Бала тәрбиесі басты назарда болуы тиіс

Бала тәрбиесі басты назарда болуы тиіс
Ашық дереккөз
Мен Байзақ ауданында тұратын ақсақалмын. Жас шағымыздан газет-журнал, кітап оқып жүретін қасиетіміз бар. Әсіресе, облыстық «Aq jol» газетін үнемі асыға күтіп, қызыға оқимын. Бұл талай жылдардан бері жалғасқан дағды. Қазір осы газетте еңбек етіп жүрген жас журналистерге дейін аты-жөндерін басылым арқылы танып отырамын. Кейбір өзекті мәселелерге өзімнің пікірімді қосқым келеді.

Мәселен, аталған газеттің 2024 жылғы 13 маусым күнгі кезекті нөмірінде «Ойласу» айдарымен берілген басылым тілшісі Есет Досалының бүгінгі таңда қазақ қоғамындағы өзекті тақырыпты қозғаған «Бала жұмсап жүрсіз бе?» атты мақаласы жарық көрді. Тәрбие саласы – таусылмайтын тақырып. Ұзақ жылдар білім беру саласында қызмет еткендіктен және басшылықта болғандықтан мақалаға ой қосуды азаматтық міндетім деп санадым.

Шағын ғана мақалада біраз мәселе қамтылған екен. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын мына тәуелсіз елімізде неге жастар арасында бойкүйездік, енжарлық басым, қоғам өміріне деген белсенділік неге төмен деген ой мені де жиі мазалайды. Әрине, барлық жасқа топырақ шашуға болмас. Шетел асып білім қуып, тәжірибе жинап, елге келіп халыққа қызмет жасап жүрген жастар жайлы естігеніңде риза боласың. Көптеген ата-аналар бала тәрбиесінде жұмыс басты болғандықтан көп көңіл бөле алмай ма, тәрбие саласын мектепке жүктеп қойған жоқ па деген ой келеді. Жанұяда баланы жақсы киіндірсем, ешкімнен кем етпесем, тамағы тоқ болса жеткілікті емес пе деп ойлайтын ата-аналар да баршылық. Ондай ата-аналар балаға керегі сенің тамағың мен киімің емес, жылы шуақ пен мейірім екенін түсінсе ғой дейміз. Бір мезгіл: «Балам, сабағың қалай, мектепте қалай оқып жүрсің, мұғалімдерің қалай? Барып сабағыңа қатысып қоюым керек еді», деген жылы сөзді айтуға қанша уақыт кетеді? Көп уақыт кетпейді ғой.

Дастархан басында әкенің балаға тапсырып кеткен шаруаларын аналардың балаға жаны ашыған болып ара түсіп жататындары өтірік емес. Маған кейде осы балалар ата-аналарының бала күнгі өмірлерінен хабарлары шамалы-ау, осы күнгі бейбіт тіршіліктің қадіріне жете алмай жүр-ау деген ой келеді. Ата-аналар балаларымыздың жақсы ұл-қыз болып өсуін ойласақ, оларды жастайынан еңбекке баулығанымыз, өмірге бейімдегеніміз жөн. Әр бала жастайынан өз орнын табуға бейім болып өскені жақсы. Ұл-қыздарымызды жас ерекшеліктеріне қарай үйде бір шаруаға жарағаны өзімізге жақсы.

Газет тілшісі көтерген мәселелеге үн қосып, қоғамға тарыдай болса да жақсы ой тастап, тағылым мен тәрбиеге тамшыдай үлесімді қосқым келді.

 

Айтмаханбет ТЫШҚАНБАЕВ,

ҚР Білім беру ісі үздігі.

Байзақ ауданы

Ұқсас жаңалықтар