Мемлекеттік қызмет дегеніміз не? Бұл сұраққа іле-шала бірден және толыққанды жауап беру мүмкін емес, ол, меніңше, ғарыштық жылдамдықпен дамып келе жатқан өркениетке ілесу, халық алдындағы зор жауапкершілік, қызметте қарым-қабілетіңді жанкешті еңбегіңмен дәлелдеу, ең бастысы – Отаныңа адал болу. Ол сонымен бірге, мазасыз күндер мен ұйқысыз түндер, саламатты өмір салтына өзіңді де, өзгені де бейімдеу.
Бүгінгі таңда менің мемлекеттік қызмет саласында жүргеніме 17 жыл болыпты. Алғашында аудан әкімдігінде жетекші маман, бас маман, бүгінде облыс деңгейінде бөлім басшысы лауазымындамын.
Яғни, қызмет баспалдағымен көтеріліп келе жатқан жанмын. Бұл – мемлекеттік қызметтегі меритократия қағидасының бір көрінісі.
Президентіміздің Жарлығымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні болып бекітілді. Оны мерекелеудің басты мақсаты – қазақстандық патриотизмді қалыптастыру ғана емес, одан әрі дамыту, сондай-ақ, азаматтардың өз елі үшін мақтаныш сезімін және Отанға қызмет етуге әрқашан дайын болу сезімін одан әрі нығайта түсу.
Менің ұсынысым, мемлекеттік қызметші күнін жапондық үлгімен сәйкестендіре өткізсек деп ойлаймын, яғни, бұл күнде әркім халықпен сұхбаттасып, олармен бірге серуенге шығып, «жан-жүрекке ену» дәстүрін немесе қазағым айтқандай «ет-бауыр араласуды» жандандырса...
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы 8-тарауының 49-бабында мемлекеттік қызметшілердің заңдылық қағидатын басшылыққа алуға, мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге, мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға, жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға, қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті екендігі көрсетілген.
Алғаш қызметке келген күннен бастап мен осы міндеттерді бұлжытпай орындауға бар күш-жігерімді жұмсаудамын. Өзіммен бірге мекемеде қызмет етіп жүрген әріптестеріме қарай жүріп, олардың да осынау мүдде үдесінен шығуға, тәуелсіз Отанымыздың мемлекеттілігін нығайта түсуге деген құлшыныстарын байқаймын. Олардың әрбір оң қадамы, әрбір игілікті ісі біздің ел алдындағы абыройымызды арттыратыны сөзсіз.
Қызметкер ретінде қарапайым халыққа еліміздің дамуында біздерге жүктелген міндеттер мен ел үшін атқарылып жатқан жүйелі жұмыстар жайлы баяндаудан еш жалыққан емеспін.
Менің әріптестерім де қызмет барысында әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өздерін ұстай біледі, ұжым басшымыз да мемлекеттік қызметке адал болуды, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді, яғни өз қызмет бабын жеке мүддесіне пайдаланбауды қызметкерлерінен талап етеді және үнемі қадағалап отырады. Мен мұны мақтаныш сезіммен айта аламын. Абай атамыздың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» дегені де осы емес пе?!
Мен мемлекеттік қызметті атқару қоғам мен мемлекет тарапынан білдірілген зор сенім екендігін түйсінемін. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған құл болмайды!» деген қанатты сөзі мені әрдайым биікке жетелейді.
Иә, мемлекеттік қызмет – ұлтқа қызмет ету, мемлекетке адал болу.
Егемен еліміздің іргетасы бекем болуының бір кілті – бізде, яғни, мемлекеттік қызметте.
«Тараз – тарихымыздың алтын діңгегі» деп, осынау әлемге әйгілі тарихи мекенде дүниеге келген мен бабалар аманат еткен қарашаңырақ – Қазақстан атты Ұлы Далада мемлекеттік қызметте жүргенімді әрқашан мақтан етемін!
Айсұлу ҚҰТТЫБАЕВА,
облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының медицина мамандарымен жұмыс бөлімінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді