Бәріміз бала кезде Ресейдің детектив жанрындағы кино өнімдерін көріп өстік. Әрқайсымыздың жадымызда қылмыстық оқиға орын алған жерге ақ қолғабы, фотоаппаратымен жетіп келетін криминалистің образы бар. Қылмысты кім, қай сағатта, тәуліктің қай мезгілінде, қандай қарумен жасады? Осының бәріне нақты жауап беретін сала криминалистика деп аталады. Ал кәсіби мамандар криминалистикаға ең әуелі ғылым деп қарайды. 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында құқық қорғау саласының күретамырына айналған криминалист мамандығына айрықша көңіл бөліп, саланың қызығы мен шыжығына құлақ түрмекке бекіндік. Кейіпкеріміздің есімі – Қанат Қазыхан. Бүгінгі таңда облыстық полиция департаменті жедел криминалистика басқармасының аға криминалисті қызметін атқарып жүрген полиция майорымен бізге беймәлім криминалистиканың ой-шұңқыры, кедір-бұдыры турасында ашық әңгімелестік. Қанат Қазыханұлы 2006 жылы мектеп табалдырығынан қанат қағып, Ішкі істер министрлігінің Алматыдағы академиясына оқуға түседі. Дәрігерлер отбасынан шыққан өренге ата-анасы «сенің мінезіңе сәйкес» деп құқық қорғау саласын таңдауға кеңес берген. Әке сөзін екі етпеген ол аталған білім ордасын криминалист мамандығы бойынша үздік тәмамдап, өзі туған Жуалы ауданына қызметке келеді. 2010 жылдан бастап салада қалтқысыз еңбек етіп, өзінің жұмысына деген жауапкершілігімен көзге түсіп, бүгінгі қызметін абыроймен атқарып келеді. Ол 2017 жылы облыстық полиция департаменті тағайындаған «Үздік криминалист» жүлдесінің жеңімпазы. Осы жылы ол уақытынан бұрын майор шенін иемденген.
– Мамандық таңдауыңызға не себеп болды?
– Криминалистика мамандығы бойынша академияда білім алу барысында осы қызметтің қыр-сырымен жақынырақ таныстық. Оқып жүргенде криминалистиканың жай ғана мамандық емес, өте күрделі қызмет екеніне көз жеткіздім. Қылмыстарды ашу кезінде айрықша маңызы бар екенін түсіндім. Сол кезде оянған махаббаттың арқасында осы саладан табан үзбей әлі күнге дейін қызмет етіп келемін.
– Жалпы, өзіңіз жұмыс істейтін бөлімде қылмысты ашу деңгейі қандай?
– Облыстық полиция департаментінде қылмысты ашу деңгейі жоғары деп айта аламын. Қазіргі таңда Қазақстан аумағындағы Ішкі істер министрлігіне қарайтын барлық полиция департаменттерінің жедел криминалистика басқармалары соңғы үлгідегі, заманауи технологиямен қамтылған. Кез келген оқиға орынынан алынған айғақ заттарды пайдалана отырып қас-қағым сәтте адамдардың жеке басын анықтауға зор мүмкіндіктері бар. Қазіргі таңда облыста қылмыстарды ашу жұмыстары тиісті деңгейде жолға қойылған. Атап айтқанда, «Aidemia» деп аталатын жаңа базамыз бар. Бұл оқиға орынынан алынған саусақ іздері аз мөлшерде болған жағдайдың өзінде қылмыскерді жедел табуға жол ашады. Сонымен қатар, «Образ 3.0» деген базамыз, «3D фоторобот» деп аталатын бағдарламамыз бар. Бұл бағдарламамен кез келген бейненің ұлтын, жас шамасын үйлестіріп фоторобот жасау барысында адамның 3D бейнесін алуға болады. Басқармада бұдан бөлек «Эво-файндер» деген бағдарлама жұмыс істеп тұр. Бұл бағдарлама кез келген оқ-дәрі, гильзаны 3D бейнесін енгізу арқылы сәйкестендіруге мол мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, қолданыста кез келген жойылған немесе ішінара істен шыққан техникалардан қажет ақпаратты алуға көмектесетін құрылғыларымыз бар. Адамдардың бейнесі мен саусақ іздерін алу процесі толық цифрландырылған. Мұның өзі жұмыс сапасын біршама арттырып отыр.
– Бір қылмысты ашуға шамамен неше уақыт кетеді?
– Жедел криминалистика департаменті өзінің аты айтып тұрғандай, кез келген қылмысты жедел түрде ашуға бағытталған. Мысалы, біздің мамандар кез келген оқиға орнына барып айғақ заттарды алады. Айталық, саусақ ізін алды делік. Саусақ ізін қолданыста бар «Aidemia» базасына енгізу барысында оның кімге тиесілі екенін кем дегенде төрт-бес минут ішінде біле аламыз. Осындай мүмкіндіктердің арқасында қылмысты ашу деңгейі жоғары.
– Ашу жағынан өте күрделі болған қылмыс туралы айтып беріңізші.
– Орын алған қылмысты ашу – өте күрделі әрі қызық процесс. Ол жоғары біліктілік деңгейін талап етеді. Менің тәжірибемде мұндай қылмыстар аз болған жоқ. Біреуі ойға оралып отыр. Ол кезде мен Жуалы аудандық полиция бөлімі криминалистикалық тобының аға криминалист лауазымын атқаратынмын. Осы аудан көлемінде біздің тілмен айтқанда, эпизодты қылмыстар орын ала бастады. Тұрғын үйлердің құлпын бұзу арқылы жасалған ұрлық деректері көбейіп кетті. Әдеттегідей айғақ заттарды алдық. Зерделеп қарау барысында бізге бір ой келді. Ауылдық жер болғандықтан, тұрғындар есіктерін құлыппен жабады. Ал күдікті дәл осы құлыппен жабылған үйлерге ұрлыққа түседі. Құлып іліп кеткен үйде адам жоқ, үй қараусыз дегенді білдіреді. Ұрланған үйлердің саны бес-алты дерекке жеткен. Қылмысты қарау барысында ауданда есепте тұрған, бұрын сотталып шыққан азаматпен сөйлестік. Үйіне санкциялық тінту жүргіздік. Тінту нәтижесінде жоғарыда айтылған үйлерден жоғалған бірнеше зат табылды. Күдікті қылмысын мойындады. Менің тәжірибемде мұндай эпизодтық қылмыстар аз болған жоқ. Барлығын айтып тауысу мүмкін емес.
Есімде қалған тағы да бір дерек, егістік алқаптарында орналасқан байланыс бағаналарындағы ұрлық. Бір қиындығы, егістік алқаптарында жасалған қылмыстардың дәл уақытын, болған мерзімін нақты анықтау мүмкін емес. Қылмыс орын алғаннан кейін арада біраз уақыт өтіп кеткендіктен, айғақ заттардың сапасы біршама жоғалады. Бұл қылмысты да Жуалы аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен ашқан болатынбыз. Тарқатып айтатын болсақ, күдікті Жаңаталап ауылындағы егістік алқабында орналасқан ұялы байланыс бағанасындағы уақытша қуат беретін аккумуляторды ұрлап кеткен. Қылмыс орын алған жерді зерделеу барысында ұрлықтың жасалғанына екі үш апта өтіп кеткені анықталды. Сол аралықта жауын-шашын жауып үлгерген. Тергеу барысында күдіктілердің аяқ киім іздері анықталды. Алқапта орналасқан протекторлар да, автокөліктерде де ешқандай саусақ іздері жоқ. Аяқ киім ізінен басқа ілік таба алмадық. Ауыл ішіндегі, кіреберісіндегі барлық бейнекамералардағы бір апталық видеоларды толық зерделеп шықтық. Нәтижесінде қылмыс толық ашылды. Қылмыскерлер Тараз қаласының тұрғындары болып шықты. Олардың тек Жуалы ауданының Жаңаталап ауылында ғана емес, облысымыздың өзге де аудандарында дәл осы сипаттағы қылмыс жасағаны анықталды. Мұндай эпизодтық қылмыстарды ашудың қызығы мен шыжығы көп.
– Саладағы күрделі мәселелерді атай аласыз ба?
– Жалпы алғанда, біздің салада нақты бір күрмеулі мәселе бар деп айта алмаймын. Криминалистер кезекшіліктерін жатпай-тұрмай күнделікті атқарады. Мысалы, мен Жуалы ауданының ішкі істер бөлімінде тұп-тура он жыл қызмет атқардым. Күндіз-түні, 24 сағат кезекшілікте жүреміз. Кез келген уақытта таңғы үш демей, төрт демей, жеті түнде қылмыс орын алған жерге барып, жедел тергеу тобымен айғақтарды жинаймыз. Өзімізге жүктелген міндетті мүлтіксіз атқаруымыз керек. Алайда, бұл біз үшін ауыртпашылық емес, керісінше үлкен абырой. Криминалистік зерттеу жүргізу үшін әр қызметкерге арнайы рұқсат қажет. Бұл рұқсатты, яғни сертификатты алу үшін криминалистика саласындағы айғақ заттардың түріне байланысты зерттеу жүргізу үшін арнайы куәлік алу керек. Мұндай құжатты елімізде Қарағанды және Астана қаласындағы ішкі істер академиясында береді. Біздің полиция департаментінде қызмет ететін криминалистердің 90 пайызында кез келген криминалистік зерттеуді жүргізуге арналған рұқсаттары бар. Мысалы, дактилоскопиялық зерттеу және трассологиялық зерттеу жүргізуге мүмкіндіктері бар. Жалпы, департаментте Қарағанды және Астанадағы ішкі істер академиясын бітірген мамандар біздегі тапшы мамандардың орнын толтырып отырады. Бізде қызмет ететін мамандардың жұмыс тәжірибесі кемінде үш-төрт жыл. Мамандарымыздың барлығы өте білікті және өз саласына берілген. Былтыр еліміздегі әр өңірдің криминалистері Мәскеуге барып біліктіліктерін арттырып келді. Олардың қатарында мен де болдым. Жалпы алғанда, мамандар үшін мұндай мүмкіндіктер жиі жасалып тұрады.
Біздің өңірімізге келер болсақ, қылмыстылық деңгейі біршама азайды. Қазіргі қылмыс саласындағы негізгі күрделі мәселенің бірі – алаяқтық. Оның ішінде – интернет алаяқтық. Бұл мәселе тек біздің өңір, аудандар мен республика көлемінде ғана емес, барлық көршілес, алыс-жақын шет мемлекеттер үшін өте күрделі болып отыр. Дегенмен, уақыт өткен сайын біздің материалдық-техникалық базамыз мұндай қылмыс түрлерін ашуға да қауқарлы болып келеді.
– Криминалистке қандай қабілеттер қажет?
– Криминалистке қажетті ең маңызды қабілеттің бірі – мамандығын сүю. Өзінің мамандығына құрметпен қарамайтын криминалист ешқашан қырағы бола алмайды. Криминалист жан-жақты болуы тиіс. Себебі, кез келген қылмыстың ашылуына біздің жасаған қорытындыларымыз тікелей әсер етеді. Тергеу барысында бізге жүктелетін басты міндет – айғақ заттардың күдіктіге тиесілі екенін және күдіктінің жеке басын анықтау. Айғақтардың күдіктіге тиесілі екенін дәлелдеу асқан қырағылықты және зеректікті талап етеді. Айналып келгенде бұл маманның біліктілік деңгейін көрсетеді. Сондай-ақ, криминалистке қажет қасиеттердің қатарында адамгершілік пен кішіпейілділік те бар. Ал басты қасиет – төзімділік деп білемін. Менің ұғымымда криминалистика – ғылымның өзі. Криминалистика – қылмыстың себебін, қылмыскердің ойы мен психологиясын зерттейтін ғылым. Сондай-ақ, оқиға орнында тергеушінің ең бірінші көмекшісі де – біз. Тергеушіге мән-жайды жеткіземіз. Ең басты міндетіміз – дәлелдемелер жинап, қылмысты ашу. Ал, жүргізетін жұмысымыз – зерттеу. Ең алғаш ашқан қылмысым – пәтер ұрлығы болатын. Қызығы, бұл қылмысты жасаған адамды жалғыз ғана дәлелдеме – саусақ ізі арқылы таптым. Әлбетте, әрбір әккі қылмыскер қылмыс жасаған жердегі ізін жасыруды көздейді. Осы себепті криминалисте ұсақ-түйек деген болмайды. Әрбір деталь маңызды. Осындай қырағылық арқылы қылмыстың түйіні тарқатылады. Жаңылуды жаны сүймейтін із кесуші криминалистің үш қаруы болу керек. Олар: ең бірінші – адамгершілік, екінші – білімі, соңғысы – қызметіне деген адалдығы. Бұл салада ұзақ бөгелу үшін асқан төзім, салқынқандылық, байыпты мінез керек. Бізге оқуға түскен жылы ұстаздарымыз: «Сендердің бұл ауыр салада табанды еңбек етулерің алғашқы үш жылдағы әрекеттеріңе тікелей байланысты. Алғашқы үш жылда шыдас берсеңдер, келешекте жақсы маман боласыңдар», – дейтін. Рас, қылмыстың аты – қылмыс. Онда кісі өлімі де, ұрлық та, отбасылық кикілжің де орын алады. Соның бәріне криминалист тек қана өзінің жұмысы ретінде ғана қарауы тиіс. Еңбек жолын бастаған кезімде пайдаланған құрал-жабдықтар өте қарапайым болатын. Бүгінде біздің салада көптеген дүниелер жаңарды. Көбісі автоматтандырылған бағдарлама арқылы жүргізілетін болды. Аталған сала қызметі қашанда қарбаласқа толы. Сол қым-қуыт жұмыс барысында әрбір іске жауапкершілік талап етіледі. Әр істің артында адам тағдыры тұр. Жаңсақ басуға әсте болмайды. Бұл қызметте жүрген мамандар уақытпен санаспай еңбек етеді. Олар қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне зор жауапкершілікпен қарайды.
– Мерекеде әріптестеріңізге не тілейсіз?
– Өзіңізге атап өткен жүктемелерді иығына артып, әккі қылмыскерлердің заңсыз әрекеттерін әшкерелеп, кейде тіпті өткір интуицияның арқасында орын алғалы тұрған қылмысты болдырмауға себепкер болатын, өз саласына тек мамандық деп емес, ғылым деп қарайтын криминалистердің қызметі жеңіл емес. Олар – ұшқыр ақыл, салқын сана иелері. Оларсыз тергеушінің ісі ашылмайды. Кейде тергеушіге күрделі қылмыстың күрмеуін шешуге табандылығы мен нәтижеге жету жолындағы тынымсыздығы сеп болады. Ал криминалист үшін әрбір ашылған қылмыс – Олимп шыңын бағындырғанмен бірдей. Әрбірден соң криминалистердің мықтылығы ашылған қылмыстың көптігімен есептеледі. Бір кезекшіліктің өзінде 3-4 қылмыстың ізін кесуге тура келеді. Өз кезегінде мемлекет те өз ісінің нағыз шеберлеріне лайықты қолдауын аяған емес. Осы ретте 23 маусым – Қазақстан полициясы күні қарсаңында тұтастай тәртіп сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, сарқылмас ерік-жігер, түгесілмес төзім тілейміз! Келіп жеткен кәсіби мерекеміздің қарсаңында әріптестерімізді шын жүректен құттықтай отыра, олардың бастарына амандық, денсаулық, отбасыларына ырыс-ынтымақ тілеймін. Әрқайсысының жарларына, жақындарына, отбасы мүшелеріне төзімділіктері мен шыдамдылықтары және көрсетіп келе жатқан қолдаулары үшін алғыс айтамын. Әріптестеріме де Отанға деген адалдықтары мен қалтқысыз қызметтері үшін ризашылығымды білдіремін. Олардың әрқайсысы ел азаматтарының мамыражай өмірі үшін тәуліктің әр сағатында қашан да сапқа тұрып, тыныштықты күзетуге әзір. Қазақстан полициясы жасай берсін!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді