Шаһар басшысының айтуынша, биылғы жылдың қаңтар-мамыр айының қорытындысымен көне шаһардың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Мәселен, есепті кезеңде инвестиция – 144, құрылыс жұмыстары – 111,5 пайызға өссе, ауыл шаруашылығы саласындағы өсім 100,4 пайызды құраған. Бұдан бөлек, пайдалануға берілген тұрғын үй мен бөлшек сауда 101,1 пайызға тең. Десе де, өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштер көңіл қуантпайды.
– Есепті кезеңде өнеркәсіп өнімінің көлемі 84,2 пайызды құрады. Жалпы, өнеркәсіп өнімінің төмендеуіне екі ірі кәсіпорын жұмысының уақытша тоқтап қалуы себеп болды. Қазіргі таңда «Тараз қант зауыты» мен «Тараз металлургиялық зауытының» электрод цехы қайта іске қосылды. Осы жылдың қорытындысымен өнеркәсіп көлемін 105 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бүгінде облыс орталығына 400 мыңнан астам халық қоныстанған. Қолданыстағы заңға сәйкес, облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде, қалада аудан құрылуы керек. Сәйкесінше, екі аудан құру қала дамуының жаңа Бас жоспарында қарастырылмақ. Шаһар басшысының сөзінше, Бас жоспардың негізінде қалада өзекті болып отырған біраз мәселе өз шешімін табады. Мұндағы бірінші міндет – көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту. Бұл мақсатта екі бірдей көпір құрылысын салу жоспарлануда екен.
– Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысы басталуы тиіс. Жобаның құны – 16,9 миллиард теңге. Қазір мемлекеттік с арапт ама қорытындысы алынды. Екіншіден, Тараз қаласында кәріз суларды тазарту. Жалпы, дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді, – деген Бақытжан Орынбеков бірқатар мәселелерге де тоқталып өтті.
Басқосуда облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қала әкіміне халықтың өмір сүру сапасын арттыру қажеттігін тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы қалада тұрақты жаңа жұмыс орындарын құруға қабілетті кәсіпорындарды ашуға баса көңіл бөлінуі тиістігін атап өтті. Облыс әкімі бұл ретте инвестиция тартудың маңыздылығы зор екеніне айрықша тоқталды.
– Қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеру, әрі өмір сүру сапасын арттыру – ең басты міндет. Осы себепті, жергілікті халықтың табысын ұлғайтуға бағытталған жұмыстарды жандандыру қажет. Қалада тұрақты жұмыс орындарын құратын кәсіпорындарды іске қосуға баса назар аударылуы тиіс. Жалпы, қала экономикасы үшін инвестиция тартудың игілігі мол. Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешені мен қатты қалдықтарды өңдеу зауыттарына қатысты жобаны іске қосу тиімді. Қаламыз үшін қос жобаның маңызы зор. Жауаптылар осыған баса мән беруі керек, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін, тұрғындар өздерін мазалаған сұрақтарына нақты жауап алды. Олар негізінен тұрғын үй құрылысы, көпқабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу, жылу желілерін жаңғырту, ауыз су, көшелерді жарықтандыру мен қоғамдық көлік, жолдарды жөндеу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін көтерді. Өтініштерді мұқият тыңдаған Ербол Қарашөкеев мәселелердің шешу жолдарын атап өтіп, нақты жауаптар берді. Сондай- ақ, облыс әкімі қала басшылығына заң талаптарына сай жұмыс атқаруды, тараздықтар тарапынан сан сауалдың шешімін жан-жақты қарап, мерзімінде орындалуын жіті қадағалауды тапсырды. Айта кетейік, аймақ басшысы осы жиыннан соң бірқатар азаматтарды жеке қабылдап, ұсыныс-өтініштерін назарға алды.
Есен ӨТЕУЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді