– Биыл ауданға 49,6 миллиард теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, 10,9 миллиард теңгеге 268 жұмыс орнын құрайтын 44 инвестициялық жоба іске асырылады деп күтілуде. Жыл басынан жалпы құны 569,7 миллион теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба іске асырылып, 46 жаңа жұмыс орындары ашылды. Қалған 35 жоба жыл аяғына дейін іске асырылады. Бұл жобалар жүзеге асырылған сәтте 222 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда, – дейді Бақыт Қазанбасов.
Бүгінгі күні ауданда шағын және орта бизнес жақсы дамуда. Оны аудан орталығында ашылып жатқан сауда орталықтары мен тамақтану және демалыс орындарының көптеп салынуынан байқау қиын емес. Жалпы ауданда 10724 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның 9778-і халыққа қызмет көрсетіп отыр. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында 2,2 миллиард теңгені құрайтын 76 жоба қаржыландырылған. Ал, «2020-2025 жылдарға арналған индустриалдыинновациялық даму» бағдарламасы аясында 58,4 миллиард теңгені құрайтын 9 жоба индустриалды картаға енгізілген. Өткен жылдары 6,3 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Олардың қатарында «Алель Агро» акционерлік қоғамы, «Көктал» құс фабрикасы, «Kazstonebox» ЖШС, «GrandFoods Premium» АӨК, ЖК «Жабатаева Л.К», ЖК «Мухиев Е» бар.
– Ауыл шаруашылығы саласы бұл ауданның негізгі бағыты. Осы жылдың бес айында өндірілген өнім 107,3 пайызға артып, 14,4 миллиард теңгені құрады. Бұл егін және мал шаруашылығынан түскен табыс. Биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің егістіктері 56500 гектарды құрады. Осы жылдың өнімі үшін ауыл шаруашылығы дақылдары жалпы 53609 гектар алқапқа орналастырылып, сүрге айдалатын жер көлемі 2891 гектарды құрап отыр. Бұдан бөлек, 8750 гектарға күздік бидай себілсе, арпа 12005, дәнді жүгері 1100, дәнді бұршақ 40, мақсары 1050, қант қызылшасы 2840, картоп 60, көкөніс-бақша дақылдары 7584 гектар алқапқа орналастырылған. Мал азығы 23354 гектар алқапта дайындалуда. Мал шаруашылығында да айтарлықтай өсім бар. Мәселен, тірі салмақта 9,4 мың тонна ет ,9,8 мың тонна сүт және 2 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Аудан бойынша 24 шаруашылық жалпы құны 606,8 миллион теңге тұратын 68 жаңа техника сатып алды. Оның 28-і трактор, 1-еуі комбайн және 39 ауыл шаруашылығы техникасы. Бүгінгі таңда техниканың жаңару көрсеткіші 4,2 пайызды құрап отыр. Жыл соңына дейін техникамен жаңару деңгейін 10 пайызға арттыру міндеті тұр. Қант қызылшасымен 56 шаруа қожалығы айналысуда. Олар бүгінгі күні 2840 гектар алқапта тәтті түбірді баптап, өсіруде. Балтамыр орналастырылған алқаптың 1860 гектарына су үнемдеу технологиясы енгізілсе, 760 гектар алқап жаңбырлатып, 1100 гектар тамшылатып ылғалдандырылуда, – дейді Бақыт Алпысбайұлы.
Ауданның соңғы жылдары шаруашылықтарға жаңа технологиялар енгізу жұмыстары жақсы жолға қойылған. Мәселен, ауданның агроқұрылымдары су үнемдеу технологиясын биыл 5500 гектар алқапқа енгізсе (оның ішінде 1494 гектар жаңбырлатып, 4006 гектар тамшылатып), Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнімінің көлемін 2024-2028 жылдарға ұлғайту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі жол картасына сәйкес, 2028 жылға дейін су үнемдеу технологияларын 8300 гектар алқапқа жеткізу жоспарлануда. Шаруа қожалықтарды несиелендіру жоспарлы жүргізілуде. Мәселен, биыл «Кең дала» бағдарламасы аясында алты шаруа қожалығы 264 миллион теңге несиеге өтінім берген. «Диқан» несие серіктестігінен 4 шаруа қожалығы 251 миллион теңге, ал «Құлан Дән» несие серіктестігінен бір шаруа 7 миллион теңге алған. Сонымен қатар, «Кең дала 2» бағдарламасы шеңберінде 35 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 438,6 миллион теңге несие рәсімдеген. Бүгінгі күні несиелендіру жұмыстары жүргізілуде.
– «Ауыл аманаты» жобасына ең алғаш қосылған ауылдық округтер Қостөбе мен Түймекент. Одан кейін Үлгілі, 2022 жылы Жалғызтөбе еніп, бұл ауылдық округ бойынша 138 азамат 886,2 миллион теңге несие алған. Ал 2023 жылы жобаға Ынтымақ және Көптерек ауылдық округтері енгізіліп, 337 азамат 2 миллиард 219 миллион теңге несие алып, жұмыстарын бастап кетті. 2019-2023 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» жобасына алты ауылдық округ енгізіліп, 1091 азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жұмыс істеуде. Жалпы, бұл округтерде жоба аясында 5,1 миллиард теңге қаржы игеріліп, оған 27206 бас мал, 90 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. 19 жоба қолдау көріп, осынша азамат өз жеке кәсібін ашқан. Жоба нәтижесінде, жұмыссыздар саны 2,5 есеге кеміп, тұрғындардың орташа табысы 2,4 есеге артты. Биыл «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 17 ауылдық округтен 155 жоба іске асырылады деп күтілуде. Құны 1,2 миллиард теңгені құрайды. Жоба іске асқан жағдайда 309 жаңа жұмыс орны ашылады, – дейді аудан әкімі.
Ауданда мал басы артып келеді. Бұл бірінші кезекте қосымша жайылымды керек етіп отыр. Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жайылым жер көлемі 100005, елді мекеннің жайылымы 17 805,3 гектар болса, босалқы жайылым жер 3 672,2 гектарды құрайды. Шаруа қожалықтардағы мал басына жетіспейтін жайылым көлемі 58 750,5 гектар болса, елді мекендердегі мал басына жетіспейтін жайылым көлемі 121 391 гектар. Жайылым жетіспеушілігін шешу мақсатында 18 ауылдық округтің қызмет көрсету аймағында бос жатқан 402 жер телімі анықталып, жалпы көлемі 18 180,9 гектар жер учаскелері түгелденіп, елді мекендердің жайылымдары бекітіліп берілді.
Игерілмеген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі таңда 11200 гектар жайылым мемлекет жер қорына қайтарылды. Елді мекен малын ауыл маңына жаю мақсатында 122 шаруа қожалығы жетекшілерімен 8553 гектар жайылымға, ал 423 шаруа қожалығы басшыларымен 8838 гектар егістік алқап орылған соң мал жаю үшін меморандум жасалды. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының малын елді мекен сыртына шығару бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде аудандағы 133 шаруашылықтың 874 мүйізді ірі қарасы 5629,1 гектар орман жер қорына шығарылды. Бұдан бөлек, Көптерек, Ботамойнақ, Ынтымақ, Жалғызтөбе, Сазтерек, Үлгілі ауылдық округ тұрғындарының малы жаз айларында Көделі жайылым шұратына шығарылып отыр.
– Бүгінгі күні ауданда құрылыс саласы жақсы дамып келеді. Бұл салаға соңғы жылдары көп көңіл бөлінуде. Бір атап өтерлігі, тұрғын үй мәселесі кезеңкезеңімен шешімін тауып отыр. Соның есебінен жаңа массивтер мен көпқабатты үйлер бой көтеруде. Жыл басынан бері 11,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 37,3 мың шаршы метр тұрғын үй беруді жоспарлап отырмыз. Бүгінде құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын 60 пәтерлі 4 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға осы айда пайдалануға беріледі. Біз тұрғын үй мәселесін тек бюджет қаражаты есебінен ғана емес, ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүрлі «Асар» жобасы аясында да шешуге ден қойдық. Мәселен, жоба басталғалы асарлатқан ағайынның көмегімен 56 мұқтаж отбасы баспаналы болса, биыл 14 отбасына қуаныш сыйласақ деген ниетіміз бар. Жалпы, үстіміздегі жылы Жетібай, Диқан-2, Базарбай елді мекендерінде инженерлік инфрақұрылым іске асырылып, 1000 жер учаскесі таратылды, – дейді Бақыт Алпысбайұлы.
Халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша да тиісті жұмыстар қолға алынған. Аудандағы 43 елді мекеннің 38-і таза ауыз сумен қамтылған. Яғни, елді мекен халқының 88,4 пайызы тіршілік нәрін кедергісіз тұтынуда. Отыз жеті ауылға «Байзақ су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны қызмет көрсетсе, Қайнар елді мекенінің тұрғындары әскери бөлімше арқылы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген.Аққия және қосақ ауылдарын орталықтандырылған таза ауыз сумен қамтамасыз етудің негізгі құрылыс жұмыстары аяқталған, бүгінгі күні онда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Биыл маусым айынан бастап Шахан елді мекенін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету үшін 328,3 миллион теңге қаралып, құрылыс жұмыстары басталса, Қосақ, Төрткүл, Жаңасаз елді мекендерін орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамту мақсатында 1 миллиард 90 миллион теңге құрайтын жобалықсметалық құжаттамалары әзірленіп, бюджеттік өтінімдер ұсынылған.
Елді мекендерді табиғи отынмен қамту ауданда толық орындалған. Көгілдір отын тартылмаған бірде-бір елді мекен қалмаған.
Сондай-ақ, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 132 километрді, ал елді мекендердегі 434 көше жолының жалпы ұзындығы 421,1 километрді құрайды. Биыл аудандық маңызы бар жолдардың үлесін 98 пайызға, елді мекен көшелерінің үлесін жыл соңына дейін 93 пайызға жеткізу жоспарлануда. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында жалпы құны 920,1 миллион теңгеге 35,9 километрді құрайтын 37 көшеге орта жөндеу жұмыстары жоспарланған. Оның 33-іне орта жөндеу жұмыстары жүргізілсе, қалған көшелер бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. «ҚР Көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» сәйкес, «Сарыкемер-Мырзатай» бағытындағы ұзындығы 8,9 километрді құрайтын аудандық маңызы бар автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстарына 296,5 миллион теңге қаржы қаралып, бүгінгі күнде мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде.
– Ауданда аудан тұрғындарын жұмыспен қамту шаралары «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Биыл осы бағдарлама аясында 5549 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, бүгінгі күні 2355 адам жұмыспен қамтылды. Жалпы, жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп қайырылғандар 2975 адам, тіркелген жұмыссыздар саны – 2647. Ауданда кедейшілік шегінен төмен 2504 адамы бар 412 отбасы тұрады. Бұл аудан халқының 2,4 пайызын құрайды. Аталған отбасыларға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек және 1 жастан 6 жасқа дейінгі 792 балаға кепілдендірілген әлеуметтік көмек тағайындалды.
Президент айқындап отырған мәселелердің бірі – адам капиталын дамыту. Ол үшін біз бар мүмкіндіктерді пайдаланудамыз. Атап айтар болсам, биыл білім беру саласына 29,2 миллиард теңге бөлінді, өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 22,6 пайызға артты. Ауданда 44 білім беретін мектеп, 52 мектепке дейінгі ұйым, 1 педагогикалықпсихологиялық түзету кабинеті және 6 мектептен тыс мекеме жұмыс істеуде. Ауданда оқушы саны – 22 335, балабақшалардағы балалар саны – 4250, шағын орталықтарда балалар саны –441.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сəйкес, жаңа, заманауи білім ошақтары бой көтеруде. Атап айтқанда, «Жайлы мектеп» жобасымен Сарыкемер ауылында 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. 2024- 2025 жылы Сарыбарақ ауылынан 100 орындық, Аққия ауылынан 100 орындық және Қосақ негізгі мектебіне спорт зал және асхана құрылысын салу жоспарланған. Осының барлығы Мемлекет басшысының жас ұрпақтың тәрбиесіне деген ерекше қамқорлығының дәлелі.
Денсаулық саласына тоқталар болсам, 44 емдеу мекемесі аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Байзақ аудандық емдеу мекемелерінде бүгінгі күнде 144 дәрігер, 690 орта буын медицина қызметкері, 146 кіші мейірбике, жалпы барлығы 1139 адам қызмет атқаруда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 25 келушіге арналған Жетібай және Диқан ауылдарында дәрігерлік амбулаториялары жақында пайдалануға берілді. Сонымен қатар, осы жоба аясында Диқан-2, Базарбай, Тегістік ауылдарына фельдшерлікакушерлік тіректері және Қызыл жұлдыз ауылына дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. 2025 жылы аудан орталығы Сарыкемер ауылында 200 төсектік орынға арналған орталық аурухана құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда оған қажетті 4,5 гектар жер телімі анықталып, құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалықсметалық құжаттары әзірленуде.
Мәдениет саласына тоқталар болсақ, халыққа бір аудандық мәдениет үйі, 20 ауылдық клуб, бір аудандық орталық, бір аудандық балалар және 24 ауылдық кітапхана, 1 аудандық тарихи-өлкетану музейі, 2 халықтық атағы бар ұжым тұрғындарға мәдени қызмет көрсетуде. Елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту, сонымен қатар, олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру үшін Кеңес ауылына 191 миллион теңге бөлініп, 90 орындық мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оны биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал, спорт саласы бойынша айтар болсақ, ауданда 282 спорт нысаны жұмыс істейді. Биыл 3 кіші футбол алаңы және 2 құрамдастырылған спорт алаңшалары құрылысын салу жоспарланған. Бүгінгі күнге Құмжота ауылында кіші футбол алаңы салынып пайдалануға берілсе, 2 кіші футбол алаңына және 2 құрамдастырылған спорт алаңшаларына мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде. Ал, Сарыкемер ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Жастарды әлеуметтендіру жайы назардан тыс қалмайды. Ауданда 31 394 жас бар. Бұл аудан халқының 29,6 пайызын құрайды. Айтулы кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 1,3 пайызды құраса, уақытша бос жүрген (NEET) жастардың үлесі – 0,01 пайыз. «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген талдауға сәйкес, 3155 жастың мәртебесі өзектендіріліп, 28 NEET жас анықталған, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінгі күнге 1 NEET жас қалды. Есепті кезеңде 652 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Сонымен қатар, «Жасыл ел» еңбек жасағына 6 миллион теңге бөлініп, 100 жұмыссыз, уақытша бос жүрген жастар маусымдық жұмыстарға тартылды, – дейді Бақыт Алпысбайұлы.
Байзақ ауданы
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Референдум-2024: Сайлау учаскелері жұмысын тоқтатты
- Бүгін, 20:01
Бақылаушылар да белсенді
- Бүгін, 18:15
Ақпарат
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- Бүгін, 14:24
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді