Балаға қатыгездік қайдан келеді?

Балаға қатыгездік қайдан келеді?
Ашық дереккөз
Соңғы кезде кәмелетке толмаған жастар арасында әлімжеттік жасау көбейіп кеткендей. Оған мысалдар баспасөз беттерінде жетіп артылады. Жасөспірімдер арасында өзінен әлсізге күш көрсету, қорлау, кемсіту, бопсалау сынды жаман әдеттердің азаймауы – өкінішке ұрындыруда.

Құқық қорғау орган-дарының ресми дерегіне сүйенсек, елімізде осы жылдың өткен төрт айында кәмелетке толмағандарға қатысты мыңға жуық қылмыс, 11 мыңға жуық әкімшілік іс тіркелген. Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердегі қатыгездік пен агрессивті мінез-құлық басқалардан тек уақыт пен шыдамдылықты қажет ететін бір реттік құбылыс болуы мүмкін. Агрессия – ағзадағы жасөспірімдік гормоналды өзгерістер кезеңінде көрінетін психикалық аурудың алғашқы симптомы. Бірінші жағдайда психологтың, ал, екіншіден психиатрдың көмегі қажет. Оны қалай анықтауға болады? Жасөспірімдік шақта психика неге өзгереді?

Психологтардың айтуынша, орташа алғанда 10 жастан 18 жасқа дейінгі кезеңде ішкі ағзалар мен жүйелердің дамуы сапалық өзгерістерге ие болады екен. Дәлірек айтсақ, гормондық өзгерістер басталады, жаңа әлеуметтік инстинктер пайда бола бастайды және жыныстық мінез-құлық қалыптасады. Мұның бәрі психикалық салада көрініс таба отырып, психикалық функциялардың барлығы дерлік өзгереді. Бұрын қызық емес нәрселерге назар аудару артады. Эмоционалды өзгерістер пайда болады. Ойлау және жеке қасиеттер де өзгереді. Жасөспірім мінез-құлқында наразылық реакциялары, өзіне назар аударту, жұмсалмаған энергияны қалыпты түрде жүзеге асыру және төзімсіздік секілді қасиеттер көріне бастайды.

Отбасындағы үйлесімсіз қарым-қатынастар, ата-аналар арасындағы кикілжіңдер, отбасы мүшелеріндегі психикалық бұзылулар да жасөспірімнің психикасына стресс тудырып, агрессивті мінез-құлыққа ықпал ететін факторлар болуы мүмкін.

Жасөспірімнің мінез-құлқындағы күрт өзгерістерге ерекше назар аудару керек. Егер бұған дейін бала икемді, ақкөңіл және жанжалсыз болса және аз уақыт ішінде ол адам танымастай өзгеріп, эмоциясыз және мейірімсіз болып кетсе, бұл психикадағы ауыр өзгерістерді білдіреді. Бұл жағдайда бірден дәрігерге жүгіну керек.

Жасөспірімге қалай көмектесе аламыз? Мұндай жағдайларда көмек көрсетудің негізгі ауыртпалығы ата-анаға немесе жақындарына түсетіні белгілі. Мамандар кеңесіне жүгінсек, ең алдымен, мұндай мінез-құлық бұзылыстарының себептерін түсіну керек. Егер отбасылық мәселелер болса, онда отбасындағы атмосфераны жақсарту бойынша жұмыс жүргізу керек. Мұндайда бірге уақыт өткізу, отбасылық психотерапия, психологтың кеңесі көмектесе алады. Егер көрінетін және түсінікті себептер болмаса, емдеуді қажет ететін ауруларды болдырмау үшін психиатрмен кеңесу керек. Тіпті, жасөспірім дәрігерге барудан бас тартқан жағдайдың өзінде, онсыз ата-ана дәрігерге баруы тиіс.

 

Дариға АСҚАР,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті веб-журналистика мамандығының 3-курс студенті.

Ұқсас жаңалықтар