Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында серіктестік маңызды рөл атқарады. Себебі, кәсіпкер өндіретін сүт өнімдері, өсімдік майы және алкогольсіз сусындар республиканың әр тарапына таралады. Компания былтыр ауыл шаруашылығы басқармасының көмегімен сары майды сақтауға арналған контейнер, вакуумниктер, ең басты қымбат құрал – салқындатқыш сатып, орнатты. Жалпы, серіктестік 2004 жылы құрылған. Жиырма жылдың ішінде бұл серіктестік сүт өнімдерінің сапалы әрі дәмді түрін дайындаудың қыр-сырын меңгеріп, тұтынушыларын қуантып келеді.
– 2004 жылы біз жалаң құлшыныспен жұмыс істей бастадық. Жабдықты өзіміз жинадық. Тапсырушылармен байланыс орнаттық. Бүгінгі таңда біз қатты ірімшіктердің, чечилдің, фета ірімшігін, майдың бірнеше түрін шығарамыз. Тауарымыздың барлығы да табиғи өнім. Шикізатқа немесе тауарды өткеру ісінде ешқандай мәселе жоқ. Әуеліде 200 литрден бастаған болсақ, бүгінгі таңда тәулігіне 100 тоннаға дейін сүт өңдеуге қауқарымыз бар. Ал біздің «Ozdamirov produkt» сауда белгісімен шығарылған өніміміз қазір тек ауданда ғана емес, сонымен қатар, Астана, Алматы, Тараз, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларында да сұранысқа ие. Біз тек экологиялық таза табиғи өнімдерді ұсынамыз. Сондықтан, сүт өнімдерін өндіру нарығында өз тәжірибемізді қалыптастырдық. Қандай да бір жәрмеңкелерге, көрмелерге қатысып, қайырымдылық көрсетумен де белсенді айналысамыз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға, аз қамтылған отбасыларға ерекше көңіл бөлеміз. Орта есеппен 200-300 ауладан үш-төрт тонна сүт жиналады. Сүтін бізге өткізгісі келген шаруашылықтар мен тұрғындардың қатары көбеюі есебінен ауданда мүйізді ірі қара басымен қатар, сүт өндірісі де артты. Сондықтан, біздің кәсіпорын жалпы ауданның мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып отыр деуге толық негіз бар, – дейді Лечи Геланиевич.
Лечи Оздамиров өзінің іскерлігі мен өндірген өнімін мақтан тұтады. «СМТС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өнім желісі өте мобильді. Серіктестік сатушылармен тығыз байланыс орнатқан және дүкендердің берген тапсырысына сай өнімді нақ сол, берілген мөлшерде, қажетті сұрыпына дейін дайындап береді. Сонымен қатар, әр жаз сайын серіктестік алкогольсіз сусындардың сегіз түрін шығарады. Кеңес одағы кезінде көптің есінде қалған лимонадтар мен квастың ескі рецептерін жандандыруға қол жеткізген.
– Ауданымыздың экологиясының тазалығын ескеріп, біздің өнімдердің де сондай таза екенін сезінуге болады. Өнімдерді тапсырысқа сай, кезегімен дайындап отырамыз. Бүгін ірімшік дайындасақ, ертең сүзбе ірімшігін, одан кейінгі күні сары май дайындаймыз. Барлық тауарлар мемлекеттік стандартқа сай сертификатталған. Санитарлық норманың да сай болуы әр маусым сайын жүргізіліп тұрады, – дейді кәсіпкер.
Ол ірімшік өндірісінде Бурненский ірімшік зауытында жұмыс істеген технологтар сақтаған дәстүрлі рецепт қолданылады. Тараз базарларында «Ozdamirov produkt» сауда белгісімен шығарылған ірімшікті кездестіру мүмкін емес. Кейде сатушылар ірімшіктерді аталған компания өнімінің логосын қолданып, сатылымға шығарады екен. Бірақ, оның Жуалы өніміне ешқандай қатысы жоқ.
Жергілікті халықтан таза сүтті қабылдап, одан сары май, ірімшіктің бірнеше түрін өндіретін және алкогольсіз «Дюшес», «Буратино», «Квас» сынды сусындарды шығаратын бұл мекемеде 15 жұмысшы қызмет етеді. Сондай-ақ, «Табиғат байлығы» сауда орталығының басшысы, білікті кәсіпкер Лечи Геланиевич Байзақ ауданындағы Мырзатай ауылының «Әулие-ата Феникс» құс фабрикасының өкілдерімен бірлесіп, өзінің сауда нүктесінен жұмыртқа, тауық еті секілді құс өнімдеріне арналған сауда қатарын дайындаған.
Фабрика қызметкерлері сауда орнына өздерінің құрал-жабдықтарын, мұздатқыштарын әкеліп орнатып, екі жұмыс орнын ашқан. Кәсіпкердің мұндағы мақсаты – жаңа жұмыс орындарын аша отырып, жерлестерді экологиялық таза, сапалы және халал құс өнімдерімен қамтамасыз ету.
Сондай-ақ, бағаны тұрақтандыру және құс етінің 23 түрін ұсыну. Мұнда «бройлер балапаны», «цыплята табака», мұздатылған филе, қанаттар, жамбас, сан еті, тауық еті, бауыр, жүрек, мойын еті, рагу, фарш, тауықтың жарты еті, толық балапан секілді өнім түрін сатып алуға болады.
Енді жуалылықтар Таразға, Шымкентке бармай-ақ, өнімді тікелей фабриканың бағасымен сол жерден сатып ала алады. Жергілікті тұрғындар құс етіне деген таңдау жасауға мүмкіндік туғанына және оның нарықтағы бағасы жүйелі болғанына қуанып отыр. Кейбір сауда орталықтарынан өнім бағасы әлдеқайда төмен.
– Маған дүкендегі құс етінің ассортименті ұнады, өйткені оның көптеген түрі бар екен. Бағасы да төмен. Мұздатылған және балғын етті қалауыңша таңдап алуға мол мүмкіндік бар. Мен тек осы фирмалық дүкеннен құс етін сатып аламын, – деді Көлбастау ауылының тұрғыны Сандуғаш Мәлібекова.
Жуалылықтар ауданға осындай жағдай жасап, таза, сапалы өнімдерімен қуантып, біраз жанды жұмыспен қамтып отырған Лечи Оздамировқа алғыстарын айтудан танған емес.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді