Салтанатты іс-шараға облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ернар Ғалиұлы қатысып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтауын жеткізді.
– Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес өңірімізде жыл санап суармалы егіс алқабының көлемі ұлғайып келеді. Өткен жылы облысымызда 521 километрді құрайтын канал қайта жаңғыртылды. Бұл 33,8 мың гектар алқапты қайта айналымға енгізіп, ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін 30 миллиард теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Ал, биыл 25,3 мың гектар суармалы алқапты қайта айналымға енгізу үшін 355 километр ирригациялық желіні қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жыл сайын 58 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және 12 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Осының арқасында егін шаруашылығына бет бұрған шаруалардың да қатары артуда. Сонымен қатар диқандарды сапалы тұқыммен, тыңайтқышпен қамту және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту бағытында да қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Дегенмен, егер су тапшы болатын болса егістік алқабын ұлғайтып, сапалы тұқым сатып алып, техника жаңартқанымыздан пайда болмайды. Жақсы өнім алу үшін ең алдымен егістік алқаптарына судың кедергісіз жеткені маңызды.
Бүгінгі таңда өңірде сала мамандарының жанкешті еңбегінің нәтижесінде бас бармақпен бағалауға тұрарлықтай жұмыстар істелуде. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында диқандар су тапшылығынан құтылып, алғысын айтуда. Атқарылған жұмыстар аз емес. Алдағы мақсат-міндеттер де ауқымды. Сондықтан кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Абыройлы болыңыздар, – деді Ернар Ғалиұлы.
Сөйтіп, облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хатын сала мамандары, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасының бастығы Қайрат Шымыровқа, «Қазсушар» мекемесінің жоспарлау бөлімінің экономисті Ләйлә Нұрмахановаға, Байзақ пен Қордай өндірістік бөлімінің гидротехниктері Қуаныш Садыков пен Болат Бексұлтанұлына және Үлкен Шу каналы батыс тармағының қызмет бастығы Бекалы Асқарұлына тапсырды.
«Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров та әріптестерін мерекемен құттықтап, сала ардагерлеріне құрмет көрсетті. Ұзақ жылдар су шаруашылығы саласында еңбек етіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан ардагерлерге Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарын салтанатты жағдайда тапсырды. Сондай-ақ, еңбегімен еленген мекеме мамандарының кеудесіне «Су шаруашылығының ардагері», «Су шаруашылығының үздігі» төсбелгісін тақты. Одан бөлек тағы ондаған қызметкерге филиалдың Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті. Бірқатар филиал маманы Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының «III дәрежелі Еңбек даңқы» төлбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапатталды.
Жиын барысында сөз алған ардагерлер мереке қарсаңында ұмыт қалдырмай ескеріп, арнайы шақырып, құрмет көрсеткен басшылыққа риясыз алғыстарын жеткізді.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексін сақтау
- 19 желтоқсан, 2024
Даңғазалық па, мақтангершілік пе?
- 19 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді