Онда сөз алған облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Дилафруз Кинжеханова аймақта жыл басынан бері әйелдерге қатысты қылмыстық дерек орын алмағанын, нәзік жандылардың құқығына қолсұғушылық өткен жылға қарағанда 50 пайызға төмендегенін тілге тиек етті. Есесіне, ауданда кәмелеттік жасқа толмаған қыздарға қатысты екі дерек орын алған.
– Ауданда әйелдерге қатысты құқық бұзушылықтар деңгейі айтарлықтай төмендеген. Сондай-ақ, отбасылық зорлық-зомбылық көрген әйелдер арызданып келіп, арызынан қайтадан бас тартатын жағдайлар көптеп кездеседі. Әйтсе де, біз оған қарамай, түскен арыз бойынша жұмыстар жүргіземіз. Соған қарамастан, өкінішке қарай, әйелдер өзіне қол жұмсайды. Осыған байланысты бізде көптеген іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Осы жылдың сәуірінен бастап, шілдеге дейін үш айлық акция ұйымдастырылып, аталған бағыттағы жұмыстар жалғасын таба бермек, – деді Дилафруз Абазқызы.
Айта кетейік, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң 15 маусымнан бастап күшіне енді. Жаңа заң бойынша отбасының берекесін алып, жұбайы мен бала-шағасына қол көтеретіндерге жаза қатаңдатылмақ. Отандастар қызу талқылаған заңдағы әйел құқығына қатысты өзгерістерге тоқталсақ, ендігінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін айыпкерлер 200 айлық есептік көрсеткіш айыппұл немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, я болмаса 50 тәулікке дейін қамаққа алу жазасын арқалайды. Ал, ұрып-соққан болса 80 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл арқалап, 80 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тартылады немесе 25 тәулікке дейін қамаққа алынады. Бұдан бөлек, азаптау бойынша 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс немесе үш жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Дәл сол секілді денсаулық жағдайына зиян келтірудің деңгейіне қарай үш жылдан сегіз жылға дейін, педофилия үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру қарастырылған.
Осы тұрғыда Алматы қаласынан арнайы келген сарапшы Жанар Жомартқызы өзінің «Шайқалмаған шаңырақ» атты жобасымен таныстырып, ой пікірін білдірді.
– Қазақстан гендерлік теңдік рейтінгінде 62 орында тұр. Соңғы он сегіз жылда 30 сатыға төмендеген. Бұған әсер етуші фактор – әйелді құрметтемеу. Қосағына қол көтеріп, жұбына жұдырық жұмсайтындар енді үш жылдан сегіз жылға дейін бас бастандығынан айырылады. Жаңа заңға сәйкес, аймақтарда отбасын қолдау орталықтары ашылып, бірыңғай байланыс орталықтары құрылатын болады. Мұндай орталықтарға отбасылық зорлық-зомбылыққа ұшыраған азаматтар, оған куә болған үшінші тарап өкілдері жүгіне алады. Қоғам тынышын алған дерттің қаупін осылай ғана сейілте аламыз. Айналаңызда болып жатқан проблемаларға немқұрайлы қарамай, өзіндік үн қосыңыз. Бұл бірдің басындағы емес, жалпыға ортақ мәселе, – деп пікір білдірді сарапшы.
Психологиялық кеңес беру кабинетінде әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші маман, әлеуметтік психолог маман қызмет көрсетеді. Мұнда психологиялық диагностика және жеке адамды тексеру, әйелдер мен балаларға көрсетілген психологиялық қызмет түрі бойынша кеңес беріліп келеді. Сондай-ақ, отбасында жанжал шығарған бірнеше азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, «Сенім телефонына» хабарласқандарға заң аясында толыққанды жауап берілген. Басқосуда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған аналар алқасы комиссиясының төрайымы Хадиша Оспанова қазақ әйелінің отбасындағы рөліне тоқталып өтті.
– Осы уақытқа дейін әйелдің отбасындағы рөлі, келіннің келбеті, қыз баланың тәрбиесі жайында көптеген іс-шара өткіздік. Сондай-ақ, жастарды ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеу, ананың қоғамдағы орны, қыздардың инабатты болып өсуі, келіннің отбасындағы іс-әрекеті туралы мақалалар да жергілікті басылымда жиі жарияланып тұрады, – деді Хадиша Аяғанқызы.
Жиында әйел-аналардың қоғамдағы орны, құқықтары мен бостандықтары кеңінен сөз болып, комиссия жұмысының алдағы жоспарлары айқындалды.
Нұрболат АМАНБЕК
Жамбыл ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Таза Қазақстан – біздің қолымызда» атты дөңгелек үстел өтті
- 27 желтоқсан, 2024
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді