Баспанасыз, жалдамалы пәтерде тұрып, тапқан-таянғанын өзгеге беруден мезі болғандардың бар үміті – мемлекеттен тегін бөлінетін жер телімі немесе тұрғын үй. Бұл мәселе Қордай ауданында да өзектілігін жоймай келеді. Тұрғын үй құрылысы үшін жер телімі кімдерге беріледі? Қашан және қай жерден бөлінеді? Оның заңдылығы қандай? Осы сияқты сауалдар қордайлықтардың жылдар бойы көкейінде жүрген мәселелер.
Бұл өзекті мәселені шешу үшін ауданда көпқабатты үйлер, бірнеше пәтерлі жер үйлер салынуда, сонымен қатар, демеушілердің қолдауымен де бой көтеріп жатқан үйлер бар. Мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамтудағы тағы бір тетік – үйлерді сатып алу. Яғни, қандай да бір құрылыс компаниясы бірнеше пәтерлі үй салады, кейіннен оны мемлекет сатып алып, тұрғындарға үйлестіреді.
Қазіргі таңда әкімдіктің берген ақпаратына сүйенсек, ауданда тұрғын үй кезегінде 2321 азамат кезекте тұр. Осы орайда аудан бойынша 60 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 576 миллион теңге қаражат бөлінген. Осы жоспарды орындау мақсатында арнайы төрт пәтерлі бір қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы әзірленіпті. Әр пәтердің көлемі 58 шаршы метрді құрайды. Аталған пәтерде екі жатын бөлме, асханасы және санитарлық торабы бар. Осы жоба аясында мердігер анықталып, қазіргі таңда Қордай ауылында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталып, «Самал» және «Болашақ» шағынаудандарында жаңа үйлер бой көтерді. Жаңа салынған 60 пәтер мемлекет меншігіне сатып алынған, жуырда оларды қолданысқа беру жоспарлануда. Жалпы, мұндағы 60 пәтердің екеуі «Асар» жобасы арқылы тапсырылса, қалған 58 пәтер жыл соңына дейін берілуі тиіс. Сонымен қатар, биыл жыл соңына дейін жалпы саны 120 пәтерді құрайтын 30 тұрғын үй салу жоспарлануда.
Аудан тұрғындары қай кезде де қайырымды істерді атқарумен алдына жан салмайтыны белгілі. Биыл осы игі үрдіс жалғасын тауып, атымтай жомарт азаматтардың көмегімен қазақи дәстүрге сай «Асар» жобасымен тағы бірнеше үйді баспанаға мұқтаж отбасыларға беру көзделген.
Жоғарыда айтып өткен құрылыстардан бөлек, Қордай ауылында жаңа көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүріп жатқаны да белгілі. Аудан әкімдігінің жоспары сәтті іске асса, алдағы жылдары көптің көңілін күпті еткен мәселе оң шешімін табары анық.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді