Ата кәсіпті қолға алған Жамбыл ауданының тұрғыны тапсырыс көп кезде айына 60 домбыраға дейін жасайтынын айтты. Сонымен қатар, он саусағынан өнер тамған шебердің қолынан тек бір ғана домбыра шықпайды. Ол ағаштан түрлі ұлттық аспаптарды жасайды. Бастапқыда қызығушылық ретінде қолға алған ісі бүгінде кәсібіне айналған. Қазір шебер кәсіби аспаптармен қатар сыйлыққа ұсынатын кәдесыйларға да тапсырыс кабылдайды. Қолы қалт етсе, ауласындағы шағын шеберханасына кіріп, болашақ туындысының әр бөлшегін өзі сызып, ерекше етіп жасауға тырысады.
– Мен домбыра ғана емес, ұлттық аспаптың барлық түрін жасаймын. Бұл іс аса шыдамдылықты қажет етеді. Осы жолда тер төгіп келе жатқаныма 13 жылдан асты. Аталған уақыт аралығында талай шәкіртті тәрбиеледім. Бірақ, көпшілігі қиюы қиын істі бір айдың ішінде меңгеріп алып, бір сәтте табыс көзіне айналдырғысы келеді. Алайда, домбыра жасау жеңіл қарайтын жұмыс емес. Кемі алты ай мерзімді қажет етеді. Бірақ, сонда да шебер ойындағыдай дүниеге қол жеткізе алмайтын кездер болады. Шығармашылық жұмыс осындай қиыншылығы мен қызығы, ләззаты мен азабы арқылы дамиды. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегендей, ұзақ уақытты талап ететін шаруа ұлтпен бірге жасап, ешқашан өшпейтініне сенімдімін, – дейді Берік.
Ұлттық өнерді ұлықтаған ұстаның домбырасы бүгінде еліміздің батысы мен шығысына, түстігі мен теріскейіне дейін жіберілуде. Сонымен катар, Берік Жұматаевтың қолынан шыққан аспапты жамбылдық өнерпаздар да пайдаланып келеді. Олардың қатарында «Көне Тараз» күйінің авторы, танымал күйші Аман Малдыбаев пен оның ұлы Рүстем Малдыбаев бар.
Шебердің айтуынша, күтімі жақсы болса, бір домбыра иесіне 25 жыл қызмет етеді. Өз ісінің кәсіби маманы музыкалық аспапты әзірлеу дұрыс ағаш таңдаудан басталатынын айтады.
– Қазір мен сыйлыққа беретін 20 домбыраны бір мезетте жасап жатырмын. Ал, кәсіби аспапты дайындауға кемі жарты жыл кетеді. Менің мақсатым мол табысқа кенелу емес, сапалы аспап жасау. Өз дүниемді бірден танимын. Оны көрсем, бойымды қуаныш сезімі кернеп, ерекше күйге бөленемін. Мен үшін бұдан асқан қандай бақыт бар, – дейді Берік Жұматаев.
Шебер әр жасаған дүниесіне өзіндік үлгіні ұстанып, қасиетті үнін сақтап қалуға барынша тырысатынын жеткізді. Өйткені, ол үшін домбыраның қоңыр үнін жоғалтпау аса маңызды.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді