«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін кім?

Жасөспірімдерді қылмысқа итермелейтін кім?
Ашық дереккөз
Бүгінгі бала ертеңгі ел тұтқасын ұстайтын атпал азаматқа айналады. Сондықтан олардың қауіпсіздігі мен тәрбиесі бәрінен маңызды болуы заңдылық. Осыған орай, Тараз қаласының аумағында кәмелетке толмағандар және оларға қатысты құқық бұзушылықтардың, өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу мәселелері бойынша кешенді шаралар қолға алынған.

Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Айбек Асабаевтың айтуы бойынша, жеткіншектер арасындағы қылмыстың алдын алудың бірден-бір жолы – оқушылардың мектептен тыс уақытын дұрыс ұйымдастыру.

– Патриоттық тәрбие мәселелерімен барлық мемлекеттік органдар, оның ішінде полиция органдары айналысатыны белгілі. Айта кетейік, полицияның негізгі қызметі жастар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың жолын кесу шараларымен шектелмейді. Бүгінгі таңда ішкі істер органдары қызметкерлерінің бірінші мақсаты – өскелең ұрпаққа құқықтық, патриоттық тәрбие беру деңгейін көтеру және оны дұрыс жолға бағыттау. Осы мақсатта осы жылдың өткен кезеңінде 36 спорттық сайыс және түрлі профилактикалық тақырыптарда 1 500 дәріс пен сұхбат өткізілді. Оның ішінде құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу бойынша – 951, саламатты өмір салты бойынша – 617, діни экстремизм мен сепаратизмнің алдын алу бойынша – 82, түрлі профилактикалық тақырыптарда 45 дөңгелек үстел және 29 акция өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында барлығы 287 кездесулер мен пікірлер ұйымдастырылды, – дейді бөлімше бастығы.

Алайда, осы атқарылған кең көлемді іс-шараларға қарамастан, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзушылық жасаған 1 771 кәмелетке толмаған жеткіншек жеткізілген. Олардың ішінде спирттік ішімдіктерді пайдаланғаны, ұсақ бұзақылық жасаған және түнгі уақытта қараусыз жүргендер бар. Нәтижесінде Өмірлік қиын жағдайда қалған балаларды қолдау орталығына 122 жасөспірім орналастырылған. Осылайша қазіргі таңда полиция басқармасында профилактикалық есепте 179 жасөспірім тұр екен. Сондай-ақ, бірнеше рет құқық бұзушылық жасағаны үшін девиантты мінез-құлқы бар балалар мен жасөспірімдерге арналған арнайы мектепке алты жасөспірім орналастырылып, 31 ата-ана мен қамқоршы ата-ана құқықтарынан айырылған. Ал, осы жылдың бес айында кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар өткен 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 23 деректен 25 дерекке немесе 8,7 пайызға артқан. Десе де, ауыр қылмыстар саны 13 деректен 7 дерекке дейін төмендеген.

Жасыратыны жоқ, жасөспірімдер арасында дертке айналып отырған жайттың бірі – суицид. Аталған уақыт ішінде өз-өзіне қол жұмсау мәселесі бойынша 2024 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, суицидтің сегіз дерегі тіркелді. Өкінішке қарай, суицид жасау фактісі өткен жылға қарағанда бес дерекке артып отыр. Өз-өзіне қол жұмсауға алты қыз бала, екі ұл бала ұмтылған. Олардың үшеуі мектеп оқушылары болса, төртеуі колледж студенттері. Ал біреуі еш жерде оқымайтыны анықталған. Толық отбасыдан шыққаны – алтау, толық емес отбасыдан шыққаны – екеу. Есепті кезеңде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар санынан жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс санаты 28,6 пайызға немесе 11-ден 6-ға төмендеген. Тәртіп сақшыларының айтуынша, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстардың алдын алу қиын, өйткені әрбір екінші қылмысты үй-жайда жақын адамдар, бірге тұратын өгей әкелері, көршілері және жақындары жасайды.

Тіркелген деректерді талдау кезінде аталған жағдайларға ең әуелі жұмыссыз халықтың санының өсуі, интернет желілердің қолжетімділігі, ата-аналар тарапынан өз балаларының қауіпсіздігі мәселесіне аз көңіл бөлуі, олардың байланыстары мен бос уақытын бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болып отырғаны анықталған. Жыныстық сипаттағы қылмыстардың ең белең алып тұрғаны – 16 жасқа толмағандармен жыныстық қатынасқа түсу. Тараз қаласы аумағында осы жылдың бес айында мұндай жайттың үш дерегі тіркелген, олардың барлығы өзара келісім бойынша болған. Бұл ретте сотқа дейінгі іс жүргізу іс жүзінде қозғалғанына қарамастан, мұндай істердің субъектілері қалыптасқан дәстүрлерге байланысты, сондай-ақ қалыптасқан жергілікті менталитеттен туындаған туыстарының, таныстарының және басқалардың алдында әулеттеріне сын келтірмеу үшін азаматтық некеге отырады.

– Барлық жыныстық қылмыстар бойынша өткен жәбірленушілердің отбасылары туралы мәліметтерді талдау көрсеткендей, жәбірленушілердің 87,5 пайызы толық емес отбасыларда тұратыны анықталып отыр. Бұл ретте осы отбасыларға зерделеу барысында заңды өкілдер тарапынан алкогольдік ішімдіктерді теріс пайдалануды немесе қоғамға жат әрекеттермен екі ата-ана «бұрын сотты болған», екі ата-ана «қорғау нұсқамасы шығарылған» санаттары бойынша есепте тұрған. Қылмыстар бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізу барысында жасөспірімдермен және оларға қарсы қылмыс жасаудың бірнеше себептерінің бірі үйден кету деректері болып отыр. Қала аумағында қаралып отырған кезеңде 91 жасөспірімге қатысты 83 үйден кету хабарламасы тіркелген. Оның 45-і қыз бала болса, 46-сы ұл бала. Оның ішінде мектеп оқушысы – 63, колледж студенті – 24, еш жерде оқымайтыны – 4 жасөспірім, – деген Айбек Асабаев қала аумағында ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге, жасөспірімдердің алкогольдік ішімдіктерді пайдалануға, олардың бұзақылық және басқа да құқыққа қайшы әрекеттер жасауына, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың ойын-сауық орындарында және түнгі уақытта үйінен тыс жерде болуын реттеуге бағытталған заңнама нормалары кеңінен қолданылатынын баса айтты.

 

Есен ӨТЕУЛІ

Ұқсас жаңалықтар