Эрнест Хемингуэй – Атақты американдық жазушы, журналист, 1954 жылғы әдебиет бойынша Нобель сыйлығының лауреаты дәрігер отбасында туған. Жазушының алғашқы кітабы «Біздің дәуірде» деген атпен 1925 жылы жарық көрді. Оның есімін әлемге танытқан «Қош бол, қару» романы болды. Хемингуэй ХХ ғасырдың отызыншы жылдары «Бұқа мүйізі», «Фрэнсис Макомбердің қысқа бақыты», «Килиманджаро қары» және тағы басқа туындыларын және қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарды сынға алатын «Бар мен жоқ» романын жазды. Испан дәуірі жазушы шығармашылығының өрлеу кезеңі болды. Бұл тұста оның көптеген очерктері, репортаждары, «Бесінші колонна» пьесасы, «Қоңырау кімге соғылады» романы жарық көрді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі біршама іркілістен кейін ол «Шал мен теңіз» секілді туындыларымен қайтадан даңқ тұғырына көтерілді.
Мектеп қабырғасында жүрiп оқушылар газетiн шығаруы Э.Хемингуэйдiң әдебиетке барар алғашқы баспалдағы iспеттi едi. Қабырға газетiндегi «Байшыкештердiң өмiрiнен» атты мақаласы оны Оук- Паркке танымал еттi. Алғашқы әңгiмелерi «Тарихи орын» деп аталатын мектеп журналында 1916 жылы жарық көрдi. Осы жылдың жазында Эрнест ата-анасының қарсылығына қарамастан, достарымен саяхатқа кетедi. Солтүстiк Мичиганда өткiзген сол саяхатынан ол үйiне үлкен әсермен оралады. Кейiнiрек Э.Хемингуэй осы сапары жөнiнде көптеген әңгiмелер жазды.
Эрнест мектеп бiтiрген соң ата-анасы оны университетке оқуға жiбермек болды. Бiрақ Эрнест Канзас-Сити қаласындағы «Star» газетiне жұмысқа тұрады. Осы газетте репортер қызметiн атқарған ол қылмыс әлемiндегi небiр жантүршiгерлiк оқиғалармен кеңiрек танысады. Жезөкшелермен қақтығыс, қандықол қарақшының ұсталуы, түрлi апат орындарын өз көзiмен көруi болашақ жазушыны шыңдай түстi. 1926 жылы жарық көрген «Фиеста» әңгiмесi Эрнест Хемингуэйдiң жұлдызды дүниесi болды. 1920 жылдары Франция мен Испанияда өмiр сүрген жастардың «тамырынан ажырауы» туралы көркем суреттелген бұл шығарма жазушының оқырманын арттырды.
Артына бiр жапырақ хат қалдырмастан, өзiн-өзi атып тастаған жазушының өлiмiнiң сыры күнi бүгiнге дейiн жұмбақ.
Габриэль Гарсиа Маркес – «Он екі жасымда Сипакира қаласында иезуиттік колледжге түсіп, шәкіртақы ала бастадым. Ата-анамның қалауы бойынша Богота ұлттық университетінің заң факультетінің студенті атандым. Диплом ала алмадым, себебі төрт жылдан кейін оқуды тастап, жергілікті газетте тілші болып жұмыс істедім. Осы үшін әкеммен қатты ұрсысып қалдық. Менің жаңа кәсібім туралы білгенде «Өзіңнің қағазыңмен тамақтан» деген. Тек әкемнің дүниеден өтер кезіне бірнеше күн қалғанда ғана татуласқан болатынбыз». Бұл әйгілі «Жүз жылдық жалғыздық» шығармасының авторы Габриэль Гарсиа Маркестің естелігі.
Маркес өзінің журналистік стилінде табандылығымен және әр нәрсенің түбіне жетуге құштарлығымен ерекшеленетін американдық газетшілерге еліктеді. Маркестің публицистикалық стилі тақырыпты жан-жақты зерделеуімен, егжей-тегжейлі ізденуімен, туған елінің шындығын терең түсінуімен ерекшеленді. Құрғақ болып көрінетін деректі материалды ұсынғанда да ол тамаша әңгімеші шеберлігін пайдаланып, өзінің шексіз қиялын пайдаланды.
Хемингуэй, Кафка, Фолкнер сияқты данышпандардың романдарының әсерінен жас жігіт әдебиетті өз мамандығым деп шешті. 1950 жылы ол алғаш рет журналистика саласында бағын сынап көрді, содан кейін өзі тұратын Барранкильядағы газеттердің бірінде арнайы айдарды жүргізді. Жазушы Габриэль Гарсиа Маркес бірнеше жыл тілші болып жұмыс істеп, Боготаға көшіп, El Espectador газетіне жұмысқа орналасты. Ол штаттарды, Венесуэланы, Францияны, Италияны аралады. Маркес көптеген мақалаларын Септимус деген бүркеншік атымен шығарды. Маркес Колумбия газеттерінде жарық көрген ең үлкен басылымның авторы болды. Ол 14 ұзақ сұхбаттан тұратын бірқатар материалдар жазды. Оның эссе кейіпкері – Колумбиялық теңіз флотының матросы Луис Алехандро Веласко, ол кеме апатынан керемет түрде аман қалып, он күн тамақсыз және сусынсыз тірлік кешеді. Маркес ешқашан дыбыс жазу құрылғысын (диктофон) пайдаланбаған. Ол нағыз журналист сұхбат үшін өте маңызды нәрселерді жазып алып, ұзақ әңгіме жүргізе алуы керектігін алға тартты.
Маркес жеті роман, 47 повесть, он киносценарий жазды. Әлемдік даңқты оған «Жүз жылдық жалғыздық» романы алып берді. Шығарма әлемнің 35 тіліне аударылып, 30 милионнан астам таралыммен сатылды.
Орхан Памук – арғы тегі черкес сойынан шыққан қазіргі заманғы ең танымал түрік жазушысы, бірнеше ұлттық және халықаралық сыйлықтардың иегері. 2006 жылы 12 қазанда әдебиет саласы бойынша «туған қаласының мелонхолиялық жанын іздеу кезінде мәдениеттер қақтығысы мен соқтығысының жаңа белгілерін тапқаны үшін» Нобель сыйлығын иемденді.
Памук туған жері Түркиядан өзге шет елдерде де танымал, шығармалары әлемнің алпыс төрттен астам тілдеріне аударылған. Армяндар қырғынына және Түркиядағы күрдтерге деген кемсітушілікке қарсы ресми Түркия билігіне ұнамсыз азаматтық көзқарасымен танымал.
Жазушының шығармашылығының негізгі тақырыптары – Шығыс пен Батыс, ислам мен христиандық, дәстүрлілік пен осы заман арасындағы қақтығыс пен қарама-қарсы тұрушылық болып табылады.
Ол Стамбулда орналасқан американдық Robert College-де білім алды. Колледж бітірісімен, отбасы талабымен Стамбул техникалық университетіне оқуға түседі, алайда үш жылдан соң, кәсіби жазушы болу үшін оқуын тастайды.
1977 жылы Памук Стамбул университетінің журналистика институтын аяқтайды. 1985-1988 жылдары аралығында АҚШ елінде өмір сүріп, Колумбиялық университетте (Нью-Йорк) қызмет атқарады, бірақ кейін отанына қайтып келеді. Ол 2007 жылға дейін Түркияда тұрады, кейін қайтадан Нью-Йоркке қоныс аударады.
Атақты жазушының тұңғыш үлкен туындысы – стамбулдық жанұяның бірнеше ұрпағының тарихы жайлы баяндалатын «Джевдет-бей мен оның ұлдары» атты отбасылық романы.
2005 жылы танымал жазушы түрік үкіметі тарапынан сотқа беріледі. Бұған сол жылдың ақпан айында Памуктың швейцариялық «Das Magazin» баспасына берген сұхбатында айтқан сөзі себеп болды: «Түркияда миллион армян мен 300 мың күрд өлтірілді. Бұл туралы ешкім айтпайды және осыны менің айтқаным үшін мені жек көреді». Памуктың айтуынша, осы басылымнан соң ол өшпенділіктің объектісіне айналған және мұқтаждықтан Түркияны тастауына тура келген. «Осман сұлтандары мен мемлекет қайраткерлерінің көбі ақын болған. Жүзжылдықтар бұрын өлең жазатын адамдар интеллектуал есептелген. Олар «диуан» деп аталатын қолжазбадағы өлең-жырларының басын құрайды, сол себепті де османлы сарай поэзиясы «диуандық поэзия» деп аталған. Көптеген османлы саяси қайраткерлері өздерінің «диуандарын» тудырған. Он сегіз жасымда өлеңдер жаздым, тіпті кейбіреулері Түркияда жарияланды да. Бірақ кейін бұл істі доғардым. Шамасы, ақын Құдайдың даусы екендігін жете түсіндім ғой деймін. Сен тұла бойыңды поэзия кернеген адам болуың керексің. Құдай менімен сөйлеспейтінін түсіндім ғой. Алғашында, әлбетте, бұл мені қапаландырды: кейін ойласам, мен Оның атынан не айта аламын? Кейін жаза бастадым, асықпай, мұқият, сезімталдықпен. Прозаны, көркем әдеби шығарманы осылай жазады. Менің жұмысым қызметшінің жұмысымен аталас болды. Кейбір жазушылар мұндай салыстыруды жәбірлеу санайды. Мен олардың қатарына жатпаймын ғой, мен қызметші секілді жұмыс жасаймын» деді шығармашылық жолы туралы Орхан Памук.
Әзілхан Нұршайықов – Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов өзінің «Сыр» атты мөлтек әңгімесінде былайша ағынан жарылады: «Мен журналистикада ұзақ жүріп, әдебиетке кеш келдім. Соның өзінде де журналистикадан қол үзбедім, газет, журнал, радио, телевизия тапсырмаларын жиі орындап жүрдім. Өйтпесіме және болмады. Журналистиканың алдында тұрған асығыс, шұғыл міндеттерді мен жақсы білемін. Өзім журналистен шыққан жазушы болғандықтан, оларға көмектесіп отыруды борышым деп есептеймін. Әрине, көп жазушылар журналистік заказдарды қабылдамайды. Кейбіреулер оны арзанқол, өткінші жұмыс деп есептеп, бар уақытын көркем шығармаға жұмсауға тырысады. Журналистік қызмет кейбіреулердің қолынан келмейді де. Сондықтан ондайлар газетке очерк, мақала жазуды менсінбейтін кісі боп көрінуге тырысады. Ал журналистиканың бар жанрын құрметтеп өскен менің өйтуге дәтім шыдамайды. Мәселен, телевизия «Қайдасыңдар, қаруластар?» хабарын жүргізуге шақырса, соғыстан келген солдат, сен қалай бас тартасың? Бұл да халыққа керек қызмет. Сенің еңбегің жұрттың жігерін тудырса, оларды қоғамдық ерлік еңбекке құштарландырса, тек қана көркем шығарма жазамын, қолым тимейді деп қалай айтарсың?».
Осылайша «Журналистика – хабардың қан базары» деген классик жазушымыз Әзілхан Нұршайықов 1953–1979 жылдары – «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеті, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті, Павлодар облысы «Қызыл ту» газеті, республикалық «Қазақ әдебиеті» газеті, Қазақ Совет энциклопедиясы, Қазақстан Ғылым Академиясы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарған.
Қаламгердің қаламынан туған «Махаббат жыры», «Тоғыз толғау», «Автопортрет», «Махаббат, қызық мол жылдар», «Ақиқат пен аңыз», «Екі естелік», «Жамбылға хат», «Менің замандастарым», «Қаламгер және оның достары», «Мәңгілік махаббат жыры» сияқты өлмес тақырыпқа өзек болған шығармалары әлі күнге қалың оқырманның қазыналы олжасы.
Әнуар Әлімжанов – 1954 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген жазушы өзінің журналистік қызметін облыстық «Алма-Атинская правда» газетінен бастаған. 1955 жылы наурыз айынан бастап «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша меншікті тілшісі, кейініректе «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары, Қазақстан және Қырғызстан Республикалары бойынша «Правда» газетінің тілшісі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарған.
Қадамын көркем очерктермен бастаған Ә.Әлімжановтың қаламынан туған көлемді повесть, романдар тек қазақстандық оқырмандарына ғана емес (ол орыс тілінде де жазады), сонымен қатар Кеңес Одағы, шет ел қауымына да кеңінен таныс. Оның кітаптары СССР халықтарының көптеген тілдеріне, шет тілдерге аударылған. Жазушы Ә.Әлімжанов Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Советтік Комитеттің мүшесі болған.
Әнуар Әлімжанов – «ақ мылтық» журналист. Ол қазақтан шыққан тұңғыш «халықаралық шолушы» атанған. Қаламдастарының сөзімен айтсақ, қысылтаяң кезде ең алдымен Ә.Әлімжановтың азаматтық үні естілетін.
Оның алғашқы әңгімелері, очерктері, публицистикалық мақалалары 1952 жылы жариялана бастады. Әнуар Әлімжановтың тақырыбы алуан салалы, қазақ халқының өткен дәуірдегі мүшкіл халі, бүгінгі гүлденген Қазақстан, социализмнің белсенді құрылысшылары, жаңа совет адамдары, халықтар достығы, Азия, Африка елдерінің ұлт азаттығы жолындағы жан қиярлық күресі оның тарихи тақырыпқа жазған шығармаларының идеялық мазмұны бүгінгі күннің талап-тілегімен үндес.
Оралхан Бөкей – жазушының шығармалары баспасөз бетінде оқушы кезінен бастап жарияланып тұрған. Мектеп бітіргеннен кейін, «Алтай» совхозында тракторшы, өзі білім алған С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебінде пионер вожатый болып еңбек еткен кезінде де әдебиеттен қол үзбеді.
Оралхан Бөкейдің 1960-1963 жылдары аудандық «Арай», «Еңбек туы» газеттерінде шығармалары жарияланып тұрады. Сондай-ақ, 1963 жылы А.Исақанов деген бүркеншік есіммен «Міндетіне селқос қарайды», «Арамшөптер оталуда» сынды шағын сын хабарламаларын жазып тұрған. Жазушы Дидахмет Әшімханұлы қаламдас әрі жерлес ағасы Оралхан Бөкей жайлы естелігінде қаламгердің аудандық «Еңбек туы», облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттеріне өз шығармаларын «О.Садақбай», «О.Исаханов», «О.Б.», «Орал-Ахмет», «Алтай» деген бүркеншік аттармен жариялағаны жөнінде жазады.
Ол 1963 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне сырттай оқуға түседі. Осыдан кейін, болашақ журналист Оралхан Бөкей 1964 жылы тамыз айының он жетісінде Үлкен Нарым ауданындағы «Еңбек туы» газетіне уақытша корректор болып орналасады. Сол жылы «Бұл бір сыр еді», «Жасыл таудағы жарқын жастар (жол дәптерінен)», «Жылқышы жігіт», «Терезелер», «Түйе – табысты түлік», «Оқу жылына әзір», «Қамқор жан», «Махаббат туралы дастан», «Қойшы жұлдыз», «Жастық оты», «Бір картоптан – 40 килограмм өнім», «Диқан көктемі», «Ұстаз қыз», «Көп үйреніп, көп жазайық» атты мақала, әңгіме, очерктерін жариялаған. Жас журналистің шығармаларына ауыл тұрғындары, жас мұғалімдер мен әдебиетке қалам тартқан ауыл жастары, шопандар, жылқышылар, диқандар мен пішеншілердің өмірі мен еңбегі арқау болған. «Махаббат туралы дастан» мақаласында аудан кинотеатрларынан көрсетілген «Шахсенем мен Гариб» атты көркем суретті фильм жайлы ой толғайды. Мақалада фильм туралы жан-жақты мағлұмат берілген. Мәселен, фильмнің сценарийін шығыс халық дастандарының ізімен К.Бурунов пен В.Викторович жазғанын, оны «Түркіменфильм» киностудиясы түсіргенін, «Түркімен фильм» киностудиясы дамып келе жатқаны жайлы әңгімелейді.
1965-1966 жылдары сол газетте аудармашы бола жүріп, «Кітабы жоқ ауыл», «Ұйымшылдықпен өтті», «Озат шаруашылықтың олқылығы», «Жастар жүрегіне жол тапса», «Жігіттер тартуы», «Шөп қыстаққа», «Балауса гүлге бап керек», «Алыс жолда ән серік», «Жолда», «Қыран көзі қияда», «Қош махаббат», «Шабанбай шабындығында», «Тартымды пікір», «Көктем қамы», «Секретарь жалынды болса», «Қарт қайраты таймапты», «Ұстаз қасиеті», «Жауапты науқан», «Ауыл өмірінің айнасы», «Жайлауға аттанды», «Шықсыз гүл де өспейді» және тағы басқа мақала, әңгіме, очерктерін жариялайды.
1967 жылы «Еңбек туы» газетінің редакторының орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы газет редакторы П.А.Самойлов болатын, газеттің кейбір сандарына Оралхан Бөкей редакторы үшін қол қойған. Сол жылы көлемді «Ақмарал», «Асуда», «Ізтай», «Шымкент филармониясы – Большенарымда», «Сарыарқаның жаңбыры» сынды очерктерін жазады.
Оралхан Бөкейдің «Сарыарқаның жаңбыры» атты көлемді очеркіне Шыңғыстай аулында Әбдікерім болыс салғызған мектепке қызметке келген жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жастық шағы арқау болыпты.
Жас журналист «Орал-Ахметхан» деген бүркеншік есіммен «Жас еңбеккер», «Ұмтылыс», «Жем-шөп бар, мал арық», «Қыстың көзі қыраулы», «Жастар», «Шыңғыстайда қыс болмай ма?», «Қызу іске кедергі», «Жаңалық келеді», «Жастар екінші тыңда» атты мақала-очерктерімен қатар, «Оңаша ойлар», «Алғашқы нөсер», «Жүзік», «Жылайсың несіне» атты өлеңдерін жариялаған. Жазушы Оралхан Бөкейдің 1960-шы жылдары өлең жазғаны жөнінде Дидахмет Әшімханұлы естелігінде жазады. Сондай-ақ, «Еңбек туы» газетінде «Б.Исаханов» деген лақап атпен жариялаған «Біздің Бақыт» деген мақаласы бар. Мақалада Балғынды ауылының кітапханасы жайлы әңгімеленіп, кітапханашы Бақыттың бейнесі тартымды суреттелген.
Оралхан Бөкейдің Шерхан Мұратазаның тапсырмасымен Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы сапарынан кейінірек атақты «Құм мінезі» шығармасы дүниеге келген болатын.
ТҮЙІН:
Қазақ әдебиетінің нар тұлғалары Шерхан Мұртаза, Мұхтар Мағауин, Асқар Сүлейменов сы тау тұлғалардың да журналистік салада соны соқпағы бар. Ахмет Байтұрсыновтың «Сөйлегенде сөздің жүйесін, қисынын келтіріп сөйлеу қандай керек болса, жазғанда да сөздің кестесін келтіріп жазу сондай керек», деп кесіп айтқанындай, журналист – халықтың жанын, басына түскен оқиғасын ашық, нақты күйде жеткізіп, мойнына алған істі аяғына дейін жеткізетін бірден – бір жауапкершілік иесі болса, қаламгер – қоғам құбылысын жансүзгіден өткізіп, заман шырғалаңында жұтылған тіршілік жанайқасына басын бұрып, құлағын түретін сезімтал әрі машақатшыл жүрек иесі. Дәл осылай жазушылық пен журналистиканы қатар алып жүрген талантты жандар тарихта өте көп. Тек сол сарын сірескен сандар мен руханиятты рейтингтің астына жығып беріп жатқан бүгінгідей уақытта да әріптестер арасында жемісті жалғасын тапса дейміз.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Басты міндет – экономикалық өсімді қамтамасыз ету
- 26 желтоқсан, 2024
Президенттің балаларға ерекше құрметі
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді