,7 миллиард теңгені құрайтын бұл ауыз су жобасын «Алихан Ойл 3» компаниясы жеңіп алған болатын. Ауылға ауыз су биылғы жылдың сәуір айында берілуі қажет еді. Алайда тиісті құжаттамалық рәсімдерге байланысты жоба өз уақытында бітпеді. Ал атқарушы орган өкілдерінің сөзінше, бүгінде жұмыстың 97 пайызы аяқталған.
– Қазір жұмыстың 97 пайызы бітіп тұр. Бектөбе мен Қызылшарықта су қабылдау жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қалған қаржы осы айда толық беріледі. Жобаның аяғына дейін жетуіне еш кедергі жоқ екенін айтқым келеді. Тұрғындарды ауыз су кіргізілгеннен кейін алаңдамауға шақырамыз. Ауылға ауыз су әкелгеннен кейін мердігер су жүйесін бес жылға дейін күтіп ұстауға міндеттеледі, – дейді
Жамбыл ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Мақсат Үсембаев. Жоғарыда бұл екі елді мекен биыл Тараз қаласының құрамына енгенін айттық. Бірақ ауыз судың мәселесімен әлі күнге дейін Жамбыл ауданы әкімдігінің мамандары айналысып жүр. Қаржы ауданға бөлінгендіктен, бұл істі аудан әкімдігі соңына дейін жеткізуі тиіс. Өйткені жобаны қолға алған мердігер Жамбыл ауданы әкімдігімен келісімшартқа отырған.
Бірақ тартылған ауыз су құбырының сапасына, яғни, жұмыстың сапасына байланысты көптеген сын-ескертпелер айтылуда. Одан кейін о баста дұрыс жоспарланбағандықтан екі ауылда да біраз абоненттер қалып кетіп, оларға ауыз су құбырын тарту ісі үлкен проблемаға айналып тұр. Қалып кеткен абоненттерге құбыр тарту үшін қосымша қаржы керек. Оны кім бөледі? Жамбыл ауданы ма, жоқ, Тараз қаласы ма? Екі ауыл да Тараз қаласының құрамына кіріп кеткендіктен Жамбыл ауданының әкімдігі бұл іске қаншалықты жауапкершілікпен қарайды? Сапасыз істелінген жұмыстың кем-кетігін кім түзейді, кім талап етеді? Аудандық әкімдік жұмысты тезірек қабылдап алып, ауыз суды қосып, Тараз қаласына лақтырып, «ары қарай не істесең де өзің біл» деп басын алып қашпасына кім кепіл? Қалай айтсақ та, Бектөбе мен Қызылшарық елді мекендерінің ауыз суы Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының да, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің де бас ауруына айналып тұр.
Аудан тезірек құтылғысы келеді, ал, қала жұмысты қабылдап алуға асықпайды. Бірбіріне сілтеп жүргенде сапасыз жұмыстың азабын тұрғындар тартпасын. Әкімдіктегілер өз кезегінде ауыз судың азабын айтып дабыл қаққан тұрғындарға бір ай сабыр сақтауды сұрап отыр. Бір ай уақыт та өте шығар. Біздің редакция бұл мәселені, жалпы істің соңы қалай бітетінін назарда ұстайды. Иә, екі әкімді әбігерге салған ауыз су мәселесі енді қашан шешіледі?
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Төтенше жағдайға қаншалықты дайын?
- Бүгін, 03:44
Кәсіпкерлер аулаларды асфальттап беруде
- Бүгін, 03:41
Ақпарат
Сотқа деген сенім – бәрінен маңызды
- 1 шілде, 2025
Жамбылда ҚАЖД қызметкерлері қан тапсырды
- 14 маусым, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді