«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Шатыркөл кен байыту фабрикасы іске қосылды

Шатыркөл кен байыту фабрикасы іске қосылды
Юрий Ким
Шу ауданында «Қазақмыс корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Шатыркөл-Жайсан кластерінде 2020 жылдан бері Шатыркөл байыту фабрикасын салу жобасын іске асыруда. Шатыркөлде кен 400 метр тереңдіктен өндірілуде. Ал, Жайсанда кен 200 метр тереңдіктен алынады. Екеуінің жылдық қуаты 1 миллион 200 мың тоннаны құрайды. Фабрикада тәулігіне 250 тонна шикізат өңделіп, 20 тонна мыс концентраты алынады. Кеше осы фабриканың техникалық ашылуына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, оның жұмысымен жан-жақты танысты.

Фабрика директоры Алтай Карибаевтың айтуынша, 600 мың тонна кеннен шамамен 60 мың тонна мыс концентраты алынады. Одан бөліп алынатын мыстың көлемі 24-25 пайызды құрайды екен. «Жуырда фабрикамызда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен болып, өндірістік объектінің өнеркәсіп секторын дамытуда әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы жоғары екенін атап өтті. Фабриканы іске қосып, өндіріс көлемін арттыруды тапсырды. Қазір фабрикада 347 адам еңбек етуде. Оның 108-і облыс тұрғындары. Шу ауданынан 42 маман жұмыс істеуде. Олар жай жұмысшы емес, өндіріс шеберлері. Арнайы техникалық мамандығы бар азаматтар. Бізде өндіріс толықтай цифрландырылған. Жұмысшылар бұрынғыдай күрек, қайламен жұмыс істемейді. Барлық жұмыс автоматты процесте ұйымдастырылады», – дейді ол.

Мыс концентраты Балқаш байыту фабрикасына жеткізіліп, одан мыс пластиктері өндірілгенге дейін кен бірнеше өңдеу процесінен өтеді.

Шатыркөл мен Жайсан кен орнынан жеткізілген шикізат Шатыркөл кен байыту фабрикасына жеткізіледі. Осы арада екі кен орнынан жеткізілген шикізат үлкен ұсақтау диірменіне түседі. Онда үлкен тастар шетелдік технология күшімен барынша ұсақталып, келесі бөлімге өтеді. Екінші кезеңінде шикізат құм түйіріне дейін ұнтақталып, мыс концентратын дайындайтын үшінші фабрикаға түседі. Бір атап өтерлігі, қос шикізат өңдеу фабрикасында ауаға ұшып жатқан шаң жоқ. Диірменде тас ұнтақтау кезінде одан бөлінген шаң арнайы технология арқылы сорып алынуда.

Екі диірменнен ұндай ұсақталып шыққан мыс аралас тас кен суда тұндырылып, қойыртпағы арнайы желдеткіште кептіріліп, мыс концентраты бөліп алынып, үлкен қаптарға қапталуда. Әрбір қаптың салмағы 1,5-1,7 тоннаны құрайды.

– Осы қаптағы мыс концентраты жүк көлігіне тиеліп, Бірлік теміржол станциясына жеткізіледі. Бұрын біз кен орындарынан өндірілген шикізатты шикі күйінде Бірлік станциясына тасымалдайтынбыз. Осы фабриканы салу арқылы шикізатты шикі күйінде тасымалдау тоқтатылды. Мәселен, бұған дейін теміржол станциясына бір тәулікте 90 жүк көлігі шикізат тасыса, қазір ол 90 пайызға қысқарды. Бұл қысқару кенді фабрикада мыс концентраты күйінде зауытқа дайындау арқылы мүмкін болып отыр. Яғни, мыс концентратын өндіру арқылы 90 жүк көлігі бүгінде 9 жүк көлігіне төмендеді, – дейді фабриканың директоры.

Аймақ басшысы өндіріс ошағының процестерін түгел аралап, көріп шықты.

– Бүгінгі күні облыста 125 тау-кен индустриясы жұмыс істеуде. Енді оның қатары Шатыркөл байыту фабрикасымен толығуда. Міне, бүгін біз аталған фабриканың техникалық ашылуына қатысып, жұмыс процесімен танысып отырмыз. Фабриканың өндіріс қуаты 1 миллион 200 мын тоннаны құрайды. Жалпы, облыста жобалық құны 128 миллиард теңгені құрайтын 19 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның ішінде осы Шатыркөл байыту фабрикасы да бар. Алда, 2024-2028 жылдары 70-ке жуық, жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын жобаны іске асыру жоспарлануда. Біздің алдымызға қойып отырған басты мақсат – облысымызда тау-кен өндірісін дамыту, – деді облыс әкімі Ербол Қарашөкеев.

Бұдан кейін фабриканың мәжіліс залында баспасөз мәслихаты өткізілді. Фабрика директоры Алтай Карибаев өндіріс ошағының, ал облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев өңірдегі кәсіпкерлік және өнеркәсіп орындарының жұмыс барысымен таныстырды. Алдағы жоспарларымен бөлісті.

Жалпы, бұл жобаға салынған инвестиция 94 миллиард теңгені құрайды. Ал фабриканың алып жатқан аумағы 161,38 гектар. Бас жобалаушысы «AA EnegineeringGroup» компаниясы. Бүгінгі күні мыс концентратын өндіретін фабриканың құрылысы 92 пайызға аяқталды. Фабрика тамыз айында толық қуатында жұмыс істеуге кірісетін болады» дейді Аспандияр Сейсебаев.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Шу ауданы

Суреттерді түсірген

Юрий КИМ.

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар