Үлкен прозаға осындай тыңғылықты дайындықпен келген жазушының роман-трилогиясы «Семсер жүзіндегі серт» деп аталыпты. Тақырыбының өзі адамды селт еткізетін, бұрын құлаққа сіңісті болмаған тың тіркеспен серпіп тұрған бұл шығарма не жайында десек, ол бірінші кітаптың аңдатпасында айтылған екен. Яғни, қазақтың үш-төрт ғасыр басынан кешкен хикметтерін сипаттайтын трилогияның алғашқы томында сонау Тәуекел, Есім ханнан бастап, Абылай дәуірінің ақырына дейінгі кезеңге тарихи-әдеби шолу жасалған болса, ортаңғы томда Кенесары ханның азаттық пен тәуелсіздік жолындағы арпалысты күресі нақты оқиғалар негізінде көркем бейнеленіп, ал соңғы үшінші томда Кенесарының ержүрек ұлы Сыздық сұлтанның әке жолын жалғастыруды көздеген жанкешті әрекеті әңгіме болады.
Сонда, эпопеялық пландағы бұл еңбекті қазақ халқының бодандыққа қарсы ұлт-азаттық күресі туралы біртұтас туынды деп қарасақ, онда бірінші кітап осы тарихтың басталуы, кіріспесі сияқты көрінеді де, үшінші кітап – сол күрестің ең соңғы кульминациялық шырқау шыңындай әсер етеді. Ал, Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның ұлы «Кенесары сұлтан семсердің жүзін сүйіп, серт етіп, азаттық үшін күрес жолында атқа қонған» оқиғаларды суреттейтін екінші кітап – үлкен туындының идеялық ядросындай болып, соқталы дүниенің өзегін құраған. Осы үш тараптың арасын жалғастырып тұрған логикалық байланыс пен әдеби бірізділік – көркем шығарманың қызыл жібі болып шыққан.
Енді о сы жалпылама тұжырымды нақты мысалдармен дәлелдеп көрейін. Ол үшін трилогияның жоғарыда айтылған мазмұндық құрылымына қайтадан тоқталмай, көркемдік ерекшеліктеріне көңіл бөлсем деймін.
Әрине, тұтас халықтың бірнеше ғасырлық тарихына қатысты оқиғаларды бір адамның басынан кешкен өміріндей немесе жігіт пен қыздың махаббат хикаяларындай етіп рет-ретімен жіпке тізгендей баяндап беру мүмкін де емес, қажет те емес. Автор осыны дұрыс түсініп, шығарма кілтін сәтімен таңдай білген екен. Бұған бірінші кітаптың алдындағы «Уақыт жағынан да, кеңістік өлшемімен де осындай ауқымды тарихты түгендеген шығарма бірінен екіншісі туып отыратын жалғаспалы (әңгімешілдік) сюжет емес, вертикаль-фронталдық әрі көлденең- горизонталдық кескіндеу жолымен бейнеленген» деген авторлық аңдатпаға қарап қана емес, үш томды тұтас оқып шығу арқылы көз жеткіздік. Бұл – ұзақ уақытты қамтыған тарихи романдардың бәрінде кездесетін тәсіл, дербес жағдайда, Есенберлинде де бар. Бұлай етуге шығарма табиғатының өзі емеурін (подсказ) жасайды. Әділбек трилогиясындағы, әсіресе, бірінші кітаптағы тарихи шолу іспетті эпизодтарды осылай түсінген жөн деп ойлаймын. Бұл – трилогияның құрылымдық жүйесіне қатысты мәселе.
Жалпы, автордың романдағы оқиғаларды үш кезеңге бөліп, Кенесары тұлғасы мен ол бастаған ұлт-азаттық қозғалысын осы тарихтың кіндік діңгегі етіп алғаны – дұрыс көркемдік шешім болған. Өйткені, тарихшылардың межелеуінше, патшалық және кеңестік отаршылдыққа қарсы қазақ даласында 200 жыл аумағында өрістеген 300-ден аса қарулы қарсылықтың ішіндегі бүкіл ұлтты тұтас қамтыған әрі батыр да емес, басқа да емес, ханның өзі бастап, басқарған бірден-бір көтеріліс, дәл осы – Кенесары қозғалысы екені белгілі. Оның үстіне, аталмыш трилогия – Есенберлиннің «Қаһарынан» кейін, Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті тарихында Кенесары қозғалысына басы бүтін тікелей арналған ең алғашқы кесек туындының орнын иеленіп отыр деп, еш күмілжімей айтуға болады.
«Ең алғашқы» деуімнің тағы бір себебі мынада: тарих ғылымы тәуелсіздік жылдары Кенесарыны ұлт- азаттық қозғалысының көсемі деп бағалағанымен, осы баға көркем әдебиет кеңістігінен алғаш рет Әділбек романы арқылы орын алды дер едім. Өйткені, кеңестік кезеңде жазылған сол Есенберлиннің «Қаһарында» да, одан кейінгі Ғалым Ахмедовтың «Жем бойында», Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романдарындағы Кене сары е сімі аталатын эпизодтарда да ұлт қаһарманының «бейбіт елді шапқаны» туралы айтылады. Алайда, бұл кеңестік саясаттың зорлығымен Кенесарының бетіне амалсыз жағылған күйе екені айдай анық. Әйтпесе, мәселен, кезінде ұйқыдағы халықтың ұлттық рухын бұлттан шыққан күндей қатты көтерген «Қаһар» романы жарық көрмес еді. Сол үшін де ол кездің авторлары, Қайрат Рысқұлбеков айтқандай, «еркек тоқты – құрбандық» шалып, ақиқаттың жүзін бүркемелеп болса да ашуға тырысқан. Ал, сол бүркеуді жұлып тастап, кезінде Кенесары хан мен Наурызбай сұлтанның қылша мойнынан көкке шапшып көтерілген қызыл қанның түсіндей ұлт рухының нұрлы шуағына әрбір беті боялып шыққан «Семсер жүзіндегі серт» атты шындықпен ғана суарылған шығарма тудыру мәртебесі жаңа ғасыр әдебиетінің тарланбозының бірі – Әділбек Ыбырайымұлының еншісіне бұйырған екен. Автор алдына қойған қаламгерлік миссиясын жоғары деңгейде атқарып шыққан деп ойлаймын.
Жалпы көлемі 1400 бетке жуық трилогияны композициялық-сюжеттік тұрғыдан жүйеге келтіру оңай шаруа емес. Осы ретте автор әдебиетте бар, бірақ сирек кездесетін ұтымды тәсілді сәтімен қолдана білген. Мәселен, 420 беттік 1-ші томның оқиғалары Сүйінбай мен қырғыз Қатағанның айтысымен басталып, Сүйінбайдың жеңіс тұғырына көтерілуімен аяқталса, 420 беттік 2-ші том Жетісу өңірінің жампоз батыры әрі әділ би Тәнекенің мәрт тұлғасын мәртебелеумен басталып, ең соңында осы Тәнекенің қалың сарбазымен қырғыз жеріне барып, Кенесары мен Наурызбайдың басын опасыздықпен әрі айуандықпен кескен қырғыз манаптарының қауға бастарын аяғының астына келтіріп, ұлт үшін жанын пида еткен қос батырдың кегін алып қайтқан сәтімен аяқталады.
Бұл – тарихи шындық, болған оқиға, бірақ жазба тарихымыз бен көркем әдебиетімізде бүгінге дейін айтылмаған, Әділбек романы арқылы алғаш рет айтылып отырған тың жаңалық деп есептеймін. Қанеки, шындықтың бетіне тік қарап көрейікші, сол бір жазда Кенесары өлімінен кейін іле-шала қанішер қырғыз манаптарының ортасына қаймықпай барып, қазақтың соңғы ханының кегін алып қайтқан осы Тәнекеден басқа кіміміз бар? Бәріміз басымызды бұғып отырмадық па? Осы тұрғыдан келгенде трилогия авторы тарихымыздан қағажу көріп, еленбей, ескерусіз қалып келе жатқан Тәнекедей қас батырдың қайыңдай берік, қарағайдай биік бірегей тұлғасын да тұңғыш рет ашып беріп отыр. Тәнеке тұлғасы – кесек шығарманың негізгі объектісі. Ендігі тұста оны жазамын деушілер Әділбектен рұқсат сұрауы керек деп ойлаймын.
Сонымен, алдыңғы қо с томның оқиғасы «Сүйінбайдан Сүйінбайға дейін» және «Тәнекеден Тәнекеге дейін» схемасы бойынша өрбіп, ортада баян етілетін бүкіл оқиға кезең-кезеңімен қамшының өріміндей жымдасып келіп отырады. Бұл – тарихи оқиғаларды орайын тауып байланыстырудың көркемдік тәсілі де әрі оқырманды жалықтырмай баурап отырудың өзіндік әдісі де бола алған.
Ескеретін бір жағдай: Шығарманың айтыстан басталатыны – айтыс Кене ханның басы шабылған жылы жазда болған, 2-ші кітаптың Тәнекеден басталатыны – Тәнеке Кене ханның кегін сол жылы күзде қайтарады.
Тарихи шығарманы ғылыми тарих деректерімен салыстыра тексеретін бір әдетіміз бар. Әрине, көркем шығарма – деректі тарихтың көшірмесі емес. Әйтсе де, Кенесары секілді нақпа-нақ тарихи тұлғаны аңыз кейіпкеріне де айналдыруға болмайды. Трилогия авторы осы екі арадан өзінше оңтайлы жол тауып отырған. Романдағы оқиғалардың көпшілігі ресми тарих деректерімен дәлме-дәл келеді. Мәселен, көптеген сұлтан-төрелердің патшаға жағынып, Кенесарыға қарсы келуі, Сыпатай секілді кейбір батыр-мансаптылардың Кенесарыға опасыздық жасауы, ақырында ағасымен жаны бір Наурызбайдың қырғыз қолына өзі келіп түсіп, оның да басы кесілуі, тағы сол сияқтылар. Ал, Кенесарының басы кесілер сәтте дүйім жұрттың алдында:
– Әй, қырғыздар, қырғыздар!
Кеше алмадық бірге ызғар.
Орыс келсе аузы жүн,
Халығыңды қырғыз, бар.
Қойныңа қол салмай-ақ,
Кәпір болар ұл-қыздар... – деп бастап, «әдемі қоңыр даусымен әуендете» айтқан ән өлеңі, бәлкім, авторлық жаңғыртумен ашып көрсетілген батырдың айтылмай кеткен ақырғы сөзі болуы мүмкін. Сөз өнеріндегі көркемдік айшықтаудың бір түрі.
Трилогияда қанық бояумен ашып айтылатын тағы бір жай – қазақ төрелерінің алауыздығы. Олардың көпшілігі, бір жағынан қара халықты езіп-жаншып, екінші жағынан патшаға сатылып күн көргені белгілі. Отаршылдық пен ішкі қанауға қарсы іркес-тіркес бас көтерген Сырым, Исатай-Махамбет, Есет секілді батырлармен бір қатарда Кенесарыны да «бүлікші, бейбіт ауылды шапты» деп патшаға көрсетіп жүрген де осы төре-шонжарлар. Сонау айтыста Сүйінбайдан жеңілген Қатағанға Жантай манаптың: «Қазақ ала ауыз, бірін-бірі көрсетеді, соны неге айтпадың?!» деп, дүрсе қоя беретіні де содан.
Мен үш томдық романды түгел қамтып айтуды мақсат етпеймін. Ол – кәсіби сынның, зерделі зерттеудің мәселесі. Әйтсе де ресми тарихта да, өзім оқыған көркем шығармаларда да кездеспеген тың детальдардың молдығын айта кетуім керек. Мысалы, патша өкіметі Кенесарының басына 6000 рубль тігіп, оны ұстап беруді аға сұлтан Құнанбайға тапсырған кезде, мұны Құнанбай, керісінше, Кенесарыға ескертіп, бойтасалай тұруын ұсынатыны, осы Құнанбайдың 6 айлық ұлы Ибраһим – Абайға Кенесарымен ниеттес Жанғұтты бидің бата беруі, ал әйгілі Балғожа бидің төрт жасар немересі Ыбырайға (Алтынсарин) хан Кененің өзінің бата беруі, Әлімбай көпес есімімен қырғыз асып, одан әрі Қашқарға бара жатқан жолында Шоқан Уәлихановтың Тәнеке батырмен жолығып, пікірлесіп, оған: «Қазақ хандығының күйреген жерін көргім келеді. Бауырларымыздың сүйегі қайда жатқанын білгім келеді. Қайсар ханның қанын мойнына жүктегендердің жүзіне қарағым келеді. Сонша қатыгез болатындай қырғыздың түбі, тегі қандай екенін байқағым бар» дейтіні, тағы сол сияқтылар – әдебиетімізге қосылған тың детальдар.
Автордың тілдік қорына келсем, кез келген профессионал жазушыға тән қолтаңба мұнда да сайрап тұр. «Бозторғай шырылын тоқтатар мезет – шөп нәлінің бозаң тартар жаздың ортасы. Кішкентай сұрша құс уысқа толар-толмас ұясымен қабат байтақ жазираны жырына қосып тербететін уақ – дүниенің талмаусыраған бір уызды шағы» деп суреттеу үшін құрғақ тіл безеу жеткіліксіз, табиғаттың сол құбылысын тап басып тану, білу керек. «Сүйінбайдың әуезді үні мен әсерлі сөздерін көтере алмай есіріктенген қайыстай қара жігіттің бет-аузы құбылып, тамағы тышқан жұтқан жыландай білеуленді» деген теңеу де – әркімнің аузына түсе бермейтін әрлі сурет.
«Күштінің арты диірмен тартады». Қай заманда болсын, билікке қарсы тұрғанның жеңіске жетуі неғайбыл. Сол Исатай мен Махамбет, Кенесары мен Наурызбай, бұдан ғасыр бұрынғы Алаш арыстарының, тіпті күні кешегі Рысқұлбеков Қайраттардың тағдыры да осыған айғақ. Бірақ, осындай қаһармандардың бейнесіндегі халық тілегі орындалмай қоймайды екен. Бұған автор: «Кенесары әр қазақтың жүрегінде жерленген. Оның құдіретті ерлік рухы бізбен мәңгі бірге» деп, атақты батыр Бауыржан Момышұлының сөзімен жауап береді. Расында да Кенесарының көксегені – тәуелсіз қазақ елдігін құру еді. Батырдың осы арманы орындалып, «Тәуелсіздіктен тамыр тартқан алып бәйтеректей Рухы асқақ, Мақсаты биік Қазақ деген салт атты аламан, әлем өркениетінің көшіне қарай кетіп барады» деген жолдармен аяқтайды автор эпопеялық туындысын. Бассыз қоғамда басы кесілген батырлардың орны тарих төрінде. Тек қоғам бассыз болмасын дейді. Трилогияның философиялық түйіні, ұрпаққа ұсынар ғибраты осындай.
Соңғы айтарым: «Семсер жүзіндегі серт» – роман жанрының да, оның ішінде трилогияның да шарттарын толығымен қанағаттандырады. Бұған арнайы тоқталып отырғаным: соңғы он шақты жыл бедерінде әдебиет жанрларының, жалпы, әдебиеттің өзінің де жүгін жеңілдетіп, беделін түсіретін шығармасымақтар көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Аты-жөнін газеттерден бір рет те көрмеген қайсыбір авторлардың шығармашылық өмірбаянына көз салсақ, қырық шақты роман жазып тастағандары, трилогия, тетралогия тұрмақ, жеті томнан тұратын «жетелогия» жазып үлгергендері де бар екен. Сөйтсек, 50-60 беттік жазғандарына «роман» деп ен-таңба (жанр) қойып тастай беретін көрінеді. Әлде бұл әдебиеттегі «демократияның» жарқын мысалы ма екен? Әйтпесе, уақыт кеңістігі жағынан да, қамтыған материалы мен көтерген жүгі тұрғысынан да роман жанрының өзіне тән өлшемі мен шарттары бар екені белгілі. Әдебиеттің роман жанрына өмір құбылыстарын жан-жақты молынан қамтыған кең көлемді эпикалық түр деген энциклопедиялық анықтама берілген. Осы тұрғыдан келгенде де, Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы жаңа дәуірдегі әдебиетіміздің мәртебесі мен еңсесін көтерерлік кесек туынды, семсері шындықпен суарылған шығарма деп сеніммен айта аламыз. Ұлттық романдар галереясын толықтырған туындыға Мемлекеттік сыйлық беріліп жатса, әбден орынды болар еді. Хан Кененің өмірі мен қаһармандығына арналған үштомдық оған лайық. Комиссия мүшелері мемлекеттік сыйлықтың мәртебесін түсірмеуі үшін де «Семсер жүзіндегі серт» сияқты дүниені іздегендері жөн.
Ғұсман ЖАНДЫБАЕВ,
ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- Бүгін, 15:22
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- Бүгін, 14:00
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді