Дегенмен, бес парыздың ішінде адамдардың шамасы келсе орындайтыны – қажылық пен зекет. Демек, қажылық сапарды жұрттың бәрі емес, қаржысы жеткілікті болған адамдар өтейді. Оның негізгі шарттары Мекке қаласында, қасиетті қағба тастың маңында жасалады. Сафа мен Маруа жазығының арасын жеті мәрте жүгіріп өту де – қажылықтың бір талабы.
Қажылық парызын жыл сайын әлем мұсылмандары өтеп жүр. Оның ішінде қазақстандықтар да бар. Тарихтан білеміз, кезінде аталарымыз қажылықты ат арбамен, түйе арбамен айлар бойы жол жүріп барып өтеді. Әйгілі Құнанбай Өскенбайұлы да күймемен барып, парызын өтеп қажы атанды. Қазір мүмкіндік басқа. Жыл сайын мыңдаған қазақстандықтар ұшақпен Меккеге бар болғаны 6-7 сағаттың ішінде барып жатыр. Осылай, бәрі бір жүйеге түскен секілді еді.
Ал, биылғы қажылық амалы кезінде жағымсыз ақпараттар көп тарады. «Меккеде қажылық парыздарын өтеу кезінде 500 адам қайтыс болды» деген ақпараттарды әлеуметтік желіден естідік. Әрине, бұл цифр жалған болуы да әбден мүмкін. Шындық болуы да ықтимал. Бәлкім, бұл ақпараттың таралуына ауа райының қолайсыз болып, күннің шамадан тыс ыстық болуы да әсер етуі мүмкін.
Тағы бір айтарымыз, әлеуметтік желіде назарымызды аударған жанайқайға толы бейнематериал. Онда бір белгісіз әйел: «Қажы атанамын деп қаншама адам сол сапарда қаза болып кетіп жатыр. Алла тек сол Мекке мен Мәдинеде ғана ма? Алла әр адамның жүрегінде емес пе? Қай жерде жүрсең де Жаратушы естімей ме? Үйіңде отырып, шын ықыласпен намаз оқып, дұға жасасаң да Алла естуші емес пе? Қажылық сапар дегенді жамылып, компаниялар табысқа кенеліп жатыр. Араб елін байытып жатырмыз. Бір белгілі кәсіпкер қазақ жігіті әкесімен бірге қажылыққа барған.Әкесі қажылық сапарда қайтыс болып отыр. Баласы әкесінің мәйітін ала алмады. Меккеде жерленді. Меккеде қайтыс болғандарды қасиетті жерде жумай, жаназасын шығармай, бір шұқырға көме салады деп естиміз. Осы дұрыс па? Роза Мұқанованың видеосы таралып жатыр. Кішкене көзімізді ашқанымыз дұрыс», – деп хабар таратыпты.
Біз осы бейнематериалды көріп, танымал жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Роза Мұқановамен хабарласқан едік. Ол: «Айналайын, осындай бір ақпарат тарап жатқанын білемін. Оны тыңдап, өзім де таңданып отырмын. Мен қажылық парыз туралы ешқандай жағымсыз ақпарат таратқан емеспін. Өзім қажылық парызына құрметпен қараймын. Осы жағын баса айтқым келеді. Атымды жамылып тарап жатқан ақпарат жалған. Мүмкін, менімен аттас, басқа Роза Мұқанова деген адам таратуы мүмкін. Бұл оқиғаның ортасында жоқпын», – деді. Сонда әлгі белгісіз әйелдің Розасы қай Роза болды екен?
Осы орайда бірқатар жауапты өкілдер мен имамдарды сөзге тартқан едік. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының облысымыздағы қажылыққа жауапты өкілі, Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев: «Биыл Қазақстаннан жылдағыдай қажылыққа ниет еткендер барды. Біздің облыстан 9 компания қажыларды тасыды. Қазақстандық қажылардың арасында қайтыс болу фактісі тіркелген жоқ. Бірақ, күннің ерекше ыстық болуына байланысты осындай ақпарат тарап кеткені рас. Ақпараттың шындыққа жанасымды болуы да маңызды ғой. Жалпы, әр жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен келген қажылар арасында қайтыс болу фактісі тіркеледі. Енді миллиондаған адамның арасында түрлі жағдай болады емес пе? Бірақ, осынша дақпырт шықпайтын. Биылғы жалған ақпараттың күннің шамадан тыс ыстық болуымен байланысты екенін жоғарыда айттым», десе, Жамбыл аудандық мешітінің бас имамы Дәурен Құттыбаев: «Қажылық – басқа қалада емес, Меккеде орындалатын амал. Әр мұсылманға қажылық сапардың нәсіп болуы үлкен – олжа. Ал, дәм- тұзы таусылып, қажылық сапарда өмірден қайтқан мұсылмандар сол жердегі зиратқа жерленеді. Біздің елдегідей жуындырылып, кебінделіп, жаназасы оқылады. Бір шұқырға тастай салады екен деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Кәдімгідей қабірге жерлейді. Бірақ, біздің елдегідей зәулім қорған тұрғызбайды. Белгі ретінде қойдың басындай ғана қоңыр тас қойып кетеді. Адам баласы ажалы жеткен күні қай мемлекетте, қай жерде жүрсе де Алланың аманатын тапсырады. Ал, Алланың назары түскен қасиетті Меккеде өмірден өту – үлкен нәсіп. Ондай мүмкіндікке Алланың ерекше ықыласы ауған, салиқалы құлдары ғана жетеді. Сондықтан, бұл мәселеге үрейлі жағынан емес, екінші имандылық жағынан да қараған жөн», – деді.
Ал, елімізге белгілі тележурналист Ардақ Байғабыл биыл қажылығын өтеп жатқанын айтып, сол қасиетті сапар барысынан бейнеүндеу таратты. Айтылып жатқан сан алуан жағымсыз ақпараттарды жоққа шығарды. Ол: «Міне, сол қажылық сапарында жүрміз. Амалдарымызды өтеп, құлшылықтарымызды жасап жатырмыз. Биыл әлемнің көптеген елінен қажылыққа келгендердің жалпы саны 1 миллион 800 мың адам. Оның 250 мыңы Араб мемлекетінен. Осы қажылардың ішінде 26 кісі түрлі жағдайлармен өмірден өтті деген ақпарат бар. Оның ішінде қазақстандық азаматтар жоқ. Мұнан бөлек қажылыққа заңсыз келген 2 миллион адам бар екен. Күннің шамадан тыс ыстық болуына және жатын орындарының, тамақтануларының уақытылы болмауынан 400-ге жуық заңсыз жолмен барған азаматтар қаза болған. Қазақстаннан 400 адам заңсыз жолмен барыпты деген ақпарат та бар. Мәселен, кіші қажылыққа келіп, Меккеде қалып кеткен, туристік сапармен барып қажылыққа қалып кеткен деген сияқты. Осындай қазақстандықтар арасында да өмірден озғандары болуы мүмкін. Біздің ескертеріміз, қажылыққа заңсыз жолмен келу – өте қауіпті. Ал, жолдамасын алып, қаржысын төлеп, заңды тіркеліп келген қазақстандық қажылар арасында шығын болған жоқ», – деді.
«... Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең, сонда да күдер үзбе бір Алладан», деп бабаларымыз айтып кеткендей, дәстүрлі дінді ұстануымызда береке мол. Оны халқымыз сан ғасырлар бойы сезініп келеді. Қажылық – Алла парыз еткен ізгі амал. Оны қай жерде өтеу қажеттігі де шариғатта көрсетілген. Сондықтан, қажылық сапарына баруды Араб елінің табыс табуы деп ойлау да қателік болар. Құнанбай атамыз күймемен барып өтеген қажылық қазаққа жат па? Қажылық парыздың өзімізге керек екенін ұмытпасақ екен.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Той мәдениетін көтеру көптің ісі
- Бүгін, 03:15
Кешенді шаралар — табиғат тазалығының кепілі
- 24 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді