Айта кетсек, аймақта шегірткелердің көп таралуы 2017–2018 жылдары байқалған болатын. Зиянкестердің зардабынан шаруалар шығынға батып, ел егінсіз қалған еді. Шегірткелерді зерделеумен айналысып жүрген мамандар осы құбылыс алдағы уақытта тағы да қайталануы мүмкін деген болжам айтуда. Зиянкестерді 35 жылдан аса зерделеумен айналысып келе жатқан фитосанитар Әсемғали Қабдұшев 2026 жылы марокколық шегіртке, 2028 жылы итальян прусының таралу шегі болатынын ескертті.
– Биыл үйірлі үш түрлі шегіртке 131 гектарға тұқым тастаған. Шегірткенің даму кезеңінде өте көп таралуы байқалып отыр. Таралу деген 1-2 дана қалса да ол келесі жылы 1 шегіртке 3 купшик салатын болса, 1 шаршы метрден 90 шегіртке шығады деп болжамдай аламыз. Сол себептен, ол шегірткенің көбеюі қазір байқалып келе жатыр. Соған қарамастан бұл шарықтау шегі емес. Шегірткенің ең шарықтауы әлі алда. Сондықтан, осы бастан дайын болуымыз қажет, – дейді фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Байзақ аудандық филиалының басшысы Әсемғали Қабдұшев.
Аймақта үйірлі шегірткенің итальяндық прус деген түрі кеңінен таралған. Мәселен, бір ғана Байзақ ауданының өзінде 17 мың гектардан аса алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін болса, соның 16 мың гектарына шегірткенің осы түрі таралып кеткен.
– Бүгінгі күнге жерүсті бүріккіш техникалармен италияндық прус шегірткелеріне қарсы 4253 гектарға химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар әлі жалғасуда. Қазіргі таңда Т.Рысқұлов, Меркі, Шу аудандарында жауын шашынның көп болуына байланысты жұмыс бәсеңдеп тұр. Жауын шашын немесе жел болғанда химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмейді. Аумақтық инспекция мамандары шегірткенің таралуын 100 пайызға жоя алмаса да, шектік таралуының барынша алдын алып жатыр. Зиянкестерге қарсы 10 тонна дәрілік химикат алынған. Олардың өсімдіктерге еш зияны жоқ,– дейді Ауыл шаруашылығы Министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі Мемлекеттік инспекция комитеті аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Сәбит Жүсіпов.
Ал, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, биыл саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жергілікті бюджеттен 55,6 миллион теңге бөлініп, 9 585 гектар алқапқа өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Есептік кезеңде, саяқ шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, бес ауданда жеңімпазы анықталыпты. Оның ішінде Меркі, Мойынқұм, Байзақ және Т.Рысқұлов аудандарында ағымдағы жылдың 21 мамырынан басталып, 5 050 гектар алқапта өңдеу жұмыстары атқарылуда. Қалған бес аудан, атап айтқанда Жамбыл, Жуалы, Кордай, Талас, Шу аудандары бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстары жарияланып, әлі жеңімпазы анықталмаған.
Биыл облыс бойынша ерекше қауіптілер қатарына енетін үйірлі шегірткелерге өткен жылы жазғы шағылысу кезіндегі жасалған «РФДжБӘО» мамандарының анықтау жұмыстарының методикалық есептеулері нәтижесінде 131 185 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуіне болжам жасалған. Оның ішінде марокко шегірткесіне қарсы – 9755 гектар, итальяндық прусқа – 96 020 гектар, азияттық шегірткеге – 25 410 гектар.
2024 жылы үйірлі шегірткелерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларын жүргізу үшін 36 бірлік арнайы бүріккіш техникалар жұмылдырылады деп жоспарланған, оның ішінде 3 ұшақ, 33 бірлік жерүсті бүріккіштері бар.
Жергілікті қаражат есебінен саяқ шегірткелерге қарсы – 9,585 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі болжанған. Наурыз айының 20-шы жұлдызынан сәуір айының 2-ші жұлдызы аралығында барлық аудандарда саяқ шегіртке дернәсілдерінің (қанатсыз, атбасар, айқышты) туылуы тіркеліпті. Бүгінгі күнге 12 774 гектар алқап қаралып, 5831 гектарда экономикалық зияндылық шегі анықталған. Өңдеу жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айынан басталды.
Сонымен қатар, облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін жылда мониторинг тексеру жұмыстары 5 907 940 гектар көлемінде жүргізіледі екен. Оның ішінде, ерекше қауіпті зиянды организмдерге – 2 720 000 гектар, зиянды организмдерге – 651 940 гектар, жүйелі бақылау жұмыстарына 2 200,0 гектар алқап кіреді.
Бұл жерде ерекше мән беретін тағы бір жайт бар. Соңғы уақытта аймақтағы зиянкестердің көпшілігі өздеріне қарсы қолданылатын химиялық өңдеуге бейімделіп келе жатқаны да мамандарды алаңдатуда. Яғни, кейбір зиянкестерге залалсыздандыруға арналған заттар әсер етпейтін көрінеді. Ал, оларды жаппай жою үшін биологтар мәселеге ғылыми тұрғыда қарап, жаңаша тәсілдерді қолданудың тиімділігі мол екенін айтуда.
– Қазақстанның əртүрлі аймақтарында тікқанаттылардың 270 түрі тіршілік етеді. Ауыл шаруашылығында пайдаланатын жерлерге, жыл сайын үйірлі шегірткелердің 15-20 түрі қауіп төндіреді. Солардың ішінде таралу дәрежесі мен зиян келтіру деңгейі бойынша аса қауіпті түрлері: азиялық шегіртке, марокко шегірткесі, италиялық прус. Шегірткелерге қарсы күресу үшін химиялық, агротехникалық, биологиялық шаралар қолданылады. Қазіргі кезде шегіртке зиянкестерінің санын бақылаудың негізгі әдісі химиялық заттарды пайдалану. Оны қолдануда әртүрлі химиялық заттар – пестицидтер негізінен зиянкестер үшін уды пайдаланады. Оған қоса тікқанаттылармен биологиялық күресте қызғылт торғайларды, кесірткелер, жыландар, бүйілер, паразитті және жыртқыш жәндіктер қолданылады. Бұл тұрғыда түрлі бактериялы және саңырауқұлақты аурулардың әсері орасан зор. Энтомопатогенді саңырауқұлақ «Metarhizium anisopliae acridum» спораларымен таралып, кутикула арқылы насекомдардың ішкі денесіне еніп, иесі есебінен дамиды. Саңырауқұлақпен зақымданған шегірткенің қоректену қабілеті төмендейді, қимыл-қозғалысы бәсеңдеп, құстар мен кеміргіштердің оңай жемтігі болады. Олар әдетте 1-2 апта ішінде өледі. Микопестицидті сынақтан өткізген кезде ара мен балыққа зиянын тигізбеген, шамадан тыс қолданған кезде ол қоршаған ортамен адамға ешқандай зиянын тигізбейді. Сондықтан, мәселені түбегейлі шешуде барынша жан-жақты тәсілдерді қолданған ұтымды, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің биология кафедрасының аға оқытушысы, биология магистрі Гаухар Шолпанқұлова.
Бұл біз айтып отырған шегірткелерге қатысты шаралардың бір парасы ғана. Ал, аймақта басқа да аса қауіпті зиянды организмдер таралған. Олар колорадо қоңызы, астық дақыларының сапасын төмендететін зиянды бақашық қандаласы, қызылшаның қауіпті зиянкесі, өрмекші, кене, сарышұнақтар, тышқан тектес кеміргіштер және астық дақылдарының аурулары септориоз бен тат аурулары. Аталған зиянкестерге экономикалық зияндылық шегінен асқан жағдайда өңдеу шаралары жеке және заңды тұлғалардың өз қаражат есебінен жүргізіліп, мемлекет тарапынан өңдеу жұмыстарына жұмсалған пестицид құнының 50 пайызы субсидияланады екен.
Аталған басқа да аса қауіпті организмдерге, атап айтқанда зиянды бақашыққа қарсы – 3700 гектар, септориозға қарсы – 4600 гектар, колорадо қоңызына – 0,030 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарының жүргізілуі жоспарланып отыр.
Бастысы – бұл шаралар дер кезінде, өз уақытында әрі сапалы іске асса игі. Зиянкестермен күрестің әр уақыты санаулы болғандықтан, әрбір шегірткемен күрес маңызды. Олай болмағанда былтыр құрғақшылықтан, биыл қарғын судан зардап шеккен егіс алқаптарындағы алтын астық тағы да шегірткеге жем болуы ғажап емес.
Нұржан ҚАДІРӘЛІ
Ұқсас жаңалықтар
Балалар қауіпсіздігі – басты назарда!
- 2 желтоқсан, 2024
Барлық мәселе тұрақты бақылауда
- 2 желтоқсан, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді