Экологиялық сана қалай қалыптасады?

Экологиялық сана қалай қалыптасады?
Ашық дереккөз
Бұқараның экологиялық сана деңгейін анықтаудың жолдары аз емес. Біздің күнделікті қолданып, қоқысқа тастайтын қалдықтарымыздың көп көлемі өмір сүріп жатқан қаламыздағы немесе ауылымыздан шалғайда жатқан полигондарға тасталады. Полигон саны азайса, демек, экологиялық санамыздың да өсіп жатқаны.

Жамбыл облысы әкімдігінің экология департаменті 2022-2024 жылдар аралығында жүргізілген ғарыштық мониторинг нәтижелерін сараптап, стихиялық полигондар санының артып келе жатқанын анықтап отыр. Аймаққа ғарыштық мониторинг жүргізу жұмыстарының ауқымы биыл едәуір артқанын атап өткен жөн. 2019 жылдан бастап түсірілім жұмыстары тек Тараз қаласы мен оның маңайында ғана жүргізілетін. Ал 2022 жылы бұл үдеріске өзгеріс еніп, ғарыштық мониторинг облыстың барлық дерлік аудандарын қамтитын болды.

2022 жылы 157 стихиялық полигон анықталып, оның 120-сы жойылған. Ал 37-сі қалдықтарды орналастыруға рұқсаты бар ұйымдасқан алаң ретінде қалды. Жалпылай есептегенде Байзақ ауданында – 23, Жамбылда – 13, Жуалыда – 18, Таласта – 11, Мойынқұмда – 8, Меркіде – 1, Шуда – 69, Т. Рысқұлов пен Тараз қаласында 5 полигон бар.

Геопортал арқылы анықталған рұқсат етілмеген полигондар жойылып, кейін оларды жою туралы облыс әкімдігіне және «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-на хаттар жолданған. Осыдан кейін ғарыштық мониторинг геопорталынан Байзақ ауданындағы тоғыз нүкте, Талас және Жуалы аудандарынан үшеуден, Мойынқұм ауданынан бір пункт жойылды. 2022 жылдың соңына дейін Жамбыл, Меркі, Т.Рысқұлов аудандарының шекарасында бір және Шу ауданындағы ауылдардың шетіндегі 18 полигон геопорталдан шығарылды.

Қиындығы сол, стихиялық полигондармен күрес басын шауып тастасаң қайта қылтиып шығатын үш басты айдаһармен алысумен бірдей. Жойылып тынар емес. Бір жыл бұрынғы көрсеткіштерге оралсақ, 2023 жылы ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша облыста 245 стихиялық полигон анықталып, оның 149-ы жойылса, рұқсат етілмеген бес полигонның жеке меншік аймақта орналасқаны белгілі болды. 20 табиғи полигон жойылмаған, яғни тазартылмаған. Оларда жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар осы мақсатқа арналған арнайы полигонға тасымалданбаған. Жалпы, мәлімет бойынша рұқсат етілмеген қоқыс орындарының жойылу көрсеткіші 92 пайызды құрап отыр. Мәселен, Байзақ ауданында 25 стихиялық полигонның 20-сы, Жамбылда 32-ден 18-і, Жуалыда 34-тің 20-сы, Таласта 12-нің бесеуі, Мойынқұмда сегіздің бірі, Меркіде үш полигонның екеуі жойылған. Ал Шуда 110 полигонның 78-і жойылып, рекорд орнаған. Қордай ауданында бір, Т.Рысқұлов ауданында бесеудің біреуі, облыс орталығында 15 полигонның біреуі жойылып отыр.

Көріп отырғанымыздай, жылдан жылға жағдай тұрақтанып келеді. Қоқыс алаңдарының саны бойынша Шу ауданындағы ахуал көңіл көншітпейді. Ал ең тазасы – Қордай ауданы. Экология департаментінің мәліметінше, Таразда қоқыс тастайтын орындар толық тазартылмаған. Өткен жылы департамент қызметкерлері 10 рейд жүргізіп, Тараз қаласында рұқсат етілмеген қалдықтарды шығаратын 11 нүкте, Байзақ ауданында үш, Жамбыл ауданында екі нүкте анықталды. Осыған байланысты, экология департаментінің басшылығы облыс прокуратурасына өңірдегі рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жоюға ықпал етуді сұрап хат жолдаған еді.

Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қызметкерлері қалдықтарды өңдеу бөлігінде экологиялық талаптарды бұзуға кінәлі жергілікті атқарушы органдардағы лауазымды тұлғаларды әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы 2023 жылғы 6 қыркүйектегі ұсынысын жолдады. Ал экология департаменті өтінішті орындап, Тараз қаласы, Шу және Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарларының әрқайсысына 25 875 теңгеден әкімшілік айыппұл салды. Бұл сомалар толық өтелді. Сонымен қатар, Жуалы ауданына қарасты Көлбастау, Ақсай, Нұрлыкент, Көкбастау және Б.Момышұлы ауылдық округтерінің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы сомасы 138 045 мың теңге айыппұл арқалаған. Осы жылдың маусым айының алғашқы онкүндігінде ғарыштық мониторинг барысында облыста 25 қоқыс полигоны анықталды. Оларды жою үшін жергілікті атқарушы органдар жүйелі түрде жұмыс жүргізбек.

Экологтар полицейлердің, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау мен жергілікті атқарушы органдардың әрекетсіздігінен қоқыс орындары дер кезінде тазартылмайды деп есептейді. Осылайша, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 434-2-бабы (қоғамдық орындарды ластау) тиісті нысан бойынша қолданылмайды және қоқыстарды жинауға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және кәдеге жаратуға арнайы заңнамалық талаптар қойылмаған. Бұл ретте еліміздің Экологиялық кодексінің 365-бабының 5-тармағының 2-тармақшасында кенттердің, қалалардың, ауылдық округтердің жергілікті атқарушы органдары коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады және коммуналдық қалдықтарды жүйелі түрде шығаруды ұйымдастыруы тиіс деп белгіленген.

Өткен жылы қоршаған ортаға шығарылған қоқыстардың көлемі 2022 жылмен салыстырғанда облыс бойынша 9,79 мың тоннаға немесе сегіз пайызға өскен. «Тараз арматура зауыты», «Қазақмыс» корпорациясы», «QazaqGaz», «EuroChem-Fertilizers», «Talas Investment Company», «ASA AGRO», «Karatau Chemicals» компанияларына эмиссияға рұқсат беруге байланысты ластаушы заттарды төгу лимиттері 5,684 мың тоннаға (21,3 пайыз), қалдықтарды орналастыру көлемінің лимиттері 9453,982 мың тоннаға (16,2 пайызға) артқан. 2023 жылға ластаушы заттардың нақты көлемі «НДФЗ» ЖШС, «Имсталькон» Жамбыл металл конструкциялар зауыты» ЖШС, «Жамбыл ГРЭС» кәсіпорындарында 14,695 мың тоннаға (19,8 пайызға) азайды. Ал, «Zhamby Minerals» ЖШС, «Central Asia Gold Corp» ЖШС, «Central Asia Gold Production» ЖШС кәсіпорындары өндірістік қызметті жүзеге асырмаған.

Жоғарыда атап өткеніміздей, өңірде стихиялық полигондарды жою көрсеткіші 92 пайызды құрап отыр. Алайда, бұл сіз бен бізге арқаны кеңге салуға болады деген сөз емес. Экология – әр адамның жауапкершілік деңгейінің көрсеткіші. Біз күн сайын пайдаланатын пластикалық пакеттер мен құтылар, баклажка, кофе ыдыстары сынды қалдықтардың қоршаған ортаға зияны орасан. Ал, мұндай қалдықтардың түбі баратын жері – полигондар. Сондықтан олардың санын азайтуға жергілікті атқарушы органдар ғана емес, сіз бен біз де мүдделі болуға тиіспіз.

 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Ұқсас жаңалықтар