«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында бой көтерген спорт кешенінің құрылысы екі жыл бұрын басталған. Жобалық құны 313 миллион теңгеге бағаланған нысан құрылысын «Авторремстрой» компаниясы жүргізген. Осы уақытқа дейін балалар бұқаралық спортпен жаздың күні аулада, ал күн суықта мектепте шұғылданып жүрген. Енді 200 балаға арналған кешен ауылдық жерден мықты спортшылардың шығуына, жеткіншектердің кәсіби деңгейде спортпен шұғылдануына сеп болмақ. Ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтаған облыс әкімі Әулиеата өңірінің спорт саласындағы әлеуетіне тоқталды.
– Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде салауатты өмір салтын қалыптастыруға айрықша назар аударылып келеді. Халықты бұқаралық спортпен шұғылдануға ынталандыру үшін талапқа сай келетін спорт нысандарының қолжетімді болуы маңызды. Жалпы, өңірде өткен жылы 22 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, тоғызы пайдалануға берілсе, қалған 13 спорт кешенінің құрылысы ағымдағы жылы аяқталады. Соның бірі – бүгінгі дене шынықтыру-сауықтыру кешені. Осы кешен болашақ чемпиондардың үлкен спортқа жасаған алғашқы қадамы болатынына сенімім мол. 250-ге жуық жасөспірімнің қазақша күрес, самбо, дзюдо, бокс, футбол, волейбол, баскетбол секілді 7 спорттың түрімен айналысуға мүмкіндік беретін бұл кешен стандартты үлгіде жабдықталған. Жамбыл ауданында Нұржан Қазбеков, Дулат Бекбауов, Алмас Бейсен, Дилара Бақыткерей сынды дарынды спортшыларымыз дүниеге келді. Олар өңіріміздің мәртебесін көтеріп, ел мақтанышына айналды. Қасиетті Әулиеата өңірінің жақсы спорттық дәстүрі мен жеңісті жолдары ежелден қалыптасқан. Біздің спортшыларымыз сан мәрте Әлем, Азия чемпионаттары мен Олимпиадалық ойындарда Қазақ елінің көк Туын көкке желбіреткенін жақсы білесіздер. Сол дәстүрді жоғалтпау, абырой биігінен түсірмеу – біздің басты міндетіміз екенін естен шығармау керек, – деді облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы.
Екі қабаттан тұратын ғимаратта жаттығуға арналған құрал-жабдықтар қамтылып, толықтай заманауи үлгіде жасақталған. Мекеменің сыртқы ауласы абаттандырылып, іші толық жылу жүйесімен қамтылған. Мұнда балалар футбол, күрес, волейбол, бокс сынды түрлі үйірмелерге қатыса алады. Жиында сөз алған ауыл тұрғыны, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ілесбек Амалов елді мекен тұрғындарының спортта жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.
– Ауыл тұрғындары бұқаралық спорт түрлерімен тұрақты айналысады. Жергілікті жұртшылықтың спорттың түрлі саласында жеткен жетістіктері аз емес. Атап айтқанда, осы ауылдан қазақ күресінен спорт шеберлері Самат Қосаев, Азиз Айнабеков, Жасұлан Абишев, Азия чемпионы, Әлем кубогінің екі дүркін иегері Ардақ Құлжанов шыққан. Сондай-ақ, бұл қатарда дзюдо, самбо, қазақ күресінен әйелдер арасында спорт шебері Ақмарал Ерназар бар. Сондықтан аталған спорт кешені дер кезінде халық игілігіне берілді деп санаймын, – деді Ілесбек Сәрсенбекұлы.
Айта кетейік, Жамбыл ауданында 142 спорт кешені бар. Бүгінде мұнда тұрғындардың спортпен шұғылдану пайызы 40,5 пайыз болса, аймақтағы спорт кешендерімен жабдықталу үлесі 63 пайызға жеткен. Биыл жыл соңына дейін осы аудандағы бірқатар елді мекенде футбол алаңшалары соғылып, бес ауылда футбол алаңдары заманауи үлгіде жаңартылмақ. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Аса ауылындағы халық 33 жылдан астам уақыт сарыла күткен теміржол станциясы арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпірдің ашылу салтанатына қатысты.
Тұрғындардың ұсынысын ескеріп, жергілікті мәслихат депутаттарының қолдауымен жүзеге асқан жоба өткен жылдың тамыз айында басталған. Құрылысын «Д&K» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген нысанның жобалық құны 336 миллион теңгені құрайды.
Көпірдің биіктігі 6 метр, ұзындығы 41 метр. Алты тораптан тұратын көпірде қауіпсіздік шаралары да қарастырылған. Мұнда жаяу жүргіншілер жолағы, мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайластырылып, лифт қойылған.
Бұған дейін 13 мың тұрғыны бар асалықтар айналма жолдан өтуге қиынсынып, теміржолды төтесінен кесіп жүрген. Олардың арасында жасы да, үлкені де бар, тыйым салынған белгілерге қарамастан пойыздардың астымен өтетін. Жаңа нысанда облыс әкімі аспалы көпірдегі лифтінің жұмысымен танысып, мұнда тұрғындардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керектігін айтты.
– Ең бастысы – балалардың қауіпсіздігі ескерілуі қажет. Аталған лифтіде мүмкіндігі шектеулі жандардың мініп- түсуіне қолайлы жағдай қарастырылуы аса маңызды. Нысанның тазалығы ескеріліп, нысан ашық қалмай, балалардың ойын алаңына айналып кетпеуін қадағалау керек. Осы бағыттағы жұмыстарды мердігер компания назарға алсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Айта кету қажет, осы күні аудандағы Қаракемер ауылында да жаңа спорт кешені халық игілігіне берілді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Тастөбе мен Қызылқайнар ауылдық округінде спорт кешенін соғу жоспарлануда.
Нұрболат АМАНБЕК
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- Бүгін, 01:47
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- Бүгін, 01:40
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді