Сайлауға дайындық сараланды

Сайлауға дайындық сараланды
Ашық дереккөз
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов 2024 жылғы 14 шілдесінде өтетін Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылы, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтері әкімдерінің сайлауына дайындық жұмыстары аясында ауданға арнайы барып, аталған ауылдық округ тұрғындарымен кездесті.

Кездесуге Жуалы аудандық қоғамдастық кеңесінің төрағасы Әбдікерім Үркімбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, Б.Момышұлы ауылының, Ақтөбе және Шақпақ ауылдық округтерінің жергілікті қауымдастықтардың төрағалары, округтен сайланған мәслихат депутаттары, жастар ресурстық орталығының қызметкерлері және ауыл тұрғындары қатысты.

Жиынды аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Н.Алтыбаева ашып, облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына сөз берді. Серғали Өмірзақұлы кездесуге қатысушыларға Қазақстан Республикасының Сайлау туралы заң нормалары және сайлаушылардың саны туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, Бауыржан Момышұлы ауылында 9175, Шақпақ ауылдық округінде 2363 сайлаушы болса, Ақтөбе ауылдық округінде 1388 сайлаушы бар екендігін жеткізді.

Сонымен қатар, С.Айдапкелов: «Сайлау қоғамдық саяси науқан болғандықтан, барлық үкіметтік емес ұйымдар, саяси партия, байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан үлкен бәсекелестік ахуал қалыптасуы – шартты жағдай. Бұл барлық дамыған елдерде өтіп жатқан сайлаулардың тәжірибесінде көрініс табатын құбылыстар. Сондықтан қоғам ішіндегі таңдау жасау құқығы қандай жағдайда болмасын шектелмеуі тиіс және әр сайлаушы өз округіндегі қалаған кандидатқа ерікті түрде дауыс бере алады», – деді.

Кездесу соңында Серғали Өмірзақұлы сайлаушылардың құқығын қамтамасыз етуге кеңірек тоқталды. Саяси науқанға белсенді азаматтық позицияларын білдіріп, сайлауға қатысуға атсалысу керектігін баса айтып, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Жуалы аудандық қоғамдастық кеңесінің төрағасы Әбдікерім Үркімбаев сайланған әкімдерге өздерінің сайлауалды бағдарламаларын орындамаған жағдайда қандай шаралар қолданылатыны туралы сұрақ қойып, толыққанды жауабын алды.

Іссапар барысында С.Айдапкелов аудан орталығында орналасқан №200 сайлау учаскесінің сайлауға дайындық бойынша атқарылған жұмыстарымен танысып, сайлау күні дауыс беру процесінде ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеу керектігін қатаң ескертті.

 

Мейіржан СЕМБЕКОВ,

облыстық сайлау комиссиясының мүшесі.

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар