Қала тазалығына әрбір тұрғын жауапты

Қала тазалығына әрбір тұрғын жауапты
Ашық дереккөз
Ел Президентінің бастамасымен «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері Әулиеата жерінде сенбіліктер жиі өтіп, қараусыз жатқан талай аумақ ретке келіп қалды. Бұл акцияға тараздықтар да белсенді үлес қосып келеді. Осы кезге дейін мыңдаған түп жасыл көшет егуімен ерекшеленген көне шаһар тұрғындары мен белсенді мекемелер енді қаланың тазалығына мән беруде.

Кеше «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласындағы Нұрлан Әбішев көшесінің бойы, негізгі үлкен асфальт жолдың жағалауы тікенек шөптерден тазартылды. Белсенділер маңайда шашылып жатқан қалдықтарды теріп, бірер сағаттың ішінде мұндағы шаруаның бетін бері қаратты. Бұл іс-шараға қалалық «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің бір бригадасы және көше тұрғындары белсенді қатысты. Осы көшенің 35 жылдан бергі тұрғыны, медицина саласының маманы Гүлсара Нақыпова: «Қаланың тазалығы мен көшенің тазалығы өзіміз үшін керек. Осы жерге түрлі қалдықтарды тастап кететін де өзіміз. Өзімізге жанымыз ашуы қажет. Бүгін арнайы тазалық жұмыстарын ұйымдастырған жауапты тұлғаларға, Тараз қалалық әкімдігіне тұрғындар атынан алғыс білдіреміз», – деді.

Біз моторлы орақпен биік шөптерді орып жатқан «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысшыларын аз ғана демалған сәттерінде сөзге тарттық. Мұндағы жұмысшылардың еңбегі адал. Мәселен, Үсен Есентаевтың осы мекемеде тер төгіп жүргеніне 26 жыл болған. Ол Тараз қаласының тазалығына ширек ғасырдан астам уақыт бойы үлес қосып келеді. Адал еңбектің наны деген осы болар, Үсен Есіпкепұлы облыстық, қалалық деңгейде бірқатар марапаттарға ие болған. Ол өзінің мақсаттары туралы: «Қазақта «Орман бір жерден көгереді», деген бар. Қолымыздан келетіні қара жұмыс болған соң, осы мекемеде тұрақты еңбек еттім. Тараз қаласы әкімінің, басқа да мекемелердің бұйырған марапатын алып жүрмін. Марапат үшін еңбек етпеймін. Бес ұл-қызым бар. Отбасымның өркендеуі, Отанымның дамуы үшін тер төгемін. Өзім еңбек адамы болған соң, ұл-қыздарымның барлығын оқыттым. Бір қызым Алматыда докторантурада оқып жүр. Біреуі – жоғары білімді тәрбиеші. Перзенттеріммен мақтанамын. Қазір жалақым 250 мың теңгеге жоғарылады. Бірақ, біздің бригада сенбі, жексенбі дегенді білмейді. Қай жерде жұмыс бар, уақытпен санаспай тазалық жұмыстарында жүреміз. Тараз қаласының тазалығына үлес қосып жүргеніміз өзімізге ұнайды. Осындағы жігіттердің бәрі еңбекқор. Олармен бауырдай сыйласып кеттік», – деді. Ал, жұмысшы Ербол Ошақбаев пен Береке Орманбеков те жеті жылдан бері осы бригадада тер төгіп келеді. Еңбектері елеулі.

Мұндағы жұмыстарды қадағалауға келген қалалық «Жасыл Ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Айдын Бейсеков: «Биыл жауын-шашын көп жауды. Сондықтан шөптің шығымы жақсы. Қала аумағын тікенек шөптерден тазарту өзекті іске айналды. Қазір қаламызды таза қала деп айта аламыз. Мекеме жұмысшыларына белсенді жұмыстары үшін алғыс айтамын», – деді.

Кеше сонымен қатар, аталған акция аясында Талас өзені бойының маңайында, Тектұрмас кешенінің айналасын тазарту жұмыстары жүргізілді. Оған Тараз қаласының Құрметті азаматтары, танымал спортшылар мен мәдениет қызметкерлері, жастар, жауапты мекеме қызметкерлері белсене қатысты.

 

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы

 

Ұқсас жаңалықтар