«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Сынағын қармап бізге жүр ме бес күн?!»

«Сынағын қармап бізге жүр ме бес күн?!»
Ашық дереккөз
Жыр алыбы – Жамбылдың «қызыл жолбарысы» жортқан киелі Әулиеатада кіндік қаны тамып, өмір нұры өлеңмен өрнектеліп өсіп келе жатқан өрімтал ұрпақ аз емес. Солардың бірі – Жамбыл ауданы, Құмшағал ауылында туған Асылхан Бүрлібай. Жас ақынның сезім сергелдеңдері, лирикалық лебі, тегеурінді теңеулері, перзенттік рухы поэзия тілінде жүрек түкпірінен жаңғырып тұрғандай.

ҚАРТ ЖАМБЫЛ

Жүректе жалын өлең, маздаған ән,
Жамбылым, сені жырлар аз ба балаң?!
Әзірейіл алғанша жанды зәру,
Тарих томы ұлағат әз-бабадан.

Көрген тар жол тайғақ пен күйік ғұмыр,
Айналаңа өр ұлдар ұйыпты кіл!
Құлаштап бір төсіңде тіккен екен,
Керей мен Жәнібек те биік туын.

Таусылмайтын том тарих, ғұмыр дастан,
Көтеретін көз майдан, үніңді асқақ.
Даңғыл жолда дамудан дараландың,
Бейнелейді шерді күн, мұңыңды аспан.

Естіп дүние дүбірін қақпаларын,
Сен деп алаш бағалар бақ табарын.
Төгілсе де қанша қан, аса алмады,
Хас батырдың қарызы хақтан әлі.

Санасыздан төгілер сіркіреп сын,
Сұм зілзала өткенмен сұрқы кетсін!
Думан бүгін, той бүгін, қуанышын
Атажұртын төріңде дүркіретсін.

Байлығың бар, бағың бар, беделің бар,
Берерің бар, келерден керегіңді ал.
Ғасырларға өшпестей қалдырыпты,
Тастарыңа таңбасын көне діндар.

Таусылмасын төсіңде татар дәмім,
Арып-ашып шапқанда ат арманым.
Күмбірлеген думанда күймен бірге,
Өлеңім де қозады, қатар қаным.

Келешектен көрінбей заман ақыр,
Тежемесін тура ойдан сананы ақыл.
Сексен бес жыл, Жамбылым, былай тұрсын,
Сексен ғасыр жасайсың, қарада тұр.

СЕНІ СҮЮ ҚАНДАЙ ҒАЖАП

Аңсадым құшағыңды құшырлана,
Өңіме бермесе де түсім баға.
Жанымды мазалаған мына өмірге
Келдім бе сені сүю үшін ғана?!

Айыққан дерттен жүрек сұрамас ем.
Тұра бер, ай жанында, құлама сен!
Білгенде сені сүйіп қаларымды,
Бәлкім, мен туылғанда жыламас ем…

Таба алған сезімдегі мекенді кім?
Бір күні сен кетерсің, кетем күнім.
Әлде, мен білдім бе екен, сол сәттен-ақ?
Сүюдің оңай емес екендігін.

Жыладым, бәлкім, содан, жыладың ба?!
Жұбатқан ана даусы құлағымда.
Құдайдан туыла сап сені сұрап
Үлгердім. Ал сен, жаным, сұрадың ба?!

Қызарар ұялғаннан күн де кешкі.
Сынағын қармап бізге жүр ме бес күн?!
Өмірге жылап келген сол баланың
Сен деп күліп жүрерін білмеді ешкім…

Қалғанда саябырсып кенет ғалам,
Жалғанға жан саясын теңеп пе адам?
Сүюге себеп бола алмасам да,
Күлуге бола білдің себеп маған!

Жыласа жүрек наздан қалмайды азап.
Жазылар сауап-күнә маңдайға жат.
Құдай-ау, сені сүю неткен қиын?!
Құдай-ай, сені сүю қандай ғажап!!!

BONJOUR, MADEMOISELLE!

Bonjour!
Mademoiselle!
Қалыңыз қалай?!
Ғажап күн бүгін бағымызға орай.
Көктемнің жаймашуақты күні

Тұрғандай беріп жанымызға арай…
Pardon, mademoiselle, жүрек кірлесе!
Ойымды сонша жүдеттім кеше…
Есіме бірден түсетін бопсыз,

Ақ шапақ атып түнекті үрлесе.
Маздатып жанды арман қыз лебі…
Көмейді өртейді жалған күз демі.
Je T’aime десем мен сенер ме екенсіз?!

Сүйер ме екенсіз, қарғам, сіз мені?!
Merci, mon amour, ғажайып күнге!
Кеткендей мұң да азайып мүлде.
Бұл өмір кітап беттері болса,

Бір бетін онда жазайық бірге,
Арылып ойдың күзгі шағынан,
Ертең де күтті бізді сағына.

Salut!
Mademoiselle!
Кездескенімше
Жаныммен күтіп, сізді сағынам…

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар